• kz

Қазақстандық банктерге және бизнеске синдикаттар не үшін қажет?

IMGL5081.jpg

Синдикатталған қаржыландыру өнімі деген не және ол экономиканың нақты секторын кредиттеуге әсерін айқындау үшін ҚДБ Басқарма төрағасының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Әсет Шәріповпен сұхбаттастық.

- Әсет Болатұлы, синдикатталған қаржыландыру туралы айтып берсеңіз, не себепті Заңға өзгерістер енгізу қажеттілігі пайда болды?

- 2015 жылы ҚДБ Инвестициялық жобаларды синдикатталған қаржыландыру тұжырымдамасын және осы жаңа Кредиттік өнімді Банкке енгізу бойынша іс-шаралар жоспарын бекітті. Мақсаты – жобаларды қаржыландыру кезінде тәуекелдерді бөлу немесе азайту үшін коммерциялық банктермен, халықаралық даму институттарымен жобаларды бірлесіп кредиттеу арқылы ҚР экономикасының шикізаттық емес салаларын кредиттеуді ынталандыру еді.

Біз осы бағытта орасан зор жұмыс жүргізуді бес жыл бұрын бастаған болатынбыз, атап айтқанда «Қазақстанның Даму Банкі туралы» ҚР Заңына өзгертулер енгіздік, жаңа ішкі құжаттарды енгізіп, қолданыстағыларын өзгерттік, Синдикатталған қарыздар нарығының кәсіби қатысушыларының халықаралық қауымдастығына (Loan Market Association) қосылдық және синдикатталған мәмілелерге қатысты құпия құжаттарды қауіпсіз және ыңғайлы алмасу үшін Debtdomain қызметіне қосылдық. Сондай-ақ, біз 28 банкпен, оның ішінде екінші деңгейдегі банктермен, даму банктерімен, ірі шетелдік банктердің еншілес ұйымдарымен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумдар жасастық.

Алайда, содан бері бірде-бір синдикатталған қарыз іске асырылған жоқ. Қазақстан Республикасының құқықтық актілерінде нақты регламенттің болмауына байланысты осы өнімнің тәуекелдері негізгі себеп болып табылады. Сондықтан ҚДБ бұл өзгертулерге бастамашылық жасады және қазір Заң жобасымен Азаматтық кодекске, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Қазақстанның Даму Банкі туралы», «Жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы», «Оңалту және банкроттық туралы» заңдарға түзетулер енгізілуде. Бұдан басқа, «Қарапайым заттар экономикасы» механизміне қолдауды қажет ететін және импортты алмастыруға, экспортқа бағдарлануға және инфрақұрылымдық дамуға бағытталған салаларда ЕДБ мен ҚДБ-ның бірлескен синдикатталған кредиттері бойынша мөлшерлемелерді 6% дейін субсидиялау мүмкіндігін қамтитын түзетулер енгізілді. Алайда, заң жобасын қабылдамай, бұл механизм өзектілігін жоғалтады.

- Осы Заң жобасына қандай жаңа талаптар енгізілді?

- Синдикатталған қаржыландыру кезінде кредитор-кепілзат ұстаушылардың қарыз алушыға ортақ талабы болады, ал кепілзат беруші тұтастай алғанда, сондай-ақ қатысушылардың әрқайсысына қатысты барлық кредитор-банктер синдикатына қатысушылардың пайдасына белгіленген мүлік кепілімен ақшаны қайтаруды қамтамасыз етеді. Сондықтан, мысалы, бөлінбейтін кепілзат кезінде үлестік кепілзат ұстаушылар ретінде әрекет ететін кредиторлардың құқықтық санатын қарастыру қажеттілігі туындады.

Келесі жаңа талап, синдикатталған қаржыландыру кезінде барлық кредиторлардың атынан және мүдделері үшін кредиторлар немесе үшінші тұлғалар арасынан анықталатын бір агент-банк немесе кепілзат басқарушы әрекет етеді. Агент-банктің міндеттеріне кредиторлар тізілімін жүргізу, әрбір кредитор берген қарыздарды есепке алу, қарыз алушыдан түскен төлемдерді есепке алу және синдикат қатысушылары арасында бөлу, кредиттік құжаттаманы қалыптастыру және жүргізу, қарыз алушымен коммуникация және келіссөздер сияқты процедуралар жатады. Агент-банк кепілзат берушімен кепіл шартын жасасады және кепіл шарты бойынша кепілзат ұстаушылардың барлық құқықтары мен міндеттерін жүзеге асырады.

