Банк развития Казахстана
  • kz

Теңге қарыз алушылардың трендінде

Қызғылықты, сапалы пысықталған жобасы бар жақсы бизнес-клиент – бұл бүгінде қазақстандық банктер күндіз қолына шам алып іздейтін клиент. Осы кезекте бірінші болып Қазақстанның мемлекеттік даму банкі (ҚДБ, «Бәйтерек» холдингінің «еншілесі») тұр. Бұл ретте ҚДБ шикізаттық емес ірі индустриялық жобаларды ғана қаржыландыра отырып, коммерциялық банктермен бәсекелесуден қашқақтайды. Ұзақ мерзімді теңге қарыздары – бұл қазір ірі бизнес қажет ететін қарыздар. Осы сұқбатта бизнеске ҚДБ-ның нақ нені ұсына алатыны туралы Банк басқармасы төрағасының орынбасары Думан Әубәкіров әңгімелеп берді.

Бүгінде кредит нарығы немен күн көріп отыр? Қарыз алушылардың қажеттіліктері қаншалықты өзгерді? Олар не істегісі келеді?

- Қазақстандық кредит нарығының негізгі тренді айтарлықтай өсіп отырған теңгемен қаржыландыруға деген қажеттілік болып табылады. Мысал үшін мынаны айтайын, ағымдағы жылдың басынан бері ҚДБ-ға 30 кредиттік өтінім келіп түсті, оның 26-ы теңгемен 395 млрд теңге сомасында, 4 өтінім – АҚШ долларымен $585 млн сомасында болды. Яғни ұлттық валютадағы өтінімдердің көлемі АҚШ долларымен сұратылатын қаржыландырудан екі еседен астам артық.

Сіз қалай ойлайсыз, банк өзіне жүктелген миссияны орындай ала ма?

- Банк өзіне жүктелген миссияны орындайды – ол өңдеу өнеркәсібі мен өндірістік инфрақұрылымдағы ірі жобаларды ұзақ мерзімді қаржыландыру жолымен Қазақстанның экономикасын әртараптандыруға жәрдемдеседі. Бұл туралы кредит қызметінің статистикасы айтады. ҚДБ кредиттік қоржынының мөлшері 2017 жылдың қорытындылары бойынша 2013 жылғы 815 млрд теңгеден 1 трлн 561 млрд теңгеге дейін, яғни екі есеге жуық өсті. 2016 және 2017 жылдары жобаларды қаржыландыру көлемі тиісінше 425,9 млрд теңгені және 422,1 млрд теңгені құрады. 2017 жылдың қорытындылары бойынша ҚДБ жалпы сомасы 526 млрд теңге болатын 14 жаңа жобаны қаржыландыру туралы шешім қабылдады. Мақұлданған өтінімдердің салалық құрылымының 86,1% өңдеу өнеркәсібінің жобаларымен ұсынылған.

ҚДБ-ның өзіне жүктелген міндеттерді орындайтыны туралы мемлекеттің тарапынан 2014 жылдан бастап капиталдандыру түрінде берілген – 110 млрд теңге мөлшеріндегі қолдау да дәлелдейді.

Банктің қатысуымен қаржыландырылған қандай ірі жобалар таяу уақытта пайдалануға енгізілетін болады?

-Жыл бойында біз бірнеше ірі жобалардың аяқталуын күтіп отырмыз. Олардың қатарында ең алдымен қуаттарды кеңейту жобасын, Екібастұздағы темір жол дөңгелектерін өндіру жөніндегі Қазақстандағы алғашқы зауытты атап өткім келеді. Роботтандырудың жоғары дәрежесімен ерекшеленетін жоғары технологиялы жаңа өндіріс кәсіпорынға жылына 200 000 дейін дөңгелектер шығаруға мүмкіндік береді.

Шымкент қаласындағы кернеуі 110 кВ және 220 кВ күштік трансформаторлар жасау зауыты да – елдегі алғашқы жоғары қуатты трансформаторлар өндірісі. Кәсіпорын 2022 жылға дейін жылына 100 бірліктен астам трансформаторлар жобалық қуатына қол жеткізу ниетінде. Болашақ зауыт қуаты 110 кВ трансформаторларға деген қазақстандық нарық қажеттіліктерін 70% және қуаты 220 кВ - 50% жаба алады, бұл өз кезегінде Қазақстанға шетелдік өнімнің импортын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.

2019 жылы Қарағандыда қуаты жылына 96 000 тонна ферросилиций өндіру жөніндегі зауыттың бірінші кезегін іске қосу күтілуде. Бұл ретте бір мезгілде зауыттың екінші кезегін де іске қосу болжанады, ол қуатты жылына 144 000 тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жаңа кәсіпорын Қазақстанның ферросилицийді әлемдік аса ірі өндірушілер қатарына кіруіне мүмкіндік береді. Осы жобадағы қазақстандық қамту үлесі 90% астамды құрайды.

