«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы) Energy Monitor қоғамдық қоры жыл сайын ұйымдастыратын ENERGY TRENDS: Gas & Petrochemicals конференциясына қатысты. Панельдік сессиялар барысында Қазақстанның газ тасымалдау саласын дамыту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда: жаңа газ құбырлары тармақтарын кеңейту мен салу, еліміздегі газ химиясының дамуы, геологиялық барлау және газ саласындағы ауқымды жобалар қаралды.
«Газ – экономиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының импульсі» тақырыбындағы панельдік сессияда ҚДБ өкілдері Банктің миссиясын жүзеге асыру аясында саланың маңыздылығы және газ саласындағы жобаларды қолдауға арналған қаржылық құралдар туралы айтты.
«Банк түрлі салалардың қажеттіліктеріне бейімделген кең ауқымды қаржылық құралдарды ұсынады. Мәселен, ҚДБ ірі өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларды өз қаражаты, мемлекеттік бағдарламалар есебінен, сондай-ақ синдикатталған несиелеу механизмдерін, кепілдіктер беруді және шетелдік банктер мен қаржы институттарынан тартылған қаржы есебінен қаржыландыруды ұйымдастыру жолымен қолдайды», – деді ҚДБ аға банкирі Ерлан Ибраев.
Банктің мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы саласындағы негізгі жобаларының қатарында Павлодар, Шымкент және Батыс Қазақстан облысының МӨЗ-ін, сондай-ақ Атырау МӨЗ-ін жаңғырту бар. МӨЗ-ді жаңғыртуда Банктің қолдауы мұнайды өңдеу тереңдігін едәуір арттыруға, бензол және параксилол сияқты құнды өнімдерді шығаруды игеруге, экологиялық таза отынға көшуге мүмкіндік берді. Кәсіпорындарда барлығы 7 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. МӨЗ Қазақстанның ірі салық төлеушілері болып табылады. Өткен жылдың деректері бойынша салық төлемдері 480 млрд теңгеден асты.