«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ мен Өзбекстан Республикасының «Узпромстройбанк» АКБ халықаралық ынтымақтастық аясында проблемалық активтерді басқару саласында тәжірибе алмасты.
Кездесу барысында ҚДБ өкілдері сауда қаржыландыруы мен қазынашылық операцияларды, проблемалық кредиттерді өндіріп алудың практикалық тәжірибесі мен тиімді стратегияларын, борышкерлермен өзара іс-қимылдың инновациялық әдістерін және сот өндіріп алу процестерін оңтайландыруды қоса алғанда, бірқатар негізгі мәселелерді егжей-тегжейлі таныстырды.
«ҚДБ өндіріп алудың құқықтық, талдамалық және жедел құралдарын біріктіретін көп сатылы және жүйелі стратегияны әзірледі. Тәжірибе сотқа дейінгі жұмыстан бастап банкроттыққа дейін және борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуға дейінгі барлық кезеңдерде кешенді тәсілдің жоғары тиімділігін көрсетті», - деді Проблемалық активтермен жұмыс жөніндегі қызмет басшысы Төлеген Баймолдин.
Банктегі проблемалық берешекті өндіріп алу тәжірибесі жеделдікке, ашықтыққа және стратегиялық икемділікке баса назар аудара отырып, құқықтық, экономикалық және аналитикалық құралдарды біріктіреді. Банк уақтылы қабылдаған шаралардың арқасында ҚДБ-ның проблемалық қоржыны Қазақстанның қаржы нарығындағы ең төменгі деңгейде: жалпы кредиттік қоржынның NPL көрсеткіші 1%-дан аз.
Кездесу соңында тараптар тәжірибе алмасу және бірлескен білім беру мен зерттеу жобалары форматында ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады.