• kz

Зияткерлік капитал мен технологияларды пайдаланған маңызды

9ca0645b478468e0e8e8a04f13d18dc1-small.jpg Марсия-Элизабет Фавале

Қазіргі кезде әлемді заманауи технологияларсыз көзге елестету қиын. Tech инновациялар адамның өмірлік қызметінің әрбір саласына: өнеркәсіп пен қаржыдан бастап медицина мен білім беруге дейін геометриялық прогрессиямен дами отырып берік орнықты. Бәсекеге қабілеттілік пен салыстырмалы түрде артықшылық беретін технологиялық өзгерістердің осындай дамуы жағдайында көш соңында қалып қоймау маңызды. «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ның тәуелсіз директоры, инвестициялық банкир, қалыптасушы нарықтар саласына маманданған халықаралық дәрежедегі жетекші аналитик, кәсіпкер және Tech-өнертапқыш Марсия-Элизабет Фавале Forbes Kazakhstan басылымы үшін берген сұхбатында бүгінде диджитализация мен зияткерлік капиталды неліктен ешкімнің де жоққа шығара алмайтыны туралы әңгімеледі. Қаржы саласындағы үздік халықаралық аналитиктердің бірі бола отырып, ол Қазақстанның ұлттық даму институтының жұмысы, сондай-ақ болашақта да үздік болу үшін не істеу керектігі туралы өз пайымымен бөлісті.

- Фавале ханым, сіздің пікіріңізше, ҚДБ-ның тәуелсіз директоры ретіндегі 4 жылғы жұмысыңыздың ішінде не өзгерді және ең бастысы, Банкте нені өзгерту қажет?

- Мен ҚДБ-ға қосылған кезде, адамдар Директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі және комитет басшысы ретіндегі жұмыс стиліме таңданыс білдірді. Мен директорлар кеңесі мен комитеттің барлық мүшелерінің дағдылары, біліктіліктері және тәжірибесі барынша пайдаланылатын ахуал жасай отырып, білек сыбана жұмыс істегенді жақсы көремін. Директорлар кеңесі мен комитеттер штамп болып қалмауға тиіс, керісінше олар шын мәніндегі жұмыскерлер, яғни күрделі сұрақтар қоюға және оларға жауаптар алуға болатын форум орны болуға тиіс. Бұл жұмыс сапасын жақсартады және ел экономикасының дамуындағы ҚДБ-ның маңыздылығын ескеретін болсақ, дұрыс шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Менің білуімше, басқаруды, ашықтықты және ойлау процесін жақсарту әрекеттерінде директорлар кеңесінің тәуелсіз директорларымен қалай жұмыс істеу керектігі тұрғысынан алғанда, ҚДБ бағдар ретінде саналуы мүмкін. Біздің барлығымыз табыстың кепілі болып табылатын командалық жұмыс мәдениетін дамытуға өз үлесімізді қостық. Қазір ҚДБ-дағы жұмыс әрбір қызметкер ортақ мақсатты түсінетін дәл механизм сияқты жолға қойылды. Алайда, егер Банкті білікті көшбасшылар басқармаса, мұндай түсініктің болмайтынын атап өту қажет. Жәмішев мырза да, енді Сарқұлов мырза, сондай-ақ «Бәйтерек» Холдингі Директорлар кеңесінің мүшелері де, Банк директорлар кеңесінің төрағасы Әріпханов мырза да осы мәдениетті дұрыс қабылдай алды.

Нені өзгерту қажет? Мен Директорлар кеңесінде шынында да әлдене өзгеруге тиіс деп ойламаймын, бірақ біздер ақшаны технологияларға көбірек жұмсауға тиіспіз. Стратегиялық жағынан Қазақстан диджитализацияны дамытуға тиіс, ол бизнес-модельді өзгерту және пайда алу үшін жаңа мүмкіндіктер ұсыну жолында цифрлық технологияларды пайдалануды, сондай-ақ еңбек өнімділігін ұлғайту және арттыру үшін зияткерлік капиталды енгізуді білдіреді. Әлем цифрлыққа айналды, сондықтан Қазақстан да цифрлық елге айналуға тиіс. Қазіргі кезде ешкім де, ешқандай ел немесе компания еңбек өнімділігін арттыруға ықпал ететін инвестициялардың маңыздылығын жоққа шығара алмайды.

