«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы мен «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (бұдан әрі – ҚДБ) Басқарма төрағасы Марат Елібаевтың Алматы қаласына жұмыс сапары өтті. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес экономиканың нақты секторын қаржыландыруға екінші деңгейлі банктерді (ЕДБ) тартуға бағытталған.
Сапар аясындағы негізгі іс-шара – Экономиканың нақты секторын кредиттеу жөніндегі жобалық кеңсе басқарушысының отырысы. Отырысқа Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымдары мен ЕДБ басшылары қатысты. Отырыс ұйымдастырушысы – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ. Тараптар басым салаларды қаржыландыру мәселелері бойынша пікір алмасып, одан әрі өзара іс-қимылдың тәсілдерін келісті.
Бұдан басқа, ЕДБ басшылығымен жеке кездесулер өтіп, ынтымақтастықты кеңейту, инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыру, сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ жанынан құрылған жаңа қор арқылы ірі бизнеске кепілдік беру тетігін қоса алғанда, қаржыландырудың жаңа құралдарын енгізу мәселелері талқыланды.
«Қазақстанның Даму Банкі қаржы институттарымен әріптестікті жүйелі түрде кеңейтіп келеді. Мұндай кездесулер қаржыландыру тәсілдерін жедел түрде келісіп, отандық кәсіпкерлікті қолдау мен инвестициялық жобаларды іске асыру үшін тиімді шешімдерді бірлесіп іздеуге мүмкіндік береді», - деді ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаев.