• kz

ҚДБ-ның ішкі трансформациясы және тұрақты даму бағыты

IMG_4574.JPG

- ҚДБ үшін 2020 жыл қандай болды? ҚДБ пандемия қиындықтарын қалай жеңе алды?

ҚДБ үшін 2020 жыл, бүкіл ел үшін сияқты, төзімділікке елеулі сынақ жылы болды. Коронавирустық инфекцияның тез таралуына, кейіннен карантиндік шектеулерге және мұнай бағасының төмендеуіне байланысты біздің қарыз алушы серіктестеріміз белгілі бір қаржылық қиындықтарға тап бола бастады. Алайда, ҚДБ-ның 2020 жылдың басында әзірленген дағдарысқа қарсы жоспары шеңберінде, біз кредиттік портфельді талдадық, әрбір жобамыз бойынша стресс-тесттер жүргіздік және ұлттық валюта бағамы мен коронавирус пандемиясы өзгерістерінің Банктің кредиттік портфеліне әсерін барынша азайту жөнінде жүйелі жұмыс жүргіздік.

Металлургия секторы және қарыз алушылар «Транстелеком», «SilkNetCom», «Қазақтелеком» болып табылатын телекоммуникация саласындағы жобалар басқаларымен салыстырғанда өздерін жайлы сезінді. Мұнай-газ және туристік секторлар айтарлықтай осал болып шықты, логистика саласындағы жобалармен де ұқсас жағдай, мысалы, шектеулерге байланысты әуежайлар ұзақ уақыт жұмыс істеген жоқ. Құрылысы жүріп жатқан және жабдықтарды жеткізу сатысында тұрған жобалар пандемияның ең үлкен теріс әсеріне ұшырады. Көптеген елдердің шекаралары жабық болғандықтан, жабдықтардың бір бөлігі уақытында жеткізілмеді. Барлық жағдайды түсіне отырып, біз жедел шаралар қабылдадық және жабдықты жеткізудегі іркілістер мен кідірістер жағдайларын форс-мажор деп мойындадық. Дереу негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін ұсынып, қаржылық және қаржылық емес міндеттемелерді уақтылы орындамағаны үшін айыппұл санкцияларын алып тастадық. Теңгеде қаржыландырылған жобалар үшін Банк қарыздарды қайта құрылымдауды жүргізді, ал шетел валютасында қаржыландырылған жобалар үшін – қорландыру болған жағдайда қарызды айырбастау мүмкіндігі берілді.

Қазір Банктің командасы COVID-19-дың ҚДБ мен оның клиенттерінің қызметіне әсерін тұрақты негізде бағалайды.

Осы жылдың күрделілігіне қарамастан, Банк жыл сайынғы жобаларды қаржыландыру көлемін ұстап тұра алды. ҚДБ жыл сайын Қазақстан экономикасына 400 млрд теңгеден астам инвестиция салады. ҚДБ кредиттік портфелінің мөлшері 2020 жылғы 31 қазандағы деректер бойынша жыл басындағы деректермен салыстырғанда 11,5% - ға (1 728 млрд теңгеден) ұлғайып, 1 926 млрд теңгені құрады. ҚДБ кредиттік портфелінің құрылымында қазір 75 жоба бар, 55% - ы өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларға тиесілі.

- Биылғы жылы қанша жоба іске қосылды?

Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша ҚДБ қаржыландырған жеті жоба пайдалануға берілді. Олар: Маңғыстау облысындағы Rixos Water World Aktau қонақ үй-туристік кешені, «Еуроазиаттық Энергетикалық Корпорация» АҚ энергоблогы, Алматыдағы «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС жеңіл автомобильдер шығаратын зауыты, «АтырауМұнайМаш» ЖШС кәсіпорнында мұнай сервистік жабдықтар өндіретін цехтардың бірі, Ақмола облысындағы Макинск құс фабрикасының екінші кезегі, «ЦАТЭК Green Energy» ЖШС-тің 50 МВт «Астана EXPO-2017» жел электр станциясының екінші іске қосу кешені сияқты жобалар және «Транстелеком» АҚ теміржол желілері бойындағы байланыс платформасының аппараттық-бағдарламалық кешенінің құрылысы аяқталды.