ҚДБ бірнеше жақсы дүниелер жасады. Мен мақтанышпен айтатын бір іс – ол теңгедегі еврооблигациялармен жасалған алғашқы екі мәміле. Бұл үлкен серпіліс. Халықаралық сала қатысатын теңге еврооблигацияларының жетістігі теңгеге деген әлемдік қызығушылықты және оның ықпалын күшейтеді, сондай-ақ валюталық тәуекелдерді азайтатын қаржыландырудың кең спектріне жол ашады. Мен Банктің іріктемелі түрде және өз мандатының шеңберінде шетелдіктермен жасалатын осындай жобалардың кейбіреулеріне қатысуын қалар едім, ол өз кезегінде елге тікелей шетелдік инвестициялар тартуға көмектесер еді. Шетелдік инвесторлар ҚДБ-ның тәжірибесін оң бағалайды деп ойлаймын, өйткені Банк кредиттеу сараптамасының орталығы ретінде қарастырылады.

- Таяуда Дүниежүзілік банк «Өнімділік стагнациясын жеңу» атты зерттеуін жариялады, онда Қазақстандағы өсім енді инвестициялардың ұлғаюымен одан әрі дамымайды деп көрсетілді. Сіз осы туралы не ойлайсыз?

- Дүниежүзілік банктің зерттеуі дұрыс экономикалық даму үшін қажетті еңбек өнімділігін арттырудың маңыздылығын атап көрсетеді. Бұл шынында да маңызды, өйткені ол бұған дейін айтылған диджитализациямен байланысты. Қазақстан неғұрлым жоғары қосылған құны бар өндірісті дамыту арқылы салалық тиімділікті арттыру үшін технологиялық инновацияларды және зияткерлік технологияларды қолдануды көтермелеуге тиіс. Оның үстіне, бұл бизнес-мәдениеттің және ел мәдениетінің бір бөлігіне айналуға тиіс. Еңбек өнімділігінің өсімін ынталандыратын ақылды ақшаны инвестициялау қажеттігі экономиканың бүкіл тарихы бойындағы айқын қағида. Елге келетін инвестициялар бәсекелік немесе салыстырмалы артықшылықты өздігінен жасамайды. Сіздерге ақылды капитал қажет.

a8681ccee97c5d430e964c3e4722b193-small.jpg 

ҚДБ осы мәдениетті дамытуға көмектесе алады және технологиялық профильді сыни тұрғыдан бағалау және қаржыландырылатын жобалар секторларында еңбек өнімділігін арттыру жолымен оны кейбір дәрежеде жасап та жатыр. Қазақстан үшін зияткерлік капиталды пайдалана алатын осындай ортаны құрудың аса маңызды мәні бар. Сондықтан ақшаны ауыл шаруашылығына емес, ақылды ақшаны агротехникаға, мұнай мен мұнай өңдеу зауыттарына ғана емес, жаңа технологиялық инновацияларға, ауруханаларға ғана емес, ақылды ауруханаларға салыңыздар. Мәселен, Қазақстан өте тиімді геосаяси жағдайда тұр, сондықтан ақшаны елдің инвестициялық тартымдылығын арттыра отырып, логистиканың өнімділігін, яғни оның тиімділігін ұлғайтатын технологияға салыңыздар.

- Сіз қазір ҚДБ – бағдар деп айттыңыз. Өзіңіз қатысқан ең сәтті жобаларды еске түсіре аласыз ба?

- Біздер, команда ретінде Банктің кез келген табыстары мен сәтсіздіктеріне ортақ үлес қостық. Мен жеке өзім әлденені жасадым деп айту дұрыс болмас еді. Айталық, мен біздің құс шаруашылығы саласындағы табыстарға ризамын. Осы таяуда ғана біз Макинск құс фабрикасын қаржыландырдық, ол кәсіпорын өңірде 700 жұмыс орнын ашты және оның Қазақстан ішіндегі халықаралық азық-түлік тізбегі бойынша жоғары сапалы өнім өткізуге мүмкіндігі бар. Мені сондай-ақ Банктің қазіргі сәтте жасыл технологияларды, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағдар алып отырғаны қуантады. Біз жақында жел электр станциясын да қаржыландырдық. Агроөнеркәсіпке де көбірек назар аударған дұрыс болар еді, бұл саланы ел үшін жаңа «қара алтын» деп есептеймін, өйткені азық-түлік қауіпсіздігі барған сайын зор маңызға ие болып отыр. Біздің тау-кен өнеркәсібіне, алюминий өндірісіне, өнімділікті арттыруға, жұмысты озық орындайтын машиналарға, неғұрлым тиімді болып табылатын технологияларға инвестициялар салуды жалғастырып отырғанымызға да қуанамын. Әрине, назарды импорт алмастыруға аударғанымызға әрқашан қуаныштымын.

