• kz

Жаңа экономикалық кезеңдегі ҚДБ: индустриялық алыптардан жоғары технологияға дейін

Қазақстанның Даму банкі 25 жылдық белесін атап өтіп отыр. Бүгінде Президенттік жастар кадр резервінің өкілі Марат Елібаевтың басшылығымен Банкте цифрлық шешімдер кеңінен қолданылып, жобалардың басым бағыты шикізатты терең өңдеуге, энергетика мен сирек металдарға қарай ойысып келеді. Даму институты еліміздің экономикалық дамуына қалай үлес қосып отыр? Осы сауалдар төңірегінде «Қазақстанның Даму банкі» АҚ басқарма төрағасымен әңгімелескен едік.

– Марат Талғатұлы, эконо­ми­­калық өсім халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ете­тіні белгілі. Сондықтан эко­но­ми­калық өркендеудің бағыт-бағдары мен «Әділетті Қазақ­стан» құру жолында ҚДБ-ның бүгін­гі миссиясы жөнінде кеңі­нен атып берсеңіз?

– Қазақстанның Даму Банкі – әлеуметтік-экономикалық қайта­ры­мы жоғары, ел экономикасына серпін беретін, негізінен терең және орташа өңделген өнім шығаратын әрі экспорттық әлеуеті жоғары жоба­­ларды қаржыландыратын негізгі даму институттарының бірі.

Президенттің экономиканы әртараптандыру және инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Үкімет инвестициялық жобаларға қар­жы институттары арқылы қолдау көрсетіп отыр. Солар­дың қатарында Қазақстанның Даму банкі де бар. Біздің басты мін­детіміз – шикізаттық емес секторды және елдің өнеркәсіптік дамуына жол ашатын жобаларды қаржыландыру.

Қолға алған жұмыстарды ең­серуде «Бәйтерек» ұлттық инвес­ти­­циялық холдингімен үйлесімді іс-қимылдың маңызы зор. Бүгінде Холдингтің жұмыс істеу тәсілдері жаңарып, мазмұны түбегейлі өз­герді. Бұл ірі инвестициялық бас­тамаларды алдын ала іріктеп, жү­йелі түрде қалыптастыруға мүм­кіндік берді. Экономикалық өсім­ді қолдау және Үкіметтің ішкі жалпы өнімді ұлғайту жөніндегі мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін Банктің 2024–2033 жылдарға арналған жаңартылған даму стратегиясы қабылданды. Онда қар­жы­ландырудың жалпы көлемін шамамен 3 есеге, яғни 21,6 трлн теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Сонымен қатар өндірістен өткізуге дейінгі тұтас тізбектерді қолдайтын кластерлік тәсілді енгізу, бизнес-процестерді жеңілдету, өтінімдерді қарау мерзімін қысқарту үшін цифр­ландыруды күшейту қарас­ты­рылған.

– Президент жедел индус­трия­лық-технологиялық даму міндетін қойып отыр. ҚДБ-ны бүгінде тек несие беретін ұйым ғана емес, ел ішінде тұтас техно­ло­гиялық тізбектер қалып­тас­ты­ру­ға үлес қосатын бірегей институт деуге бола ма?

– Бүгінде Банк елге ондаған жыл бойы қызмет ететін, негізі берік қаланған ұзақмерзімді жобаларға басымдық береді. Бұлар – зауыттар, логистика, көлік, энергетика, өңдеу кәсіпорындары. Мұндай жобалар өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашады, жергілікті бизнес пен өндірістің дамуына ықпал етеді, жол, энергетика, коммуналдық желілер секілді инфрақұрылымды жақсартады. Дүкен сөрелерінде қазақстандық тауарлардың үлесі артып, экономика орнықты бола түседі.

Мысал ретінде Банктің ел экономикасы үшін серпінді саналатын 17 жобаны қаржыландыруға қатысқанын атап өтуге болады. Бұл жобалар металлургиядан бастап, туризмге дейінгі негізгі салаларды қамтиды.

