Банк развития Казахстана
  • kz

Жаңалықтар

ҚДБ Варшавадағы бизнес-форумда қаржы құралдарын таныстырды

Варшавада кезекті Қазақстан-Польша бизнес-форумы өтті, онда «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ, «Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымы) өкілдері поляк мемлекеттік қайраткерлері мен бизнесмендеріне өз арсеналындағы инвестициялық жобалар мен экспорттық операцияларға арналған қаржы құралдарын ұсынды, сондай-ақ Польша даму қорының (Polish Development Fund), Польша ұлттық даму банкінің (Bank Gospodarstwa Krajowego), KUKE экспорттық-кредиттік сақтандыру корпорациясының (PFR Group KUKE) және «Поляк Мемлекеттік темір жолдары» компаниясының (PKP Polskie Linie Kolejowe S. A.) басшылығымен екіжақты кездесулер өткізді.

ҚДБ делегациясын Басқарма төрағасы Абай Сарқұлов өзі басқарды, оның құрамына Банктің басқарушы директорлары Дастан Ахметов пен Ботагөз Әбішева кірді.

Қазақстан мен Польшаны көпжылдық достық қатынастар байланыстырады, олар бүгінде елдер арасындағы терең және өзара тиімді сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды дамыту үшін берік негіз қалайды. Өңірлік қаржы ынтымақтастығын күшейтудің өзекті перспективаларын талқылау Варшавада өткен Қазақстан-Польша бизнес-форумының басты арқауы болды. Кездесуге қатысушылар өнеркәсіп, жасыл технологиялар және агроөнеркәсіптік кешен сияқты секторларды дамытуға ерекше назар аударды. Өткен жылғы қызмет нәтижелерін атай отырып, Қазақстанның Даму Банкі делегациясының басшысы Абай Сарқұлов өзінің алғы сөзінде бүгінде ҚДБ-ның өңдеуші өнеркәсіп пен ЖЭК-ті қоса алғанда, секторлардың кең ауқымы бойынша әртараптандырылған кредиттік қоржынына ие екенін және ESG стандарттарын ескере отырып, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға бағытталғанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта біздің өз арсеналымызда өңірдегі әрбір даму институты мақтана алмайтын қаржы құралдарының кең ауқымы ғана емес, сонымен қатар техникалық, маркетингтік, қаржылық аспектілерді егжей-тегжейлі жоспарлауды және пысықтауды талап ететін greenfield жобалардан бастап жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға дейінгі ауқымды және техникалық күрделі жобаларды құрылымдау бөлігінде құнды құзыреттер бар», - деп атап өтті ҚДБ Басқарма төрағасы Абай Сарқұлов.

Оның айтуынша, 2021 жылдың маусым айының соңындағы жағдай бойынша Банктің кредиттік қоржынының көлемі 1 893,9 млрд теңгені құрады, осы кезеңде ҚДБ өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылымға 114,9 млрд теңге инвестициялады.

«Осы жылдың 6 айында біз 4 жобаны іске қостық, 114,9 млрд теңге сомаға 19 жобаны қаржыландырдық, сондай-ақ инвестициялық жобалар мен экспорттық операцияларды қаржыландыру аясында 211 млрд теңге сомаға 6 өтінім мақұлданды. Осының барлығы Банк командасының ірі мәмілелерді құрылымдау бөлігіндегі құзыретінің жоғары деңгейін көрсетеді және енді осы саладағы мамандар ретіндегі біз үшін ғана емес, жалпы қазақстандық кәсіпкерлер үшін де Польша тарапымен ынтымақтастық бөлігінде жаңа мүмкіндіктердің ашылатынына қуаныштымыз», - деп толықтырды Абай Сарқұлов.

Форум шеңберінде ҚДБ өкілдері Польшаның негізгі қаржы даму институттарымен, атап айтқанда Польша ұлттық даму банкіндегі (Bank Gospodarstwa Krajowego) әріптестерімен бірқатар кездесулер өткізді. Басқарма Президенті Беата Дашиньска – Музыкамен (Beata Daszyńska-Muzyczka) әңгіме барысында Абай Сарқұлов 4 жыл ішінде 5 есеге өскен экономикалық дамуға бағытталған капиталды жұмылдыру бойынша поляк институты командасының айтарлықтай жетістіктерін атап өтті. Сондай-ақ тараптар екі ұйымның жаңа даму стратегиясын, ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға, қазақстандық және поляк тауарлары мен қызметтерінің экспортының өсуіне ықпал ететін инвестициялар тарту бойынша бірлескен жұмыстың күш-жігерін талқылады. Бұл кездесу 2016 жылы бірлескен жобаларды іске асыруды көздейтін негіздемелік келісім негізінде қол қойылған уағдаластықтарды ұстанудың қисынды жалғасы мен символына айналғанын атап өткен жөн.