Осы процедуралар синдикаттың барлық қатысушылары үшін өзекті және қолайлы. Қарыз алушы үшін бұл бірнеше кредиторлардың орнына тек бір уәкілетті тұлғамен келіссөздер жүргізу бөлігінде ыңғайлы. Қаржы ұйымы бизнес-процестерді ауырлатпай және артық еңбек ресурстарын тартусыз, кіріс алады және кредиттеудің бүкіл процесін бақылайды.

Егер қарыз алушы шарт бойынша міндеттемелерді орындамаса, кредиторлар кепіл мүлкін соттан тыс не сот тәртібінде өндіріп алуға құқылы, бұл ретте кепіл мүлкін өткізуден түскен ақша кредиторлар арасында олардың талаптарының мөлшеріне бара-бар бөлінетін болады. Сот тәртібінде өндіріп алу кезінде уәкілетті тұлға талап қояды, сот процесіне қатысады және барлық кредиторлардың атынан әрекет етеді және мүдделерін білдіреді. Соттан тыс тәртіпте өндіріп алу кезінде уәкілетті тұлға кепіл мүлкін өткізу процедурасын жүзеге асырады, қарыз алушыны міндеттемелердің мерзімі кешіктірілгені және орындалмау салдары туралы хабардар етеді, қарыз алушы мен кредиторлар арасындағы шарт талаптарының ықтимал өзгеруі туралы үйлестіру қызметін жүзеге асырады. Бұдан басқа, агент-банк борышкерді банкрот деп тану немесе оңалту рәсімін қолдану туралы сотқа жүгінуге құқылы.

- Бұл өнім бизнеске қай жағынан ұтымды болуы мүмкін, өйткені процедуралық тұрғыдан синдикаттар бір ғана кредитор болатын қарапайым кредитке қарағанда әлдеқайда күрделі емес пе?

- Синдикатталған қаржыландырудың басты артықшылығы қарыз алушының неғұрлым төмен пайыздық мөлшерлемелер бойынша және ұзақ мерзімге ірі қаржыландыру алу мүмкіндігі болып табылады. Мысалы, әлсіз капиталдандыру мен жоғары кредиттік тәуекелдердің салдарынан банк жалғыз өзі қарыз алушыға қомақты мөлшерде кредит бере алмайды немесе ұсыну ниеті болмайды. Синдикатталған қарызды тарту ірі компаниялардың ауқымды, капиталды қажет ететін жобаларды қаржыландырудағы қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Процедуралардың күрделілігіне келетін болсақ, керісінше, қарыз алушы әртүрлі банктерден бірдей соманы тартумен салыстырғанда келіссөздер жүргізу және синдикатталған кредит беру шартын ресімдеу бойынша қаржылық және уақыттық шығындарды едәуір қысқартады. Сондай-ақ қарыз алушының ішкі және сыртқы қаржы нарықтарындағы беделін нығайтады, бұл одан әрі оған кредиторлар базасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Синдикатталған қаржыландыру кезінде қарыз алушының кредит беру мерзімін ұлғайтуға және пайыздық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндігі бар.

- Синдикаттар коммерциялық банктерге тартымды ма және Даму банкіне қажеттілігі қандай?

Бүгінгі таңда қазақстандық екінші деңгейдегі банктердің стратегиясы жеке тұлғаларға арналған өнімдер басымдығының пайдасына түзетілген. Жеке тұлғаларды кредиттеу көлемі біруақытта экономиканың нақты секторларын кредиттеу деңгейі төмендеген кезде ұлғаюда. ЕДБ жиынтық кредиттік портфеліндегі жеке тұлғалар кредиттерінің үлесі 2017 жылғы 31,3% - дан 2019 жылы 42,9% - ға дейін өскен.

Бұл монетарлық саясаттың трансмиссиялық тетігінің әлсіз жұмыс істеуіне және реттеушінің банк өнімдерінің тартымдылығына әсер ететін лимиттер бойынша шектеулеріне, кредиттер бойынша төмен мөлшерлемелерге байланысты болуы мүмкін, нәтижесінде ірі және ұзақ мерзімді инвестициялық жобалар үшін үнемі мемлекеттік қор ұсыну талап етіледі, ал бұл бюджет тапшылығы жағдайында жүзеге асыру қиын мәселе.