- Кредиттік қоржынның сапасы Қазақстанның банк жүйесінде өте өзекті мәселе болып табылады. ҚДБ тұрғысынан алғанда бұл туралы не айтар едіңіз?

- NPL – проблемалық кредиттер туралы айтқанда, біз коммерциялық банктер мен ҚДБ арасындағы айырмашылықты білуге тиіспіз. Біз осындай берешектер тән болатын жеке тұлғалармен жұмыс істемейміз. Дегенмен, осы сұраққа жауап берудің дұрыс тәсілі – ол цифрлар арқылы көрсету. Айталық 2009 жылы NPL 6 немесе 6,6 пайызды құрады, ал 2018 жылдың соңында Банк берген қарыздарды қоса алғанда, кредиттік қоржын бойынша – 0,5 пайызды құрады. Банк басшылығы өте жақсы жұмыс атқарды.

- Кредиттік қоржынның сапасын жоғалтпаудың «рецептімен» бөлісе аласыз ба?

- Сіз сақ болуға тиіссіз. Бұл «Құдай-ау не болды, немесе девальвация болды, не істеуім керек?» дейтін жағдай емес. Тәжірибелі тәуекел-менеджерлер деген сіздің алдын ала нені басқаратыңыздың тәуекелдер екенін біледі. Міне ҚДБ-да біз жүйелі есептілік үшін ақпараттық құрылымды сол үшін құрдық және ай сайын есеп беруді талап етеміз. Мысалы, біз әр айда Банктің валюталық тәуекелін және девальвацияның қандай деңгейінде нақты кредиторлармен немесе кредиторлар тобымен және демек өзіміздің өтімділік тәуекелімізбен проблемалардың туындайтынын білеміз. Біз кепілді қалпына келтіру проблемасын түсінеміз, сондықтан кредиттің кепілдік құнын тұрақты тексеріп отырамыз. Біз жағдайды талқылаймыз және салалық және банктік тәуекелді белсенді түрде басқарамыз. Біз өзіміздің кредиттік қоржынымызға тікелей немесе жанама түрде әсер етуі мүмкін жаһандық үрдістерді, саяси жағдайды ескереміз. Біз егер белгілі бір жағдай туындаса, не істейтінімізді комитеттерде талқылаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бізде әрқашан іс-қимыл жоспары бар. Ойлауымша, осы жылдар ішінде аталған бағытта өте белсенді болдық және кредиттік қоржынның сапасына аса сақтықпен қарадық.

- Сіз кезінде Қазақстанның коммерциялық банктерінің берешектерінің табысты қайта құрылымдалуына зор үлес қостыңыз. Проблемалық қарыз алушылармен жұмыс тұрғысынан алғанда, осы тәжірибе ҚДБ-да пайдалы болды ма?

- Солай болды деп ойлаймын, өйткені сіз мен БТА Банкті қайта құрылымдау жөніндегі тәуелсіз кеңесші болған, сондай-ақ премьер-министр Кәрім Мәсімовтің кезінде Альянс Банк пен Темір Банкті қайта құрылымдауды басқарған 2009-2010 жылдардағы дағдарысты еске алып отырсыз. Жоғарыда айтылған қайта құрылымдаулармен жұмыс істей отырып, оның сыртында сол сәтте менің UBS-да банктік аналитик ретіндегі жұмыс тәжірибем болды және банктерге активтер қоржынының басқарушысы ретінде инвестиция салдым, жұмыс істемейтін кредиттердің, атап айтқанда, қадағалау мен басқарудағы құрылымдық кемшіліктер мен іркілістердің себептері туралы, сондай-ақ активтер мен қамтамасыз етуді қайтарудағы қиындықтар туралы жедел білімдер алдым. Барынша айқын құрылымдық сәтсіздіктердің бірі банктерде ашықтық пен зерттеу мәдениетінің жоқтығы болды. Жазалау емес, сұрақтар қойған маңызды. Қызметкерлердің ынталылығын бағалау қажет. Сондықтан жауап – иә. Бұл тәжірибе бүкіл әлем бойынша банктерді талдау мен оларға инвестициялаудағы 20 жылдық жеке тәжірибеме қосымша ретінде кредиттік және құрылымдық талдау рәсіміне бастамашылық және сыни көзқарастың арқасында ҚДБ-ға пайда әкелді.

6e51110b599e4097106edac75c53768d-small.jpg

- Менің білуімше, сіздің Қазақстанмен «жұмыс романыңыздың» ұзақтығы 18 жылға айналып барады. Өзіңіздің біздің еліміздегі кәсіби тәжірибеңіз туралы толығырақ айтып берсеңіз.