Польша 1.jpg

Польшаның даму қорының (мемлекеттік қаржы тобы) басшылығымен кездесу барысында Вице-президент Bartlomiej Pawlak компаниялардың, жергілікті билік органдарының және жеке тұлғалардың дамуын, сондай-ақ тұрақты әлеуметтік даму мен ұлттық экономикалық өсуге инвестицияларды қолдайтын құралдардың тұсаукесерін өткізді. Тараптар бірлескен ұзақ мерзімді инвестициялық және экономикалық әлеуетті арттыруды талқылады, атап айтқанда, ЖЭК саласындағы ықтимал жобаларды талқылау, сондай-ақ жоғары технологиялық және таза өндірістерді қолдау түйісу нүктесі болды.

Польша 2.jpg

ҚДБ мен «Польша Мемлекеттік темір жолдары» (PKP Polskie Linie Kolejowe S. A.) компаниясының болашақтағы ықтимал ынтымақтастығын талқылай отырып, Абай Сарқұлов банктің кредиттік қоржынындағы темір жол құрылысы мен машина жасау, атап айтқанда рельстер, темір жол дөңгелектері, бекіткіштер, жүк вагондары өндірісі саласындағы табысты жобалар туралы айтып берді. PKP Polskie Linie Kolejowe S. A Басқарма төрағасының орынбасары Piotr Majerczak Польшаның теміржол инфрақұрылымын дамыту шеңберінде қазақстандық қызметтер мен тауарларды пайдалану мүмкіндігіне қызығушылық танытты. Осылайша, Польша тарапы Польша темір жолдарының стандарттарына сәйкес аталған өнімді сертификаттаудан өту бойынша ынтымақтастыққа дайындығын білдірді.

Польша 3.jpg

ҚДБ шикізаттық емес экспортты қолдау аясында қазақстандық экспорттаушыларды белсенді қолдайды және KUKE (PFR Group KUKE) экспорттық-кредиттік сақтандыру корпорациясының Басқарма төрағасымен кездесу кезінде Janusz Władyczak экспорттық бағыттағы жобалар бойынша ақпарат алмасуға келісті. ҚДБ басшысы Банктің талдау порталын таныстырды және экспорттық операцияларды қолдау құралдары туралы айтып берді, өз кезегінде Польша тарапы ҚДБ қатысатын жобалар бойынша сақтандыру мен кепілдіктер беруге дайын екенін білдірді.

Айта кету керек, «waste to energy» бастамасы аясында ҚДБ делегациясы Легница қаласындағы жылына 40 000 тонна қоқыс өңдейтін қоқыс сұрыптау желісіне барды, жобаны Falubaz Polska компаниясы жүзеге асырды. Қолданыстағы таныстырылған желі қоқысты макулатураға, шыны ыдысқа, пластикке, сондай-ақ полиэтиленге сұрыптай отырып, қайта өңдеуді жүзеге асырады. Компания Қазақстанның қолданыстағы экологиялық талаптарына сәйкес Қазақстанда қоқыс өңдеу өндірістерін іске асыруға дайын екендігін білдірді.       

4 күнге созылған Қазақстан-Польша форумы алаңындағы бірқатар B2B кездесулерден басқа, қатысушылар Қазақстанға поляк инвестицияларын тарту мүмкіндіктерін талқылады. Кездесудің барлық қатысушылары шетелдік инвесторлар үшін қауіпсіздік пен тұрақтылықтың кепілі ретінде ҚДБ-ның бұл үдерістегі маңызды рөлін атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, банктің кредиттік рейтингтері Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингі деңгейінде расталды.

Польша 4.jpg

«Біз польшалық серіктестермен және бизнесмендермен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту үшін жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды іске қосу бөлігінде ғана емес, тәжірибе алмасу тұрғысынан да үлкен әлеуетті көріп отырмыз. Форум алаңында өткен кездесулер ірі кәсіпкерлікті қолдау, біздің бизнесмендер үшін жаңа мүмкіндіктерді дамыту бойынша білім трансфертіне ықпал ететініне сенімдімін», - деп атап өтті өзінің қорытынды сөзінде Абай Сарқұлов.

Польша 5.jpg

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79