• kz

«Даму банктері экономиканың стратегиялық салаларында өсудің қозғаушы күштері болып қызмет етуге тиіс»: ҚДБ тәуелсіз директоры осындай қаржы институтының тиімділігі туралы әңгімеледі

IMGL6990.jpg

- Қазір квазимемлекеттік сектордың тиімділігі мәселесі қарастырылуда. Сіздің пікіріңіз бойынша, ҚДБ сияқты даму институтының тиімділігін қандай критерийлермен бағалауға болады?

- Біз институттың тиімділігі туралы айтқан кезде оны ол шешуге арналған міндеттерді негізге ала отырып анықтауға тиіспіз. Егер әлемдік тәжірибені алатын болсақ, даму банктері әсіресе транзиттік, дамушы экономика жағдайларында стратегиялық салаларда өсудің қозғаушы күштері қызметін атқаруға тиіс. Даму Банкі жеке менешік немесе халықаралық институттар қаржыландыра алмайтын жобаларға кредит беру үшін құрылды. Осы тұрғыдан алғанда, ҚДБ тиімділікті көрсетеді.

Алайда екінші деңгейдегі банктердің 2008-2009 жылдардағы дағдарыстың ауыр салдарларынан әлі ес жия алмай жатқанын және оларда капиталды көп қажетсінетін ұзақ мерзімді жобаларды қаржыландыруға арналған мүмкіндіктердің жоқтығын назарға алатын болсақ, ҚДБ белгілі бір дәрежеде коммерциялық банктерді алмастырады. Екінші жағынан, экономиканың көптеген сегменттерінде, нақты секторда ғана емес, сонымен бірге қаржы жүйесінде де мемлекеттің үстемдік етуі – аса жақсы белгі емес. Бұл жағдай жеке бастаманың және кәсіпкерліктің дамуын шектейді. Осындай жаппай үстемдік жасау ұзақ мерзімді перспективада дұрыс болмайды.

- Сіздің көзқарасыңыз бойынша кредиттік қызметтің оң серпінін ұстап тұру үшін ҚДБ қызметінде нені өзгерту қажет?

- Қазір стратегияға қағидаттық өзгерістер енгізудің қажеті жоқ деп ойлаймын, өйткені маңызды міндеттер дұрыс айқындалды. Мүмкін оған ЖЭК жобаларында, тұтастай «жасыл» экономика салаларында неғұрлым белсендірек болу қажет болар. Банк осы бағытта алғашқы қадамдар жасауда, осындай түрдегі жобаларды қаржыландыруды бастады, бірақ мұндай қозғалыстар Даму Банкі үшін ғана емес, бүкіл экономикада жүргізілуге тиіс, өйткені ол жалпы экономикалық ортада әрекет етеді.

- Кредиттік қоржынның сапасы – Қазақстанның бүкіл банк жүйесі үшін өзекті мәселе. NPL балластын жинақтаудың сәтсіз тәжірибесін ескеретін болсақ, ҚДБ үшін оның ерекше маңызы бар. Осы мәселе банкте қандай жағдайда тұр? Қателіктерді қайталамас үшін стратегиялық деңгейде не істелінді?

- Белгілі бір дәрежеде ҚДБ-да да жүк бар – біздің еліміз тап болған жалпы макроэкономикалық проблемалардың нәтижесі деп ойлаймын, алайда мен ҚДБ-дағы жағдай коммерциялық банктердегіге қарағанда жақсырақ, ол туралы өзімнің тәжірибемді негізге ала отырып айтуыма болады. Банктің директорлар кеңесіне келетін болсақ, тәуекелдерді басқару жөніндегі комитет және оның төрағасы Антонио Сомма өте белсенді позицияны ұстанып отыр. Мен осы комитеттің мүшесімін, біз әсіресе белгілі бір проблемаларды бастан кешіріп жатқан жобаларды талқылауға қатысамыз және тұтастай алғанда, Банк таңдап алған және директорлар кеңесі қолдау көрсетіп отырған тәсілдеме дұрыс. Тәуекелдерді азайтуға, олардың болу мүмкіндігін болжауға, ал теріс оқиғалар туындаған жағдайда осы теріс салдарларды азайтуға мүмкіндік беретін шараларды таңдауға, түптің түбінде оларды жеңуге мүмкіндік беретін стандарттық рәсімдер енгізілуде. Сондықтан бұл жұмыс лайықты деңгейде орындалған деп есептеймін.

IMGL6996.jpg

- Қазақстанда корпоративтік басқару сапасын арттыру, инвесторлар мен акционерлердің сенімді теріс пайдалану ықтималдығын азайту үшін қандай шаралар қабылдау қажет?