- Дұрыс айтасыз, бірінші рет Қазақстанға мен 18 жыл бұрын келдім. Алматыдан Астанаға, қазіргі Нұр-Сұлтанға таңғы сағат 6-да ұшып келгенім қазіргідей есімде. Бұл менің өмірімдегі ең таңқаларлық рейстердің бірі, мен Қазақстанды, елдің тамаша географиясын, даму үстіндегі астананы алғаш рет көрдім. Кейіннен астанаға әрбір қайта оралған сапарымда жаңа ғимараттарды көремін, қаланың, елдің жедел дамуы мені қуантады. Алғашқы сапарым кезінде мен Швейцарияның Лондондағы Біріккен банкісінің (UBS) басқарушы директоры, Латын Америкасы, Орталық және Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс және Азия бойынша кредиттік зерттеулер бөлімінің басшысы, сондай-ақ Дамушы нарықтар жөніндегі кредит комитетінің және UBS дамушы нарықтар жөніндегі Ұйымдастыру комитетінің мүшесі болатынмын. Біз Қазақстанның Даму Банкі үшін еврооблигациялардың бірінші шығарылымын ұйымдастыру жөнінде ұсыныс жасадық. Қазақстанды ілгерілету жөніндегі менің қызығушылығым жалғасын тапты.

Brevan Howard және Advent Capital инвестициялық қоржындарын басқару жөніндегі менеджер бола отырып, мен Қазақстанның танымалдығына белсенді түрде инвестиция жасадым. Қазір мен ҚДБ Директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі болу құрметіне иемін, сондай-ақ KazakhInvest Директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі болдым. Сондай-ақ Оксфорд университетіндегі Said бизнес-мектебінде сабақ беремін. Қазақстанда жұмыс істей жүріп, мен «Қазақстанды үздік ету», «елді алға ілгерілету» тілегімен мені қанаттандырған ең көреген және жоғары кәсіби, интеллигент адамдардың кейбірулерімен жұмыс істеу бақытына ие болдым.

- Ұшақпен ұзақ және жиі ұшу Сізге қиындық тудырмай ма?

- Жоғары лауазымды қаржы маманы және техникалық кәсіпкер әрдайым жаһандық болуға тиіс. Мен көп уақытымды ұшақта өткіземін, менің университетті бітіргеннен кейінгі қаржылық мансабымның бірінші күнінен бастап солай болды. Кәсіби мансабымды Жапонияда бастадым, дамушы нарықтармен айналыстым, Латын Америкасына, Таяу Шығысқа, Африкаға, Еуропа мен Орталық Азияға жиі ұштым. Жиі ұшу қиындық тудыра ма? Маған өзім атқарып жүрген жұмыс ұнайды. Мен ұшуға жалықтыратын жұмыс ретінде қарамаймын, керісінше, әсерлі оқиға ретінде қабылдаймын. Осындай өмір сүру қарқыны жағдайында ең бастысы жан мен тәнің үйлесіміне қол жеткізген – дұрыс тамақтанған, спортпен және йогамен айналысқан, көп су ішкен маңызды. Маған өз ісім ұнайды және қуантады. Әрине, ол шаршатады, Сіз оны әр аптада жасай алмайсыз, алайда маған саяхаттаған ұнайды, менің қызым дүниеге келген елге – нақ Қазақстанға саяхаттаған ұнайды.

- Және соңғы сұрақ. Сіздің ойыңызша, озық тәуелсіз директор қандай қасиеттерге ие болуға тиіс?

- О, бұл өте жақсы сұрақ! Директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі үздік практиканы әкелуге және оны өзі жұмыс істейтін мәдениетте нақты етуге тиіс. Бағыт сілтейтін, басқаратын, адамдарға қамқорлық жасайтын, сондай-ақ тамаша коммуникативтік дағдыларды меңгерген көшбасшы болған маңызды. Адамдар сіздің тәжірибеңізді игеріп алатындай, оны күнделікті практикасында қолданатындай және соның нәтижесінде өзінің дамуын сезінетіндей түрде өз дағдыларын меңгерткен өте маңызды. Көшбасшылық кейде танымал болмауды, кейде тіпті өзіңе ұнамаса да, осыны мен дұрыс деп есептеймін деп жай ғана айтуды білдіреді. Өйткені егер әлдекім сізден басқармада болуды сұраса, яғни ол сіздің пікіріңізді құрметтейді деген сөз. Ал ол өте маңызды деп ойлаймын.

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79