• kz

ҚДБ шетелдік инвесторларға АХҚО-ның қандай артықшылықтарын ұсынады

IMG_4142.PNG 

ҚДБ Басқарушы директоры – Басқарма мүшесі Асқар Әміртаев біздің басылымға кепілдіктер құралы мысалында инвесторлар үшін ағылшын құқығының немен тартымды екендігі және «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) ұсынатын мүмкіндіктерге неліктен көңіл аударуға болатыны туралы әңгімелеп берді.

- Кепілдік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің біршама кең таралған құралы болып табылады. Үшінші тұлғаның кепілдігін алған кредитор заңдық тұрғыдан қаншалықты қорғалған деп есептейсіз?

- Ағымдағы жылы құқықтық тәуекелдерді басқару тәсілдемелерін жетілдіру жөніндегі жұмыс шеңберінде ҚДБ кепілдіктерді жарамсыз деп тану тақырыбына айтарлықтай көңіл бөлді, біз қазақстандық және ресейлік сот практикасын зерделедік, біздің қоржында бар барлық кепілдіктерге жоспардан тыс мониторинг жүргіздік.

Өткен жылдың соңында БАҚ-та жарияланған жеке тұлғадан Ұлттық Банктің пайдасына 24,9 млрд. теңгені өндіріп алу туралы кепілдікті жарамсыз деп тануға қатысты әйгілі сот ісі соған себеп болды. Осы азаматтық істің шеңберінде бірінші инстанция соты Ұлттық Банктің жеке тұлғаға қойған кепілдік бойынша міндеттемелерді орындау туралы талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарды және кепілдіктің бірқатар негіздемелер бойынша жарамсыздығына байланысты кепілгердің қуыным талабын қанағаттандырды.

Кепілгердің қуыным талаптары кепілдік беру кезінде өзін жаңылыстырғаны, қарыздың өтімділігі жоғары бағалы қағаздармен және өзге де тәуекелі аз активтермен қамтамасыз етілуге тиістігіне байланысты кепілдіктің заңнама талаптарына сәйкес еместігі, сондай-ақ кепілгердің жағдайын нашарлатқан кепілгердің келісімінсіз қарызды қайтару мерзімін ұзартылғаны туралы дәлелдерге құрылды.Ағымдағы жылы апелляциялық алқа кепілдікті жарамсыз деп танып, қаржы реттегіштің талаптарын қанағаттандырса да, кепілдіктердің құқықтық осалдығы мәселелерін зерделеу біз үшін кәсіптік қызығушылық туғызды.

Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің тәсілі ретінде кепілдік шарттық қатынастардың әртүрлі салаларында және ең алдымен банктік қаржыландыру саласында пайдаланылады. Айталық, Даму Банкінің кредиттік қоржынында міндеттемелерді орындау кепілдіктері барлық қамтамасыз ету базасының 35% жуығын алады. Кепілдіктің мәні қарапайым және кепілгер кредитордың алдында борышкердің міндеттемені бұзғаны үшін жауаптылықта болады.

Даму Банкі немесе кез келген қаржы ұйымдары өздерінің мүдделерін барынша қорғайтын толық ынтымақты кепілдіктер қабылдау практикасын ұстанатындығына қарамастан, сот практикасы кепілдіктің міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің айтарлықтай осал құралы болып табылатындығын көрсетеді.

Заңнамада мәмілелерді жарамсыз деп танудың кепілдіктерге де қолданылатын әртүрлі негіздемелері, сондай-ақ кепілдіктерді тоқтату туралы жекелеген нормалар көзделген. Солардың арасында заңнаманың талаптарына сәйкессіздігіне байланысты кепілдікті жарамсыз деп тану, рұқсат ету үшін қажет болатын тиісті корпоративтік мақұлдаудың болмауы және т.б. бар.