- Осы уақытқа дейін шешілмеген үлкен проблема бар: ол институттардың мүдделері үшін алаңдауға тиіс банктердің меншік иелерінің, директорлар кеңестерінің, тәуелсіз директорлардың өзара қатынастары. Екінші проблема – менеджмент көбінесе толық жағдайды директорлар кеңесіне жеткізе бермейді, шешімдер не ақпараттың жетіспеушілігі жағдайларында, не проблемаларды жасыру жағдайында қабылданады. 2009-2010 жылдармен салыстырғанда айтарлықтай жақсы өзгерістер болды. Мысалы, банкті аянышты жағдайға жеткізгені үшін акционерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылатын Ресейдегі сияқты заңнаманы қатаңдатуға болатын шығар, әзірше үкіметке немесе орталық банкке жағдайды түзетуге жұмсалатын шығыстарды өзіне алуға тура келіп жүр. Неғұрлым ұзақ, алайда өркениетті жолмен жүруге болады. Мен «Атамекен» ҰКП жанындағы корпоративтік басқару стандарттарын әзірлейтін жұмыс тобының қатысушысымын. Егер жоба әзірленсе және заңнамамен бекітілсе, онда өзгелермен қатар директорлар кеңестерінің, меншік иелерінің, акционерлердің, инвесторлардың өзара қарым-қатынастарын реттейтін стандарттар көмектесуге тиіс.

- ҚДБ-ның халықаралық қаржы ұйымдарының алдындағы абсолюттік артықшылығы – бизнес үшін тартымды жағдайларда ұлттық валютамен ұзақ мерзімді қаржыландыру. ҚДБ-да осы артықшылықты пайдаланумен байланысты қиындықтар бар ма?

- Мен қиындықтар жоқ деп ойлаймын және ұлттық валютаның өзгермелілігін, ішкі де, сонымен бірге сыртқы да күйзелістерді бастан кешіретін қысымды ескеретін болсақ, ҚДБ осы артықшылықты белсенді түрде пайдаланады. Мысалы, Даму банкі клиенттерінің мейлі ол доллар немесе евро болсын, шетелдік валютаға номинацияланған қарыздары теңгелік қарыздарға алмастырылады, ол әрине, әсіресе егер өнім экспортқа бағдарланбаса, ішкі нарыққа арналса және қарыз алушылардың кірістері теңгемен болса, олардан осы жүктеме алынады. Бұл өте маңызды артықшылық және онымен халықаралық қаржы ұйымдарының өзі де мақтана алмайды, дегенмен халықаралық қаржы ұйымдары, атап айтқанда, ЕҚДБ жобаларды теңгемен қаржыландыратын жекелеген мысалдар бар, бірақ бұны әдеттегіден тыс жағдай деп қабылдау керек.

- Мемлекеттің экономиканы субсидиялауы, оның ішінде жеңілдікті қарыздар арқылы субсидиялауы және даму институттарының коммерциялық банктермен және басқа да нарық субъектілерімен қажетсіз бәсекелесуі – бұлар өзара байланысты тақырыптар. Мемлекет жеке меншік бизнесті экономикадан ығыстырмау үшін не істеу қажет?

- Бұл екі жаққа да бірдей өткір мәселе. Бір жағынан, мен Қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің отырыстарында нарықтық жағдайды бұрмалайтын және түпкі қарыз алушылар үшін қарызданудың объективтік құнын айқындауды мүмкін емес ететін субсидияланған кредиттеу ставкасының кемшіліктерінің талқыланғанын көріп жүрмін. Екінші жағынан, банктер де, қарыз алушылар да осындай жеңілдіктерге үйреніп қалады және оларды өз мақсаттарына пайдаланады. Бұл шара сыни жағдайларда мағынаға ие болуы мүмкін. Егер ол осы уақытқа дейін пайдаланылса, мынадай сұрақ туындайды: сыни фаза еңсерілді ме және мүмкін осы шарадан бас тартатын уақыт келген шығар?

- Сіз жұмыс істеген немесе жұмыс істейтін басқа компаниялардан Сіздің функционалыңыз тұрғысынан ҚДБ-ны не түбегейлі ерекшелендіреді?

- Негізгі ерекшелігі жалғыз акционердің – мемлекеттік холдингтің болуы, Банктің мемлекеттік бюджет ресурстарымен операциялар жасайтынын ескергенде, жалғыз акционердің жоғары талаптары болады. Реттеушілік, қатаң рәсімдер бар деген пікір пайда болуы мүмкін, бірақ олардың болуы сөзсіз. Бұл ҚДБ-да шешімдер қабылдаудың барынша ережелілігіне әкеп соқтырады, ол оны коммерциялық банктерден ерекшелендіреді. Жеке меншік бизнес икемді болуға тиіс. Екінші жағынан, бұл артықшылық: субъективтік немесе жеке мүдделерге бағдарланатын шешімдер қабылдау үшін кеңістік немесе айла-тәсілдер болмайды.

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79