Банк развития Казахстана
  • kz

Вадим Ким: Қазақстанның Даму банкінде "Шкафтағы қаңқалар" жоқ

"Тәуекелдер қайда қарайды?", "Банктің "шкафында қаңқалар" жоқ па?" - "Курсив" осы және басқа да сұрақтарды ҚДБ басқармасы төрағасының орынбасары Вадим Кимге қойды.

Өз кезінде "Қазақстанның Даму Банкі" (ҚДБ) проблемалық қарыздар балластын жинақтады, несие қоржыны көлеміндегі олардың үлесі 40% құрады (2012 жылдың соңында). 2014 жылы ҚДБ жұмыс істемейтін қарыздар бойынша талаптар құқығын өзінің "Бәйтерек" холдингі бойынша "қарындасы" - "Қазақстанның инвестициялық қорына" (ҚИҚ) беріп, осы балласттан құтылды. Бүгінгі күнге дейін банк қоржынның еселеп өсуі жағдайында берілген кредиттердің сапасын ұстап тұруға  қол жеткізді. Осы істегі маңызды рөл тәуекел-менеджмент жүйесіне бөлінеді.

"Тәуекелдер қайда қарайды?", "Банктің "шкафында қаңқалар" жоқ па?" - "Курсив" осы және басқа да сұрақтарды ҚДБ басқармасы төрағасының орынбасары Вадим Кимге қойды.

- Банктің "тәуекелшілері" "кредитшілермен" қалай өзара іс-қимыл жасасады және тәуекелдерді азайтуға ұмтылу мен жобаларды қаржыландыру бойынша жоспарларды орындау қажеттігі арасындағы теңгерімді қалай табады?

- Сіз өте қызықты мәселені қозғап отырсыз. "Кредитшілер" мен "тәуекелшілердің" арасындағы осы "соғыс" негізінен ұйымда стратегиялық мақсаттарды бірдей түсінудің әрдайым бола бермейтінінен туындайды. ҚДБ-да барлық қызметкерлердің мақсаты бір - біз өз экономикамызды әртараптандыруға бағытталған қызықты және өміршең жобаларды табамыз және оларды қолдауға тырысамыз. Және бұл тұрғыда "тәуекелшілер" стоп-фактор болып табылмайды, керісінше "кредитшілердің" көмекшісі және кеңесшісі болады.

- ҚЕХС-9 стандарттары ҚДБ қызметіне қалай әсер етті? Банктің тәуекелдерді бағалау тәсілдемелеріне енгізілген осы жаңашылдықтарға байланысты  не өзгерді?

- Жаңа стандарт енгізу - бұл тәуекел менеджменті мен ҚЕХС-ті "біріктіру" бойынша алғашқы және ауқымды қадам. Бұған дейін бізде тәуекелдер бойынша есептілікті көрсететін жеке басқарушылық есептілік және ҚЕХС сәйкес - қаржылық есептілік болды. Жаңа стандартты енгізу осы екі құрамдасты біріктіруді талап етті. Соңғы екі жылда біз осы өзара байланысты орнату үшін жұмыс істедік. ҚДБ үшін ҚЕХС-9-дың: танудың өзі, провизиялар есептеу және хеджирлеуді есепке алу сияқты  барлық үш бағыты да маңызды. Біз бизнес-процестерді ішкі бақылауды жетілдіру тұрғысынан қайта қарадық және қаржылық есептіліктегі транзакцияларды дұрыс көрсету үшін қажетті әдіснама әзірледік.

- Банк жобаларды қарау кезінде валюталық тәуекелдерді ескере ме? Нақты қалайша ескереді?

- Валюталық тәуекелдердің екі түрі бар. Бірінші тәуекел - біз клиентке қаржыландыру берген кезде онда валюталық түсім болмайтын классикалық тәуекел. Мұндай жағдайларда біз клиентке ұзақ мерзімді жобаны ұлттық валютада қаржыландыру мүмкіндігін қарау қажеттігіне оны иландыруға тырысамыз. Бәлкім, қысқа мерзімді перспективада бұл сыйақы мөлшерлемесіне байланысты қымбатырақ болуы мүмкін. Соған қарамастан, ұзақ мерзімді перспективада жобаның экономикасы неғұрлым қолайлы болып шығуы мүмкін. Егер қайткенде де клиент бас тартса, және біз валюталық тәуекелдің елеулі екенін түсінсек, кредит беруден бас тартамыз.

Валюталық тәуекелдің екінші түрі - келісімшарттық. Негізінен жобалардың шеңберіндегі жабдық шетелден сатып алынады және оны жасау, беру және монтаждау ұзақ уақытты - көбіне екі жылдан астам уақытты алады. Осы кезеңнің ішінде валюталық бағамның өзгеруі мүмкін. Осының барлығы жобаның өтелімдігіне белгілі бір валюталық тәуекел тудырады. Нәтижесінде клиенттің өз міндеттемелеріне қызмет көрсете алмауы мүмкін жағдай қалыптасады. Мұндай жағдайларда банк мәміленің құрылымын қарайды және клиентке валюталық тәуекелді басқаруға көмек көрсете алады.

- Қазір ҚДБ кредит қоржынының сапасы, жұмыс істемейтін қарыздар үлесі қандай? "Шкафтардағы қаңқалар" жоқ па? Банк одан әрі  2014 жылғы сияқты проблемалық қарыздарды "Бәйтерек" холдингінің құрылымындағы басқа даму институттарына беру практикасын пайдалана ма?

