• kz

ҚДБ капитал нарықтарында ақшаны қалай тартады

Бабичев Д

Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ, «Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымы) еліміздің экономикасын дамытуды тікелей қолдайтын аса ірі мемлекеттік даму институты болып қалып отыр. Пандемияға қарамастан, тек 2020 жылдың өзінде ҚДБ өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылымға 500 млрд теңгеден астам инвестициялады, 33 ірі жобаны және экспорт алдындағы операцияларды қаржыландырды. Нәтижесінде банктің несиелік портфелінің көлемі 14%-ға өсіп, 1,97 трлн теңгеге жетті.

Қаржы институты үшін басты басымдық – іске асырылған жобалардың әлеуметтік әсері. Әсері шынымен де зор – ҚДБ қаржыландырған кәсіпорындарда қазақстандық мамандар үшін 30 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Бүкіл әлемде жұмыс орындары қысқарып жатқан қазіргі жағдайда мұндай жұмыс Қазақстан үшін елеулі болып көрінеді.

АҚШАНЫ ҚАЙДАН АЛУҒА БОЛАДЫ?

Қаржыландырудың осындай үлкен көлемін ұстап тұру үшін қорландырудың жақсы базасы қажет екенін түсіну маңызды. ҚДБ-да бірден бірнеше қорландыру көздері бар: бюджет қаражаты (мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру үшін), клиенттің сұратуы бойынша және халықаралық қаржы институттарынан белгілі бір жобаларға байланысты қарыз алу, сондай-ақ капитал нарықтары.

Соңғысы Қазақстанның Даму Банкі үшін басым бағыттардың бірі болып табылады. Шын мәнінде, қазір ҚДБ – теңгелік еурооблигациялармен төрт рет сәтті шыққан жалғыз қазақстандық эмитент. 100 млрд теңге сомасындағы дебюттік шығарылымды біз 2017 жылдың желтоқсанында орналастырдық және бұл жаңалық басқа қазақстандық эмитенттерге халықаралық инвесторлардың теңгелік қарыз құралдарына өсіп келе жатқан қызығушылығын көрсетіп, бенчмаркқа айналды.

Бұдан кейін банк 2018 жылдың сәуірінде 100 млрд теңге көлемінде, ал 2020 жылдың ақпанында 62,5 млрд теңгеге және 2021 жылғы мамырда қайтадан 100 млрд теңгеге облигацияларды орналастырды. Сонымен қатар, биылғы жылы біз $500 млн көлемінде долларлық облигацияларды орналастырдық, осылайша, 2017 жылдан бастап ҚДБ 362,5 млрд теңгеге және $500 млн теңгеге теңгелік еурооблигацияларды шығарды.

2020 жылдың ақпанындағы орналастыруды ерекше атап өткім келеді: сол кезде біз пандемия өршігенге және одан кейінгі капитал нарықтарындағы құлдырау кезеңіне дейін облигациялармен шығып үлгердік. Әдетте қаржылық есептілікті және аңдатпалар мен басқа процедураларды дайындауға арналған жалпы жұмыстарға байланысты орналастыру көктемде жүзеге асырылады,сондықтан әдетте бәрі сәуірде болады. Бірақ ҚДБ жүргізген үйлесімді ішкі жұмыс бәрін қысқа мерзімде жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

НЕГЕ ОБЛИГАЦИЯЛАРДЫ ТАҢДАДЫҚ?

Жалпы алғанда, ҚДБ-ның облигациялар шығаруға назары бұл банкке орналастырылатын облигациялардың негізгі параметрлерін өзі анықтауға, мысалы, инвесторлардан жоғары сұраныс болған кезде баға бағдарларын төмендетуге мүмкіндік беретіндігімен байланысты.

Сондай-ақ облигацияларды шығару қаражаттың үлкен көлемін тартуға және қарыз алу портфелін әртараптандыруға мүмкіндік береді. Мысалы, еурооблигациялардың теңгелік шығарылымы бойынша ұсынылған көлемнің басым бөлігін АҚШ (50%) және Ұлыбритания (32%) инвесторлары, ал қалған бөлігін – Еуропа (17%) және Қазақстан (1%) елдерінің өкілдері сатып алды.