Осындай барлық құқықтық тәуекелдер үшін кепілдіктің нысаны мен мазмұнын тексеру, барлық қажетті келісімдерді талап ету, кепілдікті басқару органдарының құрылымын талдау сияқты заң қызметтері қолданатын митигация тәсілдері бар.

Сот практикасын зерделеу кезінде біз кепілгер жауапкершілігінің ұлғаюымен және оның жағдайының нашарлауымен байланысты негіз бойынша кепілдіктің жарамсыздығы туралы дауларға қатысты көптеген қызықты кейстерді көреміз. Осы немесе өзге де жағдайда, кепілгердің жағдайы бір қарағанда кепілгермен келісуді талап етпейтін мән-жайлардың өзгерісі кезінде де нашарлауы мүмкін.

2015 жылы заңды тұлғаның (кепілгер) екінші деңгейдегі банктердің (ЕДБ) біріне және басқа заңды тұлғаға (қарыз алушы) кепілдіктерді жарамсыз деп тану туралы қарсы талабы бойынша отандық соттар қараған азаматтық іс соның көрнекі мысалы болып табылады, соның шеңберінде кепілгер кепілдікпен қамтамасыз етілетін міндеттемелердің шарттарына қарыз алушы мен банктің төмендегідей өзгеріс жасауына кепілгердің келісімінің болмауына байланысты кепілдікті жарамсыз деп тану туралы қуыну талабын мәлімдеді:

- қамтамасыз етудің кепілдік құны азайтылды және соның салдарынан бастапқы шарттармен салыстырғанда кепілгердің тәуекелдері ұлғайды;

- ай сайынғы төлем сомасының ұлғаюына және сыйақының жалпы сомасының өсуіне әкеп соқтырған негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша кейінге қалдыру құқығы берілді;

- төлемдердің кезеңділігі өзгерді.

Бұл өзгерістер кепілгердің жауапкершілігін ұлғайтпайды деген ЕДБ дәлелдеріне қарамастан, сот шешімді кепілгер жағына қабылдады және кепілдік міндеттемені жарамсыз деп таныды.

Өз кезегінде, осы сияқты басқа даулар бойынша кейбір соттар кредитордың позициясын қолдайды.

Осы сияқты кейстерді қарастыра отырып, біз банк қарызы бойынша шарттардың барлық мүмкін болатын өзгерістерінің тізбесін жасадық және олардың әрқайсысы бойынша кепілгер теориялық жағынан өз тәуекелдерінің ұлғаюына немесе қолайсыз жағдайлардың туындауына сілтеме жасай алатын жағдайларды модельдедік. Түпкі нәтижесінде, осындай талдау кепілгермен келісуді талап ететін қарыз жағдайларының тізбесін едәуір кеңейтуге мәжбүр етті.

- Сіздің пікірлеріңізді негізге алатын болсақ, біздің заңнамада осы мәселе егжей-тегжейлі регламенттелмеген деп қорытынды жасауға бола ма?

Дәл солай, ҚР мен РФ-ның кепілгердің және кредитордың құқық қатынастарын реттейтін заңнамалары ережелері ұқсас бола тұрса да, РФ құқық қолдану практикасы неғұрлым айқынырақ реттеуге ие. Атап айтқанда, Ресей Федерациясы Жоғары Төрелік Соты Пленумының «Кепілдік берумен байланысты дауларды шешудің кейбір мәселелері туралы» қаулысында кепілдіктерді (кепілдемелерді) жарамсыз деп тануға байланысты іс жүзінде барлық ықтимал даулы жағдайлар бойынша соттың құқықтық позициясы айқындалған.

Біздің көршілеріміздің аталған тәжірибесін қолдану кредиторлар мен кепілгерлердің арасындағы дауларға нүкте қоюға, кепілдіктерге құқықтық сенім деңгейін арттыруға, кредитор мен кепілгердің арасындағы қатынастарда қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді және ең болмағанда, іс жүзінде қарыз бойынша шарттарды өзгертудің барлық жағдайларына кепілгерден келісімді тұрақты түрде талап ету мәселесі шешіледі.