Қомақты қаржы талап ететін және технологиялық тұрғыдан күрделі әрі ірі бастамалардың тәуе­келі де жоғары болады. Мұн­дай тәуекелді жобаларды жеке капиталдың бір өзі көтеруі әрдайым мүмкін бола бермейді. ҚДБ-ның маңызды салаларды қаржыландыруы жалпы қосылған құнды арттыруға және экспортты кеңейтетін жобаларды іске асыруға жол ашады. Осы тұрғыдан алғанда ҚДБ ұлттық экономиканың мәні зор стратегиялық жобаларды іске асыратын құрал ғана емес, нақты мақсаттары айқындалған, инфрақұрылымдық, өндірістік бастамаларды өзара байланыстыратын маңызды буынға айналды. Түптеп келгенде, мұның бәрі халықтың өмір сапасын арттыруға, экономиканың тұрақтылығын күшейтуге және елдің әлемдік баға құбылысына тәуелділігін азайтуға қызмет етеді.

– Сіз Президенттік жастар кадр резервінің өкілісіз. Мем­ле­кет басшысы айтып жүрген «жаңа даму әдебі» мен прагма­тизм қағидаттары ҚДБ-ның кор­поративтік мәдениетіне қа­лай енгізіліп жатыр? Резерв өкіл­дерінің жаңаша көзқарасы қаржы секторындағы бюрокра­тия­­лық кедергілерді азайтуға көм­ек­тесе ме?

– Резервке қатыстылық – ең алдымен үлкен жауапкершілік. Бұл жаңа басқару әдебін орнықтыруды білдіреді. Оның түп-тамырында прагматизм, ашықтық және нәти­жеге бағдарлану тұр. Басты міндет – бюрократиялық рәсімдерді қыс­қар­тып, Банкті бизнес үшін барынша ашық ету, қоғам алдындағы есеп­тілік мәдениетін күшейту.

Бұл өзгерістер Даму банкінде басқару тәсілдерінің жаңаруымен қатар жүріп жатыр. Ең алдымен ашықтық қағидатына негізделген заманауи корпоративтік мәдениет қалыптастыру туралы айтып отырмыз. Біз нәтижеге, тиімділікке және процестердің ашықтығына бағытталған басқару тәжірибесін жүйелі түрде күшейтіп келеміз.

Жалпы, бұл жаңару Банктің өзгермелі экономикалық жағдай­лар­ға жедел жауап бере алатын, ел үшін басым жобаларды тиімді қолдайтын икемді әрі орнықты инс­титут болып қалуына бағытталған.

– 2025–2026 жылдардағы мем­лекеттік күн тәртібінде басым­дық шикізат экспортынан терең өңдеуге ауысты. Кейінгі бір жыл­да ҚДБ портфелі қалай өзгер­ді? Қазір онда ішкі жалпы өнім­нің өсуіне ықпал ететін өңдеу өнер­кәсібі жобаларының үлесі қандай?

– ҚДБ портфелі экономиканың қазіргі даму басымдықтарын көрсе­теді. 2025 жылы негізгі назар өңдеу өнеркәсібіне, соның ішінде машина жасауға, мұнай-химияға және энергетикаға бөлінді. Мақсат – қазақстандық өнімнің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Бүгінде Банктің несие портфелі шамамен 5,6 трлн теңгені құрайды. Қарыз алушылардың 40%-ы – жаңа клиенттер. Тек өткен жылы Банк жалпы сомасы 2,3 трлн теңге болатын 77 жобаны қаржыландырды. Оның ішінде 41 инвестициялық жоба мен 36 экспорттық операция бар. Бұл соманың 333,8 млрд теңгесі  кепілдіктерге тиесілі. 10 жоба іске қосылды. Бұл кәсіпорындарда 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Олардың қатарында Қазақстанның Батыс аймағындағы бірыңғай электр энергетика жүйесін күшейту, Екібастұздағы ферроқорытпа зауыты, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бар.

ҚДБ-ның бүгінгі ең маңызды жобаларының бірі – Алматы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 нысандарын газға көшіру арқылы жаңғырту. Бұл жоба энергия тиімділігін арттырып, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға бағытталған.

Сондай-ақ Банк Көкшетау қаласында көпбейінді аурухана салу жобасына қолдау көрсетіп отыр. Бұл – өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы алғашқы МЖӘ жобасы. Бұған қоса «ҚазАвтоЖол» АҚ-мен бірлесіп республикалық маңызы бар 5100 шақырым автожолын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Кальцийлендірілген сода – елі­мізде де, сыртқы нарықта да шы­ны, металлургия және химия өнеркәсібіне қажет маңызды ши­кізат болып саналады.

