• kz

#ҚДБ өңірлерде – Алматы облысы

Банктің табысты жобаларының бірі – аккумуляторларды шығару бойынша толық циклі бар және қазақстандық нарықтағы автомобиль аккумуляторларын өндіру нарығының шамамен 80%-ын қамтитын «Қайнар-АКБ» компаниясы. ҚДБ-ның Қайнар-АКБ-мен ынтымақтастығы 2015 жылғы мамырда ірі кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру үшін банкаралық кредиттеу бағдарламасы бойынша жаңартылатын кредит желісін ашу кезінде басталды. Осыдан кейін компания банк тарапынан бірнеше рет, соның ішінде жабдықтарды жаңғырту бойынша инвестициялық мақсаттарға, айналым қаражатын толықтыруға қаржы тартты. Сондай-ақ, Банк «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2 млрд теңгеге қаржыландырып, компанияның экспорт алдындағы қызметін қолдады. «Kainar», «Bars», «Nomad» және «Вожак» атаулы аккумуляторлары әлемнің 15 еліне: ТМД-дан басқа, жаңа нарықтарға – Германияға, Италияға, Ауғанстанға, Қытайға, БАӘ-ге экспортталады.

Өңірдің тағы бір ірі экспорттаушысы – «RG Brands Kazakhstan» ЖШС. Қазақстандық компания «А'SU» суын, «Gracio», «Da-Da», «Нектар Солнечный» табиғи шырындарын, «Солнечный» лимонадын, құрамында шырыны бар «DaDaDay» сусындарын, «Пиала» және «Lipton Ice Tea» суық шайын, сондай-ақ «Pepsi», «Mirinda», «7Up» алкогольсіз газдалған сусындарын өндіреді. ҚДБ-ның «RG Brands Kazakhstan» ЖШС-мен ынтымақтастығы 2008 жылғы ақпанда басталды, ол кезде Банк компанияға сусындар өндіру жөніндегі жаңа зауыттың құрылысына 10 млн доллар мөлшерінде алғашқы инвестициялық қарыз берген болатын. Бүгінгі таңда RG Brands ҚДБ-да ашық кредиттік желі аясында шамамен 5 млрд теңге мөлшерінде табысты қаржыландырылуда және экспорт көлемі бойынша оң динамикаға ие, сондай-ақ шетелде отандық өнім көлемін одан әрі ұлғайту бойынша жоспарлар құруда.

Алматы облысының тамақ өнеркәсібі саласында ҚДБ-ның тағы бір ірі қазақстандық өндіруші «Маслодел» ЖШС-інің жобасы бар. «Масло-Дел» компаниясы 280-нен астам атауы бар сүт және өсімдік өнімдерін өндіреді және экспорттайды. Қазақстанның барлық ірі қалаларында 23 филиалы және Қытайда еншілес кәсіпорны, сондай-ақ өзінің дистрибьюторлық желісі бар. Компания штатында 2400-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Өткен жылы «Масло-Дел» ЖШС шығаратын өнімнің жалпы көлемі 160 мың тоннадан асты. Соңғы деректер бойынша, «Масло-Дел» экспортты 8 еседен астам арттырады, компания экспорттайтын өнім көлемі соңғы жылдары 2 млрд-тан 17 млрд теңгеге дейін өсті. Өз кезегінде ҚДБ экспорт алдындағы қаржыландыру сомасы – 5 млрд теңге.

ҚДБ энергия жобаларының қоржынында өңірдің 2 ЖЭК жобасы – қуаты 100 МВт Nurgisa және 50 МВт Қаскелең күн электр станциялары бар.

ҚДБ 10 жыл мерзімге 10,8 млрд теңге сомасына несие желісін ашып, 2019 жылы «Eneverse Kunkuat» компаниясының «жасыл» жобасын қолдады. Электр станциясының жұмысы 160 млн киловатт сағат өндіру есебінен көмірқышқыл газының шығарылуын жылына 150 мың тоннаға қысқартуға ықпал етеді.

Өткен жылдың желтоқсан айында Алматы облысында «Mistral Energy» ЖШС жүзеге асырған қуаттылығы 50 МВт тағы бір Қаскелең күн электр станциясының құрылысы аяқталды. Оның құны 13,56 млрд теңгені құрады, оның 10,9 млрд теңгесін Даму банкі берді. «Жасыл» жоба «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

ҚДБ энергетика саласында өңірдегі тағы бір жобаны – Мойнақ ГЭС құрылысының инвестициялық гидрожобасын қаржыландырған. Бұл – Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне маңызды үлес. Осылайша, ГЭС бүкіл Алматы облысы халқының бесінші бөлігінің энергияға қажеттілігін қамтамасыз етеді. ҚДБ жобасын қаржыландыру сомасы – 118,6 млн доллар.

Даму Банкінің жобалары туралы толық ақпарат мына сілтеме бойынша ресми сайтта ұсынылған: https://www.kdb.kz/projects/.

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79