Банк развития Казахстана
  • kz

«Біз өз мамандарымызды өзіміз даярлаймыз»: Олжас Есіркепов «Alageum Electric» АҚ-ның кадр саясаты, Оралдағы жаңа зауыт және Қазақстанның Даму Банкінен кредит алу туралы

Бүгінде адами капиталды дамыту мәселесі тұтастай бірқатар әлеуметтік-экономикалық секторларды жаңғыртуды қажет ететін негізгі мемлекеттік міндет болып табылады. Адами капитал барған сайын тіпті табиғи ресурстан да маңыздырақ мәні бар бағалы қоғамдық ресурс ретінде қарастырылуда. Оны осылайша ұғыну мемлекеттік деңгейден қызметкерлердің білімі мен кәсібилігі компанияның нарықтағы табысының басты факторына айналатын жеке меншік бизнес деңгейіне айна-қатесіз көшіріледі. 1997 жылы негізі қаланған «Alageum Electric» АҚ әсіресе электр энергетикасы, электр машиналарын жасау және құрылыс сияқты ғылымды қажетсінетін өндірісте «кадр жетіспеушілігін бастан кешірудің» не екенін біледі. Forbes.kz басылымымен жүргізілген сұхбатта «Alageum Electric» АҚ Басқармасының төрағасы Олжас Есіркепов компанияның ағымдағы кадр саясаты, Оралдағы жаңа зауыт және Қазақстанның Даму Банкінен кредит алу мәселесі туралы әңгімелеп берді.

EP__4335.jpg

Білікті, әсіресе инженерлік-техникалық кадрлардың тапшылығы проблемасы қазақстандық кәсіпорындардың көпшілігі үшін әлі де өткір проблема болып қалып отыр. Сіздер осы проблеманы қалай шешесіздер?

- Трансформаторлар жасаудың ғылымды қажетсінетін өндіріс екендігін ескере отырып, біз 2012 жылы Кентау қаласында дуалдық оқыту жүйесі бойынша білім беретін политехникалық колледж аштық: студенттер жалпы көлемнің 40%-ында теорияны оқиды, 60%-ында өндірістік практикадан өтеді. Нәтижесінде, оқу аяқталғаннан кейін біз тікелей өз кәсіпорындарымыздың базасында жұмыс тәжірибесі бар дайын мамандар аламыз. Мұндай оқытудың артықшылығы да осында, студенттер оқу кабинетінің қабырғаларымен шектелмейді. Оның үстіне, биылғы жылы біз немістің TUV Rheiland Akademie GmBH білім беру концернімен келісімге қол қойдық, ол біздің колледжге оқуда халықаралық стандарттарды қолдануға, кадрлар даярлаудың шетелдік тәжірибесін пайдалануға мүмкіндік береді. Осылайша, 2019 жылдан бастап колледж – Қазақ-неміс политехникалық колледжі деген мәртебеге ие болды.

Компанияның Назарбаев университетінің Electrical Engineering кафедрасын белсенді түрде қолдайтыны құпия емес. Осы қолдау туралы айтсаңыз.

- Иә, біз Назарбаев Университет өкілдерімен белсенді түрде ынтымақтасамыз. Атап айтқанда, өткен жылы зертхана аштық және өтеусіз негізде электротехникалық жабдықтар, майлы және құрғақ трансформаторлар, вакуумдық ажыратқыштар бердік. Мақсатымыз – білім алушыларға біздің электротехникалық жабдығымызды сынау, олармен тәжірибе жасау мүмкіндігін беру. Біз студенттерді өз кәсіпорындарымызға өндірістік практикадан өтуге тартамыз. Осындай мүмкіндіктер басқа университеттерге де беріледі, мәселен, 2000 жылдардың басынан бері Алматы байланыс және энергетика институтына да сондай қолдау көрсетеміз: электротехникалық жабдық, студенттер жаңа бөлшектерді, технологияларды сынайтын сынау стендтерін береміз. Оның үстіне, осы бір ай бұрын Кентау қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің базасында екі жаңа зертхана аштық: біріншісінде жаңа сынақ стендтері мен электротехникалық жабдық, екіншісінде – роботтандыру мен цифрландыруға қажеттінің бәрі бар. Біздің көмегіміз ЖОО техникалық қолдаумен шектелмейді, көбінесе оқу аяқталғаннан кейін біз түлектерді өз қатарымызға, «Alageum Electric» АҚ компаниялары тобына кіретін кәсіпорындардың құрылымдық бөлімшелеріне қабылдаймыз. Компания қызметкерлерге де қолдау көрсетеді, бізде МВА бағдарламасы бойынша оқуға ақы төлеу көзделетін әлеуметтік пакет бар. Биылғы жылы осы бастаманың шеңберінде бізге 6 қызметкер оқуға түседі, яғни біз жыл сайын өз кадрларымыздың оқуына баса назар аударамыз. Тұтастай алғанда, Қазақстанның электр машиналарын жасау нарығындағы 22 жыл табысты жұмысымыздың ішінде персоналдың санын 4500 адамға дейін ұлғайттық. Бұл жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Бүгінгі таңда «Alageum Electric» компаниялары тобының құрамына 14 дайындаушы зауыт кіреді. Бізге кіші станция жабдығын жасайтын жергілікті өндірушілермен және тіпті ABB, Siemens және т.б. сияқты әлемдік брендтердің өкілдерімен бәсекелесуге тура келеді. Бәсекелестікті ескеріп, біз бір орнында тұрмаймыз, жыл сайын өз кәсіпорындарымызға жаңғырту жүргіземіз.