32.jpg

Бұл жобалардың барлығы капиталды қажет етеді, жоғары әлеуметтік-экономикалық және мультипликативті тиімділікке ие. Осы жеті жобаның арқасында түрлі өңірлерде 1 900 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі шынайылықта, бүкіл әлем бойынша жұмыс орындарының қысқаруы жүріп жатқан кезде, бұл әлеуметтік әсер ең маңызды болып табылады деп есептеймін. Салық аударымдарына келетін болсақ, ағымдағы жылдың 11 айында компаниялар бюджетке 15 млрд теңге төледі.

Сондай-ақ, Банкте экспорттық бағыт бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты атап өткім келеді. Пандемия кезінде біз экспорттаушыларымызды қолдау көлемін төмендеткен жоқпыз. Әрине, операциялық қиындықтар болды, бірақ экспорттаушылар өздерін жайлы сезінді, компаниялардың ешқайсысы кейінге қалдыру немесе басқа қолдау шаралары үшін бізге жүгінбеді. Жыл басынан бері біз 92,5 млрд теңгеге қолдау сомасын игердік, қазір Банк портфелінде 15 экспорттық операция бар, соның арқасында Қазақстан өсімдік майын, сүт өнімдерін, кондитерлік өнімдерді, сусындарды, автомобиль аккумуляторларын, минералды тыңайтқыштарды, мырышты, мыс, қорғасынды және фосфат өнімдерін және т. б. экспорттайды.

- Бүгінгі күні ҚДБ кредиттік портфелінің валюталық құрылымы қандай? Банк қандай жобаларды теңгеде, ал қандай жобаларды шетел валютасында қаржыландыруды қалай шешеді?

Біздің портфель 53,3%-ға теңгеде және 46,7%-ға валютада қалыптастырылған. 2013 жылдан бастап теңгеде кредит беру көлемі 33%-ға өсті. Мұндай өзгерістер біздің қарыз алушыларымыздың қаржылық тұрақтылығына оң әсерін тигізді.

Кредит валютасына келетін болсақ, біз табиғи хэджді қолданамыз. Егер қарыз алушыда валюталық түсім болса, онда біз кредитті валютада береміз, алайда, егер валюталық түсім болмаса, онда біз теңгеде кредит береміз. Мұндай тәсіл қарыз алушыларымызды жақсы қаржылық тұрақтылықпен қамтамасыз етеді және валюталық тәуекелді азайтуға мүмкіндік береді.

- Банктің жоспарында ағымдағы немесе келесі жылы сыртқы нарықтардан қаражат тарту қарастырылған ба?

ҚДБ бизнеске жобаларды іске асыру үшін инвестициялық кезеңнен бастап дайын өнімді экспорттауға дейінгі түрлі сатыларда тиімді шарттар ұсынады. Клиент үшін үздік жағдайларды қамтамасыз ету үшін ҚДБ ішкі және халықаралық капитал нарықтарында қарыз қаражатын белсенді түрде тартады, осылайша мемлекеттік қаражаттың әрбір теңгесіне Даму банкі нарықтық қарыз алудың 1,96 теңгесін тартты. Пандемия алдында біз тиімді мөлшерлеме бойынша 62,5 млрд теңге көлемінде теңгелік облигациялардың үшінші шығарылымын жүзеге асырдық. Біз әрқашан нарық пен сұранысқа назар аударамыз. Келесі жылы шетелдік инвесторларды Қазақстанға инвестиция салуға тарту үшін роуд-шоу ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Ағымдағы жылдың желтоқсан айының басында Банк Еуразиялық даму банкімен бізге 7 жыл мерзімге 5,724 млрд Ресей рублі мөлшерінде кредиттік желі берілген кредиттік шартқа қол қойды. Сондай-ақ біз, ВЭБ.РФ-пен Еуразиялық даму банкімен және Беларусь Республикасының Даму банкімен ынтымақтастық туралы төртжақты меморандумға қол қойдық. Біз Ресей рублімен мәмілелерді жүзеге асыруды дамытуды және қарыз алушыларымызды осы валютада қаржыландыруды жоспарлап отырмыз. Осылайша, біз қарыз алу портфелін әртараптандырамыз, басқа валюталарға қараймыз. Келесі жылы шетелдік нарықтарда теңгеде еуробондтар шығару бойынша жұмысты тағы да қайталауымыз мүмкін.

