«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚДБ, Банк) халықаралық капитал нарықтарында екі транштан тұратын еурооблигациялар шығарылымын сәтті орналастырды.
Мәміле аясында Банк 500 миллион АҚШ доллары көлеміндегі еурооблигацияларды 5,3 жыл мерзімге, купондық мөлшерлемесі 4,6 пайыз және орналастыру кезіндегі кірістілігі 4,85 пайыз деңгейінде орналастырды. Бұл ретте ҚДБ-ның долларлық облигациялары бойынша табыстылық айырмасы 110,8 базистік тармаққа дейін қысқарып, Банк тарихындағы ең төмен көрсеткіштердің біріне айналды.
Екінші транш – 300 миллиард теңге көлеміндегі, 3 жыл мерзімге арналған, 18,4% кірістілік және купондық мөлшерлемемен орналастырылған еурооблигациялар. Аталған шығарылым ҚДБ тарихындағы ғана емес, тұтас өңірдегі ұлттық валютада жүзеге асқан ең ауқымды еурооблигация орналастыру ретінде тіркелді.
Орналастыру Вена қор биржасы WBAG, АХҚО биржасы Astana International Exchange және Қазақстан қор биржасы KASE алаңдарында өтті. Мәміленің жаһандық үйлестірушілері және жетекші ұйымдастырушылары ретінде – J.P. Morgan, Citi Bank және Societe Generale, бірлескен жетекші ұйымдастырушысы – Mashreq Bank, ал жергілікті қаржылық кеңесшісі– «ForteFinance» АҚ болды.
Аталған мәміле халықаралық инвесторлардың ҚДБ-ның қаржылық құралдарына деген жоғары сенімін көрсетті және Банктің қаржыландыру көздерін әртараптандыру стратегиясын жүзеге асырудағы маңызды қадамға айналды.
Инвесторлар тарапынан сұраныс күткеннен де жоғары болды: долларлық траншқа сұраныс 2,4 есе, ал теңгелік траншқа 1,9 еседен асып түсті.
Орналастыру аясында инвесторлардың географиясы кеңейді – Қазақстаннан бөлек, АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария, Еуропалық одақ елдері, Таяу Шығыс және Шығыс Азия нарықтарынан қатысушылар болды.
– Капитал нарықтарындағы жоғары құбылмалылық жағдайында ҚДБ екі транштық орналастыруды уақтылы іске асырып, тиімді қарыз алу құнын бекітуге және стратегиялық маңызы бар жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік алды. Бұл мәміле халықаралық инвесторлардың сенімін және Банктің өңірдегі жетекші бағалы қағаз шығарушы ретіндегі тұрақты ұстанымын дәлелдейді, – деді Басқарма төрағасы Марат Елібаев.
Тартылған қаражаттар Банктің өңдеу, металлургия, химия және мұнай-химия өнеркәсібіндегі бірқатар инвестициялық жобаларын, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен мен транспорт инфрақұрылымын қаржыландыруға бағытталатын болады.
Осы сынды мәмілелердің арқасында Қазақстанның Даму Банкі қаржыландыру көздерін әртараптандыру, халықаралық капитал нарықтарындағы позициясын нығайту және ел экономикасының тұрақты дамуына үлес қосатын басым жобаларды қолдау стратегиясын табысты жалғастыруда.