Осы тәжірибеге көз жүгірте отырып, біз ҚДБ облигацияларына жоғары сұранысты көріп отырмыз. Бұл, ең алдымен, банктің жақсы беделіне, шетелдік инвесторлардың алдын ала сенім көрсетуіне және жоғары кредит рейтингілеріне (BBB-/S&P-те тұрақты, BBB/Fitch-те тұрақты және Baa2/Moody's – Қазақстан Республикасы рейтингтерінің деңгейінде тұрақты) байланысты. Қазір ҚДБ рейтингілері біздің елдің квазитәуелсіз және банк секторлары компанияларының арасында ең жоғары рейтингілердің бірі болып табылады.

Бабичев Д

Соңғы мысал: облигацияларды соңғы орналастыру аясында біз өтінімдер кітабын қалыптастыру процесінде нарықтық сұраныстың ұсыныстан асып кетуін байқадық, ол 1,9 миллиард доллардан асты. Инвесторлар тарапынан теңгемен деноминацияланған еурооблигацияларды ұсыну көлеміне түпкілікті сұраныс 151%-ды құрады, ал долларлық облигацияларға сұраныс ұсыныстан екі есе асып түсті.

Мұндай жоғары сұраныс бізге салыстырмалы түрде төмен пайызбен ақша тартуға мүмкіндік береді. Мысалы, еурооблигациялардың төртінші шығарылымы бойынша айналым мерзімі бес жылды, ал купондық мөлшерлеме – жылдық 10,95% құрады.

$500 млн облигацияларға келетін болсақ, олардың айналым мерзімі 10 жылды, ал купондық мөлшерлеме – жылдық 2,95% құрады. Біз ТМД эмитенттерінде өтеу мерзімі 10 жылдан асатын қағаздар бойынша болған АҚШ доллары бойынша кірістіліктің ең төменгі мөлшерлемесіне қол жеткіздік.

АҚШАНЫ ДҰРЫС ЖҰМСАУ

Тиімді шарттарда қаражат тарту мүмкіндігі – бұл, әрине, жақсы, бірақ оларды дұрыс бағыттау да маңызды. ҚДБ бұл міндетті орындап жатқанын нық сеніммен айтуға болады: 2020 жылдың соңына қарай банк портфеліндегі NPL 90+ қарыздары (яғни төлемдер бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздар, «жұмыс істемейтін» қарыздар) бар болғаны 1,5%-ды құрады. Салыстырсақ, екінші деңгейдегі банктерде бұл көрсеткіш 7,88% деңгейінде болды.

Біз тартылған барлық қаражатты ұлттық экономиканың дамуын қолдайтын республика үшін маңызды индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларға кредит беруге бағыттаймыз.

Міне, бұл облигацияларды орналастырудан алынған ақшаға қаржыландыруға болатын жобалардың бірнеше мысалдары. Олардың ішінде құны 37 млрд теңге болатын YDD Corporation ферросилиций өндіру зауыты (ҚДБ үлесі – 66%), 32 млрд теңгелік Hyundai маркалы автомобильдер өндіру зауыты (ҚДБ үлесі – 53%), Атырау мұнай өңдеу зауытында құны 1,13 млрд АҚШ доллары болатын хош иісті көмірсутектер өндіру кешені (ҚДБ үлесі – 94,1%), құны 54,1 млрд теңге болатын темір жол дөңгелектерін өндіру кешенін құру (ҚДБ үлесі – 67%), құны 49,7 млрд болатын Макинск құс фабрикасын салу (ҚДБ үлесі – 65%).

Бұл жобалардың барлығы Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторы үшін маңызды болып табылады және оларды іске асыру ҚДБ-ның капитал нарықтарында қаржы тарту жөніндегі жұмысының арқасында мүмкін болды. Банк бұл бағытты дамытуды жалғастыруда, бұл біздің еліміздің тұрақты дамуы үшін маңызды жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79