Сонымен қатар, коммерциялық банктер 2008-2009 жылдардағы әлемдік дағдарыстың салдарынан соңына дейін қалпына келмеді. Қазақстандық ЕДБ-да ұзақ мерзімді капиталды қажет ететін жобаларды кредиттеуге үлкен көлемде «ұзын» ақша жоқ. Сондықтан ірі бизнесті негізінен Даму банкі қолдайды. Алайда, ҚДБ-ның міндеті экономиканың нақты секторына үстемдік ету емес, керісінше біз нарықтық кредит өнімдерін, жеке бастама мен кәсіпкерлікті дамытуды қолдаймыз. Синдикатталған қаржыландыру – бұл кредитор мен қарыз алушы үшін ең аз тәуекелдері бар жаңа өзара тиімді кредит беру өнімін нарыққа шығарудың алғашқы қадамы. Сондықтан тәуекелдерді Даму банкімен және басқа кредиторлармен бөлу мүмкіндігіне байланысты синдикатталған қаржыландыру мәмілелері коммерциялық банктердің ірі жобаларға қатысуы үшін қолайлы жағдайлар жасауы мүмкін.

- Қазақстандық нарықта бұрын осындай банктік синдикаттар болған ба?

- Қазақстан нарығында синдикатталған мәмілелер шикізат – мұнай, газ, атом өнеркәсібі және тау-кен металлургиясы салаларындағы жобалар бойынша жүзеге асырылды. Синдикаттар шеңберіндегі кредиторлар ретінде тек UniCredit, Citi, DeutscheBank, Sberbank CIB, VTB Capital және басқалары сияқты шетелдік қаржы институттары болды. Сондықтан экономиканың нақты секторында отандық коммерциялық банктердің қатысуымен синдикатталған мәмілелер болған жоқ деп айтуға болады.

- ҚДБ осы бағытта тағы қандай жұмыс жүргізіп жатыр?

Синдикатталған қаржыландыру тұрғысынан отандық банктермен, ЕҚДБ, ЕАДБ, ВЭБ.РФ сияқты шетелдік даму институттарымен өзара іс-қимылды жалғастырып жатырмыз. Ағымдағы жылдың қаңтар айында ҚДБ «Бәйтерек» холдингі делегациясының құрамында ВЭБ.РФ-та көшпелі сессия өткізді. ВЭБ.РФ-тегі әріптестеріміз синдикатталған қаржыландырудың ерекшеліктері туралы айтып, синдикаттың жүзеге асырылған мәмілелерінің сәтті кейстерімен таныстырды. Алған білімімізді Қазақстанда синдикатталған кредиттеуді одан әрі дамыту үшін пайдаланатынымыз сөзсіз. «Бәйтерек» холдингі мен ВЭБ.РФ инвестициялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, онда ықтимал бірлескен синдикатталған қарыздар да көзделген. Бұдан басқа, «Сбербанк России» АҚ ЕБ, «Forte Bank» АҚ, «Halyk Bank» АҚ» сияқты нақты коммерциялық банктермен синдикаттар бойынша жұмыс жалғасуда.

ҚДБ қазірдің өзінде синдикатталған қаржыландыру тұрғысынан әлеуетті қаралатын бірнеше жобалардан пайплайн қалыптастырды. Осы жобалар бойынша қарыздардың жалпы сомасы 397,7 млрд теңгені құрайды. Бұл мұнай-газ өңдеу, металлургия, тамақ өнеркәсібі және газ құбырлары бойынша тасымалдау жобалары.

ҚР Президенті Заңға қол қойып, ол күшіне енгеннен кейін ҚДБ өз қызметтерін ұсынуға және синдикатталған қаржыландыру бөлігінде қаржы ұйымдарымен белсенді ынтымақтасуға дайын, өйткені бұл құрал шарттық құқықтық негізге ғана емес, сонымен қатар заңнамалық негізге де сүйене отырып, қарыз алушылар үшін де, екінші деңгейдегі банктер үшін де артықшылықтарға ие, бұл мәміле тараптарының әрқайсысының құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсаттары үшін маңызды.

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79