Банк развития Казахстана
  • kz

Мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы бойынша есептілік

Жеңілдікпен автокредит беру бағдарламасы

Даму Банкі 2015 жылғы 20 сәуірде іске қосылған Жеңілдікпен автокредит беру бағдарламасының операторы болып табылады. Банк Бағдарлама шеңберінде ЕДБ-лерден келіп түсетін өтінімдерді түпкі қарыз алушыларды қаржыландырудың төмендегі шарттарына сәйкестігі мәніне келіседі: отандық құрастырылымдағы автомобильдің маркасы, автомобильдің 1 бірлігінің ең жоғары құны, сыйақы мөлшерлемесі, кредиттеу мерзімі. Жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қараумен, тексерумен және олардың қарыздарын мақұлдаумен екінші деңгейдегі банктер айналысады.

Жеке тұлғаларға отандық өндірістің жеңіл автокөлігін сатып алуға кредит беру шарттары мынадай: сыйақының номиналдық мөлшерлемесі – жылдық 4%аспайды, бұл ретте жылдық тиімді мөлшерлеме (автокөлікті сақтандыру және кепілге ресімдеу жөніндегі шығындар қамтылады) жылдық 7,5% аспауға тиіс. Кредиттеу мерзімі – 7 жылдан аспайды, қарыз валютасы – теңге, жеңіл автокөліктің бір бірлігінің құны – 15 млн теңгеден аспайды.

Жеңілдікпен автокредит беру бағдарламасын қаржыландырудың револьверлік сипаты бар, яғни, қолданыстағы кредиттерді өтеуден түскен төлемдер автокредит беруге қайта жіберіледі.


Өңдеу өнеркәсібіндегі ірі кәсіпкерлік субъектілеріне кредит беру

Банкаралық қаржыландыру бағдарламасы 2014 жылы іске қосылған болатын. Банкаралық кредиттеу механизмдері арқылы ірі кәсіпкерлік субъектілерін (бұдан әрі – ІКС) қолдау үшін Даму Банкіне Қазақстан Республикасы Үкіметінің төмендегі шешімдеріне сәйкес жалпы сомасы 100 млрд теңге қарыз қаражаты бөлінді:

- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы № 1276 қаулысы

- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 11 наурыздағы № 124 қаулысы.

Пайдаланылған әдебиеттер

Мұрағат


Инфрақұрылымдық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы

Инфрақұрылымдық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – «Нұрлы жол» бағдарламасы) Мемлекет басшысының 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мақсатында іске қосылды.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ «Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде кәсіпкерлік субъектілеріне мынадай төрт бағытта қолдау көрсетеді: банкаралық кредиттеу механизмдері арқылы отандық автоһндірушілерді қолдау, отандық экспорттаушыларды қолдау, отандық вагон жасаушыларды қолдау, ірі кәсіпкерлік субъектілерін қолдау.

«Нұрлы жол» бағдарламасын қаржыландыру револьверлік сипатты иеленеді.




Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – ИИДМБ) Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 1 тамыздағы № 874 Жарлығына сәйкес қабылданды.

2015-2019 жылдарға арналған ИИДМБ мақсаты – күш-жігер мен ресурстарды секторлардың шектеулі санына, кластерлік тәсілдеме қолданылатын өңірлік мамандануға және тиімді салалық реттеуге шоғырландыра отырып, өңдеу өнеркәсібін дамыту.

«Қазақстанның Даму Банкі» ірі жобаларды қаржылық қолдауды жүзеге асыруға жауап беретін ИИДМБ операторы болып табылады.



Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Үкіметтің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1050 қаулысымен бекітілді.

2020-2025 жылдарға арналған ИИДМБ мақсаты ішкі және сыртқы нарықтарда Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілетті өңдеу өнеркәсібін қалыптастыру болып табылады.

Бағдарлама шеңберінде Даму Банкі ірі жобаларды ұзақ мерзімді қаржыландыруды жүзеге асыратын болады, атап айтқанда, қазақстандық өнімнің шетелдік нарықтарға экспортын қаржылық қолдау басым бағыттардың бірі болып қала береді.