«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚДБ, Банк) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың бір бөлігін мерзімінен бұрын қайтарды. Атап айтқанда, ҚДБ Холдингке 23,5 млрд теңге көлеміндегі қаражатты аударып, өз кезегінде Холдинг бұл соманы жыл соңына дейін Ұлттық қорға толықтай қайтарады.
ҚДБ мемлекеттік индустрияландыру саясаты аясында 2020–2025 жылдарға арналған Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуы мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі негізгі жобаларды қаржыландыруға белсенді қатысты.
2014 жылы ҚДБ-ға «Бәйтерек» холдингі арқылы Ұлттық қордан 50 млрд теңге бөлінген болатын. Бұл қаражат 2034 жылға дейін қайтарылуы тиіс еді.
Аталған ресурстар есебінен Банк 13 стратегиялық маңызы бар жобаны жеңілдетілген шартпен қаржыландырып, олардың барлығы бүгінгі күні толық іске қосылды.
Қаржыландырылған кәсіпорындар тұрақты өндіріс режиміне өтіп, бюджетке салық түсімдерін қамтамасыз етіп, түсетін табыс есебінен Банктің қаржысын өтеуді бастап кетті.
– Бұл бастамалар салаларды жаңғыртуда маңызды рөл атқарды. Кәсіпорындар өндірісті жолға қойып, жұмыс орындарын ашты, экспортты арттырды. Біз экономиканы тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ете отырып, міндеттемелерді уақытылы орындауды жалғастырамыз, - деп атап өтті ҚДБ басқарма төрағасы Марат Елібаев.
Ұлттық қор қаражаты есебінен іске асқан индустриялық жобалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі серпін берді.
ҚДБ қаржысы бағытталған бастамалардың қатарында:
- Қазақстан аумағында LTE/GSM/UMTS байланыс желілерін енгізу;
- теміржол дөңгелектерін шығаратын өндіріс құру;
- жылына 430 мың тонна өнім шығаратын Ақтөбедегі рельс-арқалық зауытын салу;
- Қызылорда облысының бес елді мекенін газдандыру;
- Маңғыстау облысындағы «ҚазАзот» кәсіпорнын жаңғырту;
- Шығыс Қазақстан облысындағы Тұрғысын су электр станциясын салу;
- Батыс Қазақстан облысында К5 экокласты мотор отындарын өндіру;
- Қаратау қаласында натрий цианидін өндіретін зауыттың құрылысы;
- «АтырауНефтеМаш» мұнай жабдықтары зауытын дамыту;
- Шымкент қаласында көлік-логистикалық орталық салу;
- Астана халықаралық әуежайының жолаушылар терминалын реконструкциялау;
- Ақтау халықаралық теңіз портын солтүстік бағытта кеңейту;
- Түркістан облысындағы «Жылға» күн электр станциясын салу.
Бұл жобалар Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, бірқатар салалардың технологиялық жаңаруына және экономиканың орнықтылығын арттыруға мүмкіндік берді.
ҚДБ алдағы уақытта да инвестициялық ресурстарды тиімді басқарып, ел экономикасын жаңғыртуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру жұмысын жалғастырады.