Сонымен қатар Банк Атырау облысындағы Қашаған кен орнында жылына 1 млрд текше метр­ге дейін газ дайындайтын газды кешенді дайындау қондырғысын салу жөніндегі «GPC Investment» ЖШС жобасын қаржыландырады.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі серпінді бастамалардың бірі – Макинск құс фабрикасы. Бұл жоба ішкі нарықтағы импортқа тәуелділікті азайту және экспорт­қа тұрақты өнім көлемін қалып­тас­тыру үшін өндірісті кеңейтудің нақты үлгісін көрсетеді. Кәсіпорын өнім өсіруден бастап, оны өңдеуге дейінгі толық өндірістік тізбекті қамтиды. Бүгінде оның қуаты жылына 90 мың тоннадан астам құс етін өндіруге жетеді.

Елдегі ең ауқымды ауыл шаруа­шылығы жобаларының бірі – Түр­кістан облысындағы «Ecoculture-Eurasia» ЖШС-ның 51,88 гектарлық жылыжай кешені де ҚДБ қол­да­уымен іске қосылды. Мұнда жыл сайын 27 мың тонна көкөніс өнді­ріліп, оның 90%-ына дейін экспортқа шыға­рылады. Зауыт жылына 250 мың тонна бидай және 80 мың тонна бұршақ өңдейді. Өндірісте шамамен 400 жаңа жұмыс орны ашылады.

Банк жылына 265 мың тонна өнім шығаратын Қазақстан электролиз зауытының құрылысына да қолдау көрсетті. Бұл – елдегі бастапқы алюминий өндіретін жалғыз кәсіпорын. ҚЭЗ экспортпен қатар ішкі нарықты да шикізатпен қамтамасыз етіп, қайта өңдеу тізбегін іске қосты. Шымкентте жылына 12 млн алюминий құты және секциялық қақпа өндірісі, Павлодарда кабель өнімдерін шы­ғару, Алматы облысында терезе мен алюминий конструкция­ларын өндіру, Қарағандыда радиа­тор­лардың жаңа зауытын іске қосу – осы тізбектің нақты көрінісі.

Банк «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаң­ғыр­ту» ұлттық жобасын іске асы­руға да қатысып отыр. Қазір электр желілерін жаңғырту бойынша жалпы сомасы 145 млрд теңге болатын 64 жоба қаралуда. Оларды іске асыру елдегі инфрақұрылымның тозу деңгейін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді. Мәселен, Қара­ғанды облысында «Қарағанды Жарық» ЖШС ҚДБ қолдауымен электр желісі инфрақұрылымын жаңғыртып жатыр.

– Дәстүрлі металлургия мен мұнай-химиядан бөлек, Қазақ­стан­ның Даму банкі бүгінде қан­дай жаңа бағыттарға басымдық беріп отыр? Әлемдік нарықтар өзгеріп жатқанда ҚДБ машина жасау мен энергетиканы қаншалықты белсенді қолдайды?

– Сонымен қатар Банк энергети­калық және инфрақұрылымдық жоба­ларды қаржыландыруға бел­­сенді қатысып келеді. ҚДБ жаңар­­тылатын энергия саласын­дағы екі нысанды – Рудничный ГЭС-1 және ГЭС-2 жобаларын қаржы­ландырады. Олардың жалпы қуаты 190 794 МВт/сағат деп белгіленген. Тағы бір жоба: қуаты 150 МВт құрайтын қазір жұмыс істеп тұр. Бұл жобалар – энергетиканы «жасыл» бағытқа көшіру және жаңартылатын электр энергиясын өндіру көлемін арттыру жөніндегі кешенді бағдарламаның бір бөлігі.

Олар жасанды интеллектіні енгізу мен экономиканы цифрлан­ды­рудың негізін қалайды.

– Ең көп талқыланған бас­тама­лардың бірі – сирек және сирек жер металдарын өндіру мен өңдеу жобаларын қаржы­лан­­дыру бағдарламасы. Бұл Қазақ­станға тек кен өндірумен шек­телмей, аккумуляторлар мен электроника бөлшектерін де шығарады ғой?