- Мәжіліс экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша заң жобасын қабылдады, онда алғаш рет заңнамалық деңгейде синдикатталған қаржыландыру тетігі жазылған. ҚДБ бірнеше жыл бұрын банктерге осындай схема бойынша ынтымақтасуды ұсынған болатын, бірақ олар бастама көтерген жоқ. Сіздің ойыңызша, түзетулер жағдайды өзгерте ме?

Шынында да, 2014 жылы ҚДБ синдикатталған кредиттеу бойынша жүйелі жұмысты жандандыруды ұсынды. Сол кезде біз синдикаттар шеңберінде ынтымақтастық бойынша Екінші деңгейдегі банктермен меморандумдарға бастамашылық жасадық және қол қойдық, ЕДБ өкілдерімен кездестік және әлеуетті жобалар идеяларымен алмастық, бірақ мәмілелер жасалған жоқ. Заң жобасына келетін болсақ, біз заңнамалық базаны қайта қарауға тікелей қатысып, осы жұмысты Банкте қайта бастадық.

Қазір екінші деңгейдегі банктер тарапынан синдикатталған қаржыландыруға жоғары қызығушылық бар. Біз бұл механизмнің сұранысқа ие екенін көріп отырмыз. Талқылауға Сбербанк, Халық Банкі, Forte Bank белсенді қатысты. Сонымен қатар, аталған банктерде қызмет көрсетілетін клиенттер де осы схема бойынша жұмыс істеуге дайын. Бізде синдикатталған қарыз арқылы жақын арада іске асырғымыз келетін бірқатар жинақталған жобалар бар. Егер әлеуетті салалар туралы айтатын болсақ, онда бұл - АӨК өнімдерін қайта өңдеу. Қазір біз Forte Bank және Сбербанкпен ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Олардың шешімін күтеміз, мүмкін қаржыландыруды ашамыз.

- Банктің сайтында Қазақстан Республикасының сыртқы саудасының талдау порталы орналасқан. Оның бизнес үшін маңыздылығы мен өзектілігі неде?

Порталы бірінші кезекте Қазақстанның экономикалық қызметінің тиімділігін арттыру үшін әзірленді, кең ауқымды тұлғаларды Қазақстанның сыртқы саудасы туралы ақпаратпен қамтамасыз ету үшін осындай деректер базасы әзірленді, онда өңірлер, салалар, тауарлар бөлінісінде сауда ағындары туралы мәліметтерді интерактивті режимде алуға болады. Біз Ұлттық экономика министрлігінің, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің статистика жөніндегі деректер базасын порталмен байланыстырдық.

портал_page-0001.jpg

Бұл портал несімен тартымды? Талдау әлеуетті арттыруға болатын тауашаларды анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, егер Қазақстан ұзақ жылдар бойы бір өнімді импорттаса, көлемі өсіп келе жатса, онда оны республика аумағында өндіру мүмкіндігі туралы ойлануға болады. Сондай-ақ экспорт бойынша да: егер біз бірдеңе экспорттайтын болсақ және экспорт көлемі өсіп жатса, онда экспорттық әлеуетті кеңейту үшін осы тауардың өндірісін кеңейту немесе жаңғырту қажет болуы мүмкін.

Порталды әзірлеу толығымен аяқталған жоқ, болашақта оған шетелдік инвесторларға инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қажет электр энергиясына, газға және басқа да коммуналдық қызметтерге тарифтер сияқты көрсеткіштерді ескеруге көмектесетін басқа да дерекқорларды қосуды жоспарлап отырмыз.

- Пандемия Банктің жұмыс процесіне қалай әсер етті?

Бұл жылды корпоративті мәдениеттің жетілуіне арналған стресс-тест ретінде қарастыруға болады. Мен ҚДБ пандемиядан аз шығынмен өтті деп қуана қорытындылаймын, өйткені HR тәжірибесін жаңарту процесі сәтті өтті. Біз алғашқылардың бірі болып қызметкерлерді қашықтықтан жұмыс істеу түріне ауыстырдық. Бізде күн сайын барлық қажетті санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, офлайн форматта бар болғаны 5-7 адам жұмыс істеді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 3%-нан аз. Бұл Банктің IT-инфрақұрылымын қолдайтын мамандар, сондай-ақ кеңсе қызметкерлері. Онлайн режимге осындай «шұғыл» көшу Банк қызметіне ешқандай әсер еткен жоқ, керісінше, ҚДБ қызметкерлері өздерінің ұйымшылдығын, тиімділігін, уәждемелілігін және өзін-өзі ұйымдастырушылығын көрсетті.

