• kz

Инженерлік-техникалық мамандықтардың 30 студенті мен түлектері ҚДБ-ның қолдауымен Қазақстанның аса ірі кәсіпорындарында тағлымдамадан өтеді

«Қазақстанның даму банкі» АҚ («Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚДБ, Банк) Қазақстанда инженерлік-техникалық құзыреттерді танымал етуге және дамытуға бағытталған «Керек адам» әлеуметтік-білім беру жобасының (бұдан әрі – Жоба) іске қосылғаны туралы хабарлайды. Жоба «Taiburyl» қоғамдық бірлестігімен (бұдан әрі – Бірлестік, «Taiburyl» ҚБ) бірлесіп іске асырылады, оған Банк 9 млн теңге сомасында грант бөледі. Жоба шеңберінде Қазақстанның арнайы орта және жоғары оқу орындарының инженерлік-техникалық мамандықтары бойынша оқып жатқан 3-4 курстарының 30 студенті және оқып бітірген түлегі (2015-2018 жылдардың түлектері) елдің аса ірі кәсіпорындарында, соның ішінде Банк қаржыландырылғандарында, ағымдағы жылғы қараша – 2019 жылғы сәуір аралығындағы кезеңде ақысы төленетін тағлымдамадан өтеді.

«Қазақстанның Даму банкі» Жаңа Индустрияландыру бағдарламасының негізгі операторларының бірі ретінде инженерлік-техникалық құзыреттер әлеуетінің кеңеюіне мүдделі, және түпкі нәтижесінде біздің еліміздің аумағында аса ірі индустриялық жобалардың сәтті іске асырылуына ықпал етеді. Банктің осы бағыттағы жеке бастамаларға қолдау көрсетуі жоғарыда көрсетілген әлеуетті дамытуға өз үлесін қосады деп ойлаймын», деп атап өтті ҚДБ Басқармасының төрағасы Болат Жәмішев.

Жобаға қатысатын тағлымгерлерді іріктеу екі кезеңде конкурстық негізде жүзеге асырылатын болады. Бірінші кезеңде үміткерлерге Бірлестіктің http://taiburyl.kz сайтына іріктеу критерийлеріне толық сәйкестікті растайтын құжаттарды қоса бере отырып, өтінім беру, екінші кезеңде – «Осы заманғы Қазақстан үшін менің кәсібімнің маңызы» тақырыбына эссе жазу қажет.

Үміткерлерді іріктеуге арналған критерийлер мыналар болып табылады:

  • Қазақстан Республикасының азаматтығы;
  • бейіндік оқу орындарының бакалавриатының немесе магистратурасының 3 немесе 4-курсында оқуы не түлекке берілетін дипломының болуы, бұл ретте оқу үлгірімі GPA 3,7 баллынан төмен болмауға тиіс;
  • машина жасау, металлургия, жылу энергетикасы, электр энергетикасы, автоматизация және басқару, химия, физика, компьютерлік жүйелер, мұнай-газ ісі, стандарттау, сертификаттау, логистика, геология, радиотехника және т.б. сияқты техникалық мамандықтар бойынша оқу.

Оқу кезінде республикалық және халықаралық ғылыми жарыстарда жүлделі орындар алу және марапатқа ие болу, конференциялар мен форумдарға қатысу, әлеуметтік жауапкершілікті көрсететін өз жобаларын іске асыру және практикалық қызметте кәсіби дағдылары мен білімін қолдана білу тағлымдамадан өтуге үміткерлер үшін қосымша артықшылықтар береді.

Жобаға қатысу үшін өтінімдер қабылдау ағымдағы жылғы қарашада ашылады, бірінші кезеңде үміткерлерді іріктеуді «Taiburyl» ҚБ жүргізеді. Екінші, соңғы кезеңнің нәтижелері ҚДБ өкілдерінің қатысуымен қорытындыланатын болады. Конкурстың қорытындылары Банктің http://kdb.kz ресми сайтында, сондай-ақ Бірлестіктің http://taiburyl.kz сайтында жарияланатын болады.

Конкурстың жеңімпаздары мына кәсіпорындардың бірінде ай сайын 50 000 теңге төлеммен тағлымдамадан өтеді: Атырау мұнай өңдеу зауыты, Павлодар мұнай-химия зауыты, Ақтөбе рельс-арқалық зауыты, Екібастұз қаласындағы «Проммашкомплект» ЖШС-ның бағыттау бұрғыштары мен темір жол дөңгелектерін жасау зауыты, «Конденсат» АҚ (Батыс Қазақстан облысы), Алматы қаласындағы Ғарыш станциясы.

 


АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79