Осыған байланысты, Даму Банкі нарыққа барлық қатысушылардың және инвесторлардың міндеттемені қамтамасыз етудің кепілдік сияқты құралына сенімін арттыру мақсатында заңнамалық базаны жетілдіру қажеттігі туралы мәселеге бастама жасауды жоспарлап отыр.

- Қазақстан Республикасында банктердің резидент еместердің кепілдіктері бойынша практикасы қандай?

- Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәсілі ретінде кепілдік бәрімізге жақсы таныс және ол шарттық қатынастардың барлық салаларында, ең алдымен банктік қаржыландыру саласында сәтті пайдаланылады. Қазіргі кезде Қазақстанда банктер инвестициялық жобаларды қаржыландыру кезінде қатысушының/акционердің не Қарыз алушының түпкі бенефициарының (инвесторының), оның ішінде резидент еместердің кепілдіктерін қабылдау практикасы қалыптасты. Резидент емес кепілгерлер мәміленің қазақстандық құқық юрисдикциясына бағынуының барлық егжей-тегжейі мен салдарларын әрдайым түсіне бермейді. Бұдан басқа, шетелдік юрисдикцияда қазақстандық соттың шешімін орындау да бірқатар қиындықтар тудыруы мүмкін. Сондықтан практикада кепілдік шарты үшін қазақстандық құқықты таңдау кепілгердің де, кредитордың да қажеттіліктеріне жауап бермейді.

Инвестор мен қарыз алушының немесе банк пен инвестордың арасында қандай да бір даулы мәселелер туындаған кезде, соңғысы халықаралық практика, халықаралық стандарттар қағидатында жұмыс істейтін құрылымға жүгінгенді артық көреді. Инвесторлардың көпшілігінің дауды Лондон халықаралық төрелік сотында (LCIA), Стокгольм, Сингапур және басқа да елдердің төрелік соттарында шешуді артық санайтыны кездейсоқ емес.

- Резидент еместердің осындай кепілдіктерін қабылдау кезінде банктерде қандай қиындықтар туындайды?

- Банктер үшін резидент еместің кепілдігін қабылдау проблемаларының бірі Қазақстан Республикасы соттарының шешімдерін шет мемлекеттің аумағында тану және орындау болып табылады, өйткені қазақстандық соттың шешімін басқа мемлекеттердің аумағында орындауға әрқашан қол жеткізіле бермейді. Бүгінгі таңда біздің еліміз құқықтық көмек көрсету туралы халықаралық, оның ішінде «Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы» Минск және Кишинев конвенциялары сияқты көп жақты шарттар, сондай-ақ басқа да бірқатар халықаралық шарттар жасасқан елдерді оларға қосуға болмайды.

- Сіздің пікіріңізше, инвесторлар үшін ағылшын құқығымен реттелетін кепілдіктерде қандай артықшылықтар бар?

- Біріншіден, шетелдік банктер мен шетелдік контрагенттер (кепілгерлер) тарапынан ағылшын құқығы бойынша кепілдіктермен жұмыс істеу кезінде сот өзіне ұсынылған, даудың мәні болып табылатын әрбір құжатты оның құқықтық табиғатын анықтай отырып мұқият және әділ қарайтынына түсіністік болады. Бұл ретте, құжаттағы әрбір сөз ғана емес, сонымен бірге тараптардың көрсетімдері, алдыңғы хат жазысулар, бизнестің осы саласындағы өзара қарым-қатынас практикасы маңызды болып табылады. Істерді қарау кезінде судья заңда көзделген ешқандай түсіндіру әдістерін басшылыққа алмайды және «әділдік құқығы» (equity law) деп аталатын қағиданы қолданады. Соның нәтижесінде сот барлық факторларды ескере отырып, тараптардың шын еркін анықтайды және осыдан кейін ғана шешім қабылдайды.