- ҚДБ кредиттік қоржыны бүгінде жақсы. Жалпы кредит қоржынында 90 күннен астам төлем мерзімі өткен жұмыс істемейтін қарыздардың үлесі бірінші тоқсанның соңында 2,41% құрады. "Шкафтардағы қаңқаларға" қатысты, банкте біз "қаңқаларды" сақтайтын ондай "шкафтар" жоқ. Яғни банк менеджменті мүдделі пайдаланушылардан проблемалық активтердің болуымен байланысты нақты картинаны жасырмайды. Осыған байланысты банкаралық кредиттеу шеңберінде ҚДБ-ның "ҚазИнвестБанк" пен "Дельта банк" тарапынан дефолтқа тап болғаны туралы хабардар еткім келеді. Осы екі банк бойынша проблемалық берешектің жалпы сомасы 21,8 млрд теңгені құрайды, бұл кредиттік қоржынның сапасына айтарлықтай әсер етпейді.

Инвестициялық жобаларды қаржыландыруға келетін болсақ, бұл жердегі жұмыс істемейтін қарыздардың үлесі де елеусіз - 2-3%. Алайда банк беретін қарыздардың ұзақ мерзімді екенін (орта есеппен 7-10 жыл), ал қаржыландырылатын жобалар көбінесе орындауда техникалық және технологиялық жағынан күрделі және барлық мүдделі тұлғалардың (мердігерлердің, акционерлердің, компания менеджментінің және т.б.) сапалы қатысуын талап етеді. Осының бәрі банк үшін жоғары тәуекелдер болады.  Сондықтан біз қандай да бір жобаның проблемалыққа айналуына, ақша ағындарының айналымын тоқтауына әрдайым дайын боламыз.

Қазіргі кезде ҚДБ қоржынында ҚИҚ-қа беруге "кандидаттардың" жоқ екенін атап өткім келеді, тьфу-тьфу (үстелді тықылдатты), мұндай практикаға енді оралмаймыз деп үміттенемін.

- Банкаралық кредиттеу туралы сөз бастағаннан кейін, ол ҚДБ үшін қандай тәуекелдер тудырады? Банк елдің қаржы секторындағы ағымдағы жағдайды ескеріп осы бағыттағы тәсілдемелерді өзгерте ме?

- Жобаны қаржыландыру мен банкті қаржыландырудың қандай айырмашылығы бар? Жобаны қарау кезінде біз клиенттің балансында актив құру жөніндегі ақылға қонымды кепілдікті қамтамасыз ететін қаржыландыру құрылымын жасаймыз. Бұл жағдайда, бізде ақпаратқа қол жетімділік бар және біз жобаны "ішінен" көреміз, яғни оның қаншалықты пысықталғанын (ТЭН, ЖСҚ, өнім берушілермен және мердігерлермен жасалған келісімшарттар, қаржылық модель және т.б.) және оның ақша ағындарының сапасы қандай екендігін көреміз.

Біз коммерциялық банктерді қаржыландырған кезде, оларға активтер құру үшін қорландыру береміз. Алайда осы активтердің сапасын көрмейміз, өйткені банктердегі істердің нақты жағдайы туралы ақпаратқа қол жетімділік қаржылық есептілікпен, Ұлттық банк алдындағы мерзімдік есептілікпен, халықаралық рейтингтік агенттіктер ұсынатын ақпаратпен шектелген. Осы жерде мен ЕДБ баланстарын тазарту жөніндегі реттегіш қызметінің елеулі түрде жанданғанын, тәуекелдерді басқару жүйесіне және банктердегі ішкі бақылауға қойылатын талаптардың жасалғанын көретінімізге назар аударғым келеді. Банктік қадағалаудың сапасы айтарлықтай артты.

Мәселенің екінші бөлігіне келетін болсақ, бұл жерде мен тұтастай банк секторының ешқашан бір жерде тұрмайтынын және әрқашан бірде жоғары, бірде төмен қозғалыстың жүріп жататынын атап өткім келеді. Сәтті уақытында ұстап қалуға үлгіру және оған ден қойып, қажетті түзету шараларын қабылдау - осы тәуекелдерді басқару жүйесінің бір бөлігі. Өз кезегінде біз ахуалды тұрақты түрде қадағалап отырамыз және макроэкономикалық деңгейде, Қазақстанда, банк секторында не жүріп жатқанын қараймыз және өзгерістерге байланысты қандай да бір шаралар қабылдаймыз. Біздің әрекеттеріміз стратегия деңгейінде де (мысалы, қандай да бір рейтингі бар екінші деңгейдегі банктерге қатысты біздің тәуекел тәбетіміздің өзгеруі бөлігінде), операциялық деңгейде де (мысалы, банктердің қаржылық жай-күйін талдау тәсілдемелерін жетілдіру бөлігінде) болуы мүмкін.

- ҚДБ тәуекел-менеджментінің барлық талаптарына сәйкес келетін мінсіз қарыз алушы қандай болады? Жалпы осындай қарыз алушылар бар ма?

- Шын мәнінде ондай клиенттер болмайды. Банк үшін кез келген клиент бірінші кезекте қандай да бір бизнес-идеяны көтеруімен бағалы. Біздің мандатымызды негізге алғанда, бұл бизнес-идея ел экономикасын дамыту үшін маңызды болып табылады. Ең бастысы - жобаның өміршеңдігі мен сапалы пысықталғанын клиенттің түсінуі. Банк үшін мұндай жоба қызғылықты болады.

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79