Бұл мәселеде Банктің IT-құрылымының кемелденгенін де атап өтпеуге болмайды. ҚДБ үшін технологиялық даму әрқашан басымдыққа ие. Біз қазіргі әлемде жаңа технологияларды енгізу негізгі қажеттілік деп санаймыз. Сондықтан Банктің IT жүйесін жаңғыртуды біз 2019 жылы бастадық. Өткен жылдың мамыр айында қызметкерлердің 100% ЭЦҚ алды. Сәйкесінше, біз бизнес-процестерді paper-free – қағазсыз құжат айналымы форматына барынша қайта құрдық. Біз сондай-ақ барлық мемлекеттік органдарға процестерді қағазсыз құжат айналымына көшіру мақсатында заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу мүмкіндігі туралы өтінішпен жүгіндік. Барлық осы шаралар Банкке ауыртпалықсыз, қысқа мерзімде қашықтан жұмыс форматына көшуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Банк клиенттік сервис пен жобаларды қарау процесін автоматтандырып CRM-жүйесін әзірледі, енді Банк клиенттері қашықтан өтінім беріп, Банктің https://my.kdb.kz/login сайтындағы қарыз алушының жеке кабинеті арқылы мәртебесін қадағалай алады.

- ҚДБ-ның 2021 жылға арналған жоспарлары қандай? Келесі жылы не назарда болады?

Бірінші кезекте экономиканы қалпына келтіріп, жобаларды белсенді түрде кредиттеу қажет. Банктің 2023 жылға дейінгі жаңартылған даму стратегиясы шеңберінде заңнамалық түзетулерді ескере отырып, біз өз құралдарымызды, мысалы, синдикатталған қаржыландыруды және кредиттік құралдардың өзге де нысандарын кеңейте аламыз деп күтеміз.

ҚДБ командасы қазір өңдеу өнеркәсібінде, инфрақұрылымда инвестициялық жобалардың сыни массасын қалыптастырады, перспективалы салалық және тауарлық тауашаларды табады. Келесі жылы көптеген қызықты жобалар болады деп ойлаймын. Пандемияның теріс әсеріне ұшыраған туризм саласын атап өткім келеді. Дегенмен, халық саны аз және аумағы үлкен болғандықтан, Қазақстанның бұл салада әлеуеті зор, бұл шетелдік туристке өзін қауіпсіз сезінуге мүмкіндік береді. Мысалы, экотуризм қазір бүкіл әлемдік қоғамдастықта үлкен сұранысқа ие. Бізде туризм саласындағы жобалар пулы бар, біз олардың өміршеңдігін қарастырамыз және кейінірек ақпаратпен бөлісеміз.

Сұхбатымызды қорытындылай келе, қазір коронадағдарысынан шыға алдық па деген сұраққа нақты жауап беру қиын екенін айтқым келеді, өйткені пандемияның экономикаға әсерін бағалау әлі де қиын. Халықаралық сарапшылардың жаңа хаос дәуірінің басталуы, қор нарықтарындағы бағалардың төмендеуі туралы болжамдары белгісіздік тудырады. Біз үшін бір нәрсе түсінікті – ҚДБ-ның ағымдағы әлемдік трендтерді ескере отырып, пандемия кезеңіндегі даму бағыты дұрыс қабылданды: ішкі трансформация, 2023 жылға дейінгі даму стратегиясын өзектендіру, тұрақты даму жобаларына, ESG қағидаттарына белсенді түрде көп көңіл бөлудеміз. Бұдан басқа, біз «жасыл» экономикаға көшу процесін ынталандырамыз және жеке сектордың шетелдік инвесторлардың қатысуымен жобаларды қаржыландыруға қатысуын арттыруға назар аудара отырып, Даму банкінің кредит беру моделін жетілдіруді жоспарлап отырмыз.

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79