Екіншіден, ағылшын құқығы кредитор ретіндегі банктің мүдделерін қорғаудың кең құқықтарын мен құралдарын ұсынады. Мысалы, шартты бұзудан туындайтын талаптарды ұсыну үшін талап қоюдың стандарттық мерзімі ағылшын құқығы бойынша бұзушылық болған күннен бастап алты жылды құрайды. «Мөрмен» (as deeds) ерекше жазбаша нысанында жасалған шарттарға қатысты 12 жылдық талап қою мерзімі белгіленген.

- Таяуда ғана ҚР Президентінің қатысуымен АХҚО Соты мен Халықаралық арбитраждық орталығының ғимараты салтанатты түрде ашылды. Даму Банкі ағылшын құқығымен реттелетін кепілдіктерді қолдана ма және кепілдіктерді орындау кезінде АХҚО алаңын пайдалану жоспарланып отыр ма?

- АХҚО Соты мен Халықаралық арбитраждық орталығының ашылуы шетелдік инвесторлар үшін біздің еліміздің тәуелсіз және тиімді сот жүйесін құруға бағыт алғанын білдіретін анық белгі болып табылады. Ол туралы АХҚО шетелдік судьяларының жоғары біліктілігі, сондай-ақ талап қоюдың ұлғайтылған мерзімі, қазақстандық сот практикасымен салыстырғанда АХҚО сотының әртүрлі процестік артықшылықтары, талап сомасының ұлғаюына қарай сот алымы мөлшерінің пропорционалды азаюы және басқа сияқты көзделген процестік механизмдер дәлелдейді.

АХҚО төрелік шешімдері Қазақстан Республикасында, сондай-ақ 1958 жылғы Нью-Йорк конвенциясына сәйкес халықаралық деңгейде 157 шет мемлекеттердің аумағында орындауға жатады.

АХҚО мәні бойынша халықаралық инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау және біздің елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін тиімді құрал, яғни инвесторлар мен мемлекеттің арасындағы «сенім элементі» болып табылады.

АХҚО артықшылығын тиімді пайдалану үшін Даму Банкі ағылшын құқығымен реттелетін кепілдік шартының үлгі нысанын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізді. Кепілдіктің LMA (Loan Market Association) стандарттары бойынша, сондай-ақ кепілдік шартының нысаны мен міндетті талаптарына қатысты көзделген Қазақстан заңнамасы талаптары сақтала отырып әзірленгенін атап өту қажет. Кепілдіктің әзірленген нысаны АХҚО жанындағы халықаралық арбитраждық орталықта дауларды шешу туралы арбитраждық ескертпені қамтиды.

- Қалай ойлайсыз, аталған артықшылықтарды назарға алғанда, ағылшын құқығының кейбір ережелерін отандық заңнамаға енгізу мүмкіндігі бар ма?

- Оларды енгізу мүмкін ғана емес, қажет деп есептеймін, өйткені біздің қоғамымыз тәуелсіздік алған сәттен бастап айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Адамдардың сана сезімі өзгерді, экономикалық байланыстар мен корпоративтік қатынастардың механизмдері күрделене түсті. Біздің еліміз экспорттық әлеуетті арттыруда және интеграциялық процестерге де, сонымен бірге елге жаңа шетелдік инвесторлар тартуға да белсенді түрде қатысуда. Осының барлығы заңнаманы жетілдіру үшін жағдайлар мен алғышарттар жасайды.

Сонымен бірге, басқа құқықтық жүйелердің «құқықтық механизмдерін» жай ғана көшіріп алуға болмайды деп ойлаймын. Әрбір жаңа механизм қазақстандық құқық қолдану практикасы, халықтың және бизнес қоғамдастықтың қажеттіліктері ескеріле отырып бағалануға және пысықталуға тиіс.

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79