18 ақпанда Астанада Ұлыбритания елшілігінің ұйымдастыруымен «Инфрақұрылымдық бастамалардағы серіктестік: Болашақты бірге құрамыз» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға ҚДБ Басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Әбішева қатысып, Банктің инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға және оларды іске асыру тетіктеріне назар аударатыны туралы атап өтті.
Ол экспорттық-кредиттік агенттіктер (ЭКА) арқылы қаржыландыру тартудың әлеуетін атап өтіп, ҚДБ-ның шетелдік ЭКА-мен табысты мәмілелерінің мысалдарын келтірді және ірі жобаларды іске асыру үшін стратегиялық серіктестіктің маңыздылығын атап өтті. 2024 жылы қаржыландыруға мақұлданған инфрақұрылымдық жобалардың көлемі 1,38 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 175%-ға көп.
Сәтті жүзеге асырылған жобалар ретінде көлік және энергетика инфрақұрылымын жаңғырту бастамалары, соның ішінде автомобиль жолдарының құрылысын қаржыландыру жобалары мысал ретінде келтірілді. Мәселен, 2023 жылы ҚДБ инфрақұрылымдық жобаларға 210 млрд теңге бөлсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 326 млрд теңгеге дейін өсті.
Инновациялық қаржы құралдары мен инфрақұрылымның тұрақты дамуын қолдау тетіктеріне ерекше назар аударылды. Халықаралық серіктестік аясында ҚДБ италиялық SACE экспорттық-кредиттік агенттігінің қолдауымен CDP компаниясымен 200 млн еуро сомасына кредиттік желіге қол қойды. Сондай-ақ, JPMorgan-нан EIFO сақтандыруымен 120 млн АҚШ долларын, Sumitomo Mitsui Banking Corporation, Deutsche Bank Hong Kong, The Bank of Tokyo-Mitsubishi IJF, Credit Agricole Corporate and Investment Bank банктерінің синдикаттарынан Sinosure сақтандыруымен 225 млн АҚШ долларын тартты.
«ЭКА қолдауымен қаржыландыру – Қазақстан инфрақұрылымын қаржыландырудағы маңызды құрал. ҚДБ ЭКА қолдауымен жасалатын транзакцияларды қамтамасыз ету және құрылымдау бойынша үлкен тәжірибеге ие. Алайда, оның толық әлеуетін ашу үшін стратегиялық және ұжымдық күш-жігер қажет. Біз ЭКА қолдайтын қаржыландырудағы рөлімізді кеңейтуді жалғастырамыз және одан әрі диалогқа ашықпыз», – деп қорытындылады Ботагөз Әбiшева.
ҚДБ халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты дамытуды жалғастыра отырып, Қазақстанның стратегиялық инфрақұрылымдық жобалары үшін ұзақ мерзімді капитал тартуды және тиімді қаржылық шешімдер ұсынуды қамтамасыз етеді.