«Жасыл экономика» саласында ШҚО Зырян ауданындағы Тұрғысын өзенінде шағын ГЭС каскадынан алғашқы су электр станциясының (ГЭС) құрылысын аяқтау жоспарлануда, бұл осы ауданның электр энергиясына деген мұқтаждығын 23% қамтамасыз етуге, көмір қышқыл газының шығарындыларын жылына 680 тоннаға азайтуға мүмкіндік береді. Тұрғысын ГЭС-1 бір жылда 79,8 млн. киловатт-сағатқа дейін электр энергиясын өндіре алады. Ақмола облысындағы болашақтағы жел электр станциясы (50 МВт) парниктік газдардың шығарындыларын жылына 230 000 тоннаға азайтуға мүмкіндік береді, бұл 113 000 астам автомобильдің бір жылдағы шығарындылары көлемінен асып түседі.

Қыркүйекте Ақмола облысында жалпы өнімділігі тірі салмақта 60 000 тонна бройлер болатын Макинск құс фабрикасын іске қосу күтілуде. Өндіріс көлемі бойынша фабрика Орталық Азиядағы ең ірі фабрикаға айналады. Фабрикада құсты сою мен өңдеудің автоматтандырылғанын – біздер, банкирлер де өз көзімізбен көргіміз, сондай-ақ кәсіпорынға алда тұрған баспасөз-туры барысында журналистерді таныстырғымыз келеді.

ҚДБ-ны клиентке бағдарланған банк деп атауға бола ма? Өз кезінде банк күрделі рәсімдері үшін сыналған еді. Осы тұрғыда не өзгерді?

- Бүгінгі таңда ҚДБ-ны клиентке бағдарланған банк деп атауға болады. Халықаралық консультанттар консорциумын тартқаннан кейін, біз кредиттік рәсімдерді айтарлықтай оңтайландырдық, оларды, ең алдымен, біздің қарыз алушылар үшін қолайлы еттік:

  • жобаның қаншалықты пысықталғанын ең қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік беретін алдын ала сауалнама жүргізу енгізілді, бұл өз кезегінде өтініш берушінің уақытын үнемдейді;
  • енді кредиттік талдау мен банктік сараптамаға пысықталуының жоғары деңгейі бар жобалар ғана келіп түседі;
  • бизнес-процестерді құрудың әлемдік озық практикаларына сәйкес фронт-, мидл- және бэк-офис функционалының аражігін дәл ажырату жолымен жаңа ұйымдастыру құрылымы енгізілді;
  • алқалы органдардың қатысуы азайды және банк қызметкерлерінің дербес жауапкершілігі арттырылды.

Аталған барлық қадамдар кредиттік өтінімдерді қараудың орташа мерзімін 130-дан 75 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

ҚДБ Жаңа индустрияландыру бағдарламасы операторларының бірі болып табылады. Банк екінші бесжылдық шеңберінде не істеді? Бөлінген бюджет қаражаты қажетті болып шықты ма немесе бағдарламаны іске асыру жағдайларында әлденені өзгерту қажет пе? Бөлінген бюджет ақшасына банк нарық шарттарында қанша қаражат тартып үлгірді? Осы жерде қиындықтар жоқ па?

- Қазіргі кезде ҚДБ-ның бағдарламаны іске асыруға қатысуы өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялық жобаларды теңгемен ұзақ мерзімді қаржыландырудан, оның ішінде банктің лизингтік қаржыландыру ұсынатын еншілес құрылымы – «ҚДБ-Лизинг» АҚ арқылы қаржыландырудан тұрады.

2014-2017 жылдары банк Ұлттық қордың және республикалық бюджеттің қаражатын бірнеше траншпен тартты. Бүгінгі таңда банк индустрияландыру жобаларына бағыттайтын қаражаттың жалпы көлемі 535 млрд теңгені: 230 млрд теңге нарықтан тартылатын 305 млрд теңге қаражатымен микширленген мемлекеттік қаражатты құрайды.

Бағдарлама шеңберіндегі кредиттер жылдық 11% дейінгі мөлшерлеме бойынша теңгемен 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Осы уақытта банк 369 млрд теңге сомасындағы 18 жобаны қаржыландыру туралы шешім қабылдады, оның 285,6 млрд теңгесі игерілді. Бүгінде индустрияландыру жобаларын қаржыландыруға арналған бос қаражат сомасы 285,6 млрд теңгені құрайды. Біз әлеуетті жобаларды іздестіру жөніндегі белсенді жұмысты жалғастырудамыз. Осыған байланысты бизнес өкілдерін Жаңа индустрияландыру бағдарламасы бойынша қаржыландыру үшін ҚДБ-ға өтініш жасауға шақырғым келеді. ҚДБ-ның 5 жылдан 20 жылға дейінгі мерзіммен ірі жобаларды қаржыландыруды ұсынуы мүмкін екендігін еске саламын. Қарыздың ең аз сомасы 7 млрд теңгені құрайды, тамақ саласы үшін «шек» 3 млрд теңгені құрайды

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79