EP__4305.jpg

Кәсіпорындарды жаңғырту туралы нақтырақ айтсаңыз

- 2012 жылы біз өз зауыттарымызды жаңғыртуды толық аяқтадық, технологиялық станоктарды жаңарттық, ол өндіріс қуатын ұлғайтуға мүмкіндік берді. Мысалы, егер бұрын 3 станок бір бұйым жасаса, енді 1 станок 3 станоктың өнімін толығымен жасай алады. Биылғы жылы біз 110, 220, 500 кВт кернеу класындағы ірі трансформаторлар жасайтын «Asia Trafo» зауытын іске қостық. Зауыт – бірегей, бүкіл Орталық Азияда оның теңдесі жоқ. Оны қаржыландыру үшін өзіміздің байырғы стратегиялық әріптесіміз – «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ны тарттық, ол жылдық 9,6 пайызбен 12 жыл мерзімге 8,6 млрд теңге мөлшерінде қарыз бөлді, қазір бұл ставка 8,7% дейін төмендетілді. Зауыттың жылына 130 дана трансформатор шығаратын әлеуеті бар. Бұл аз сияқты көрінеді, бірақ әрбір дана зор машинаға тең және осындай трансформатордың салмағы 100 тоннадан 300 тоннаға дейін жетеді. Шығарылатын өнімнің 50%-ын ТМД елдеріне экспорттауды жоспарлап отырмыз. Бұл біздің ҚДБ-мен бірлескен үшінші жобамыз: 2015 жылы Нұрлы жол бағдарламасының шеңберінде экспорталды қаржыландыру аштық, сондай-ақ 2012 жылы өндірістік қуатты ұлғайту мақсатында Кентау трансформаторлар зауытын жаңғыртуға ҚДБ-Лизингпен алғаш рет шарт жасастық, және «Asia Trafo» зауытын салу барысында қаржыландыру үшін қайда бару керектігін білдік, өйткені Даму Банкі – өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қаржыландыру үшін құрылған сенімді және тұрақты әріптес. Оларда клиенттер мен инвесторларды тартатын барлық жағдайлар бар: біздің жағдайымызда ол экспорталды қаржыландыруға екпін берілетін инвестициялық жобаларды ұзақ мерзімді қаржыландыру.

Сіз экспорт тақырыбын қозғадыңыз, айтыңызшы, шығарылатын өнімнің қанша пайызы сыртқы нарықтарға, қаншасы ішкі қажеттіліктерді өтеуге кетеді?

- Компаниялар тобы бойынша экспорттың үлесі 45% асады, шығарылатын өнімінің 96%-ын ТМД елдеріне экспорттайтын Орал трансформаторлар зауыты, сондай-ақ 45%-ын ТМД елдеріне экспорттайтын Кентау трансформаторлар зауыты негізгі экспорттаушылар болып табылады. Қазір экспортты дамыту мақсатында Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда өкілдіктерімізді аштық. ТМД елдерінде дилерлік желіміз бар. Болашақта өніміміздің өзіндік құнын азайту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында панельдік радиаторлар жасау бойынша жаңа зауыт салуды жоспарлап отырмыз, қазір Оралда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл өнім Қазақстанда бұрын өндірілген жоқ, осы өнімнің тұтынушылары біздің өзіміз боламыз, өйткені панельдік радиаторлар үлкен трансформаторларды жасау кезінде қолданылады. Сондай-ақ осы зауыттың өнімін трансформатор зауыттары бар ТМД елдеріне экспорттайтын боламыз, өйткені олар қазір оларды негізінен Қытай мен Еуропадан сатып алады.

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79