– Иә, құны 1 млрд доллар тұра­тын бағдарламаның іске қосылуы – әлемдік энергетикалық бетбұрысқа және аса маңызды материалдарға сұраныстың артуына берілген нақты жауап. Электроника, аккумулятор өнеркәсібі, жаңартылатын энергетика және жоғары технологиялы машина жасау дәл осы материалдарсыз дами алмайды.

ҚДБ литий, кобальт, вольфрам және басқа да келешегі бар металдарды өндіру мен өңдеуді қаржыландырады. Сирек және сирек жер металдарына арналған бағдарламада қатысудың ең төменгі шегі – 5 млрд теңге, ал кредиттеу мерзімі 20 жылға дейін белгіленген. Бұл құрал күрделі технологиялық жобаларды іске асыруға дайын, бірақ ұзақмерзімді әрі болжамды қаржыға мұқтаж орта бизнес үшін қолжетімді бола түседі. Мұндай қаржыландыру, әсіресе, инвестициялық кезеңі ұзақ салалар үшін маңызды. Себебі мұнда капиталдың тез қайтуы мүмкін емес, ал экономикаға беретін әсері ұзақмерзімді әрі жүйелі болады.

Бұған қоса, Экспорттық-кре­диттік агенттікпен бірлескен ке­шенді қызмет және кластерлік тәсіл бойынша бекітілген регламенттер жобаны қаржыландырып қана қоймай, оны сабақтас бағыттармен байланыстыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде бағдарлама жекелеген кәсіпорындарға ғана емес, Қазақстан экономикасының құры­лымдық жаңаруына да қызмет етеді. Мұндағы басты басымдық – өңдеу, технологиялық даму және қо­сыл­ған құны жоғары өнім шығару.

– 2026 жыл елімізде Цифрлан­дыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. ҚДБ процестерінде жасанды интеллект қалай қолданылып жатыр? Тәуекелді бағалаудан бастап жобалардың орындалуын нақты уақыт режімінде бақылауға дейінгі жұмыстар цифрланды ма? Қаржыландыру алу рәсімі толық цифрлық форматқа өтті деуге бола ма?

– ҚДБ даму банкі ретінде цифрлық шешімдерді жүйелі дамытып келеді. Бізде жобаларды бағалау және мониторингті автоматтандыру кезінде жасанды интеллектіні енгізу жұмыстары бұрыннан жүргізіліп жатыр. Біз үшін цифрлық инфрақұрылым Банк клиенттеріне жобаларын жыл­дам әрі тиімді іске асыруға көмектесуі маңызды.

Қазір Банк клиенттердің қаржы­лық есептілігін жасанды интел­лектінің көмегімен бұрынғыдан жылдам тексереді. Жүйе құжат­тар­ды өзі оқып, деректерді өзі тани­ды. Осы мақсатта KDB Document Service атты жаңа сервис іске қосылды. Оған Банктің қор­ғал­ған ішкі желісінде жұмыс істейтін ақылды ЖИ көмекшілері енгізілген. Бұл деректердің толық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар KDB Product Space платформасы пайда болды. Бұл – кредиттеу процесіне қатысу­шы­лардың барлығына арналған бірыңғай цифрлық кеңістік. Онда жобаның қозғалысын нақты уақыт режімінде бақылауға болады. Айта кету керек, Банкте жасанды ЖИ қайталанатын қарапайым про­цестерді автоматтандыру ар­қылы уақытты қысқарту үшін қол­­да­нылады. Ал түпкілікті ше­шімді бұрынғыдай сарапшылар қабылдайды.

Бұдан бөлек, ҚДБ қаражат қозға­лысының ашықтығын арттыру үшін Қазақстан Ұлттық банкінің цифрлық теңгені енгізу жөніндегі пилоттық жобасына қатысты. Бұл құрал қаражаттың қозғалысын бақылауға және оның мақсатсыз жұмсалуына жол бермеуге мүмкіндік береді.

– Қазақстан дамыған нарық­тарға шығу үшін халықаралық стандарт­тарға сай болуға ұмты­лады. Жасыл климат қоры­мен ынтымақтастық және ESG қа­ғидат­тарын енгізу ҚДБ-ға жоғары халықаралық рейтинг­тер­ді сақтап, елге төмен мөлшер­ле­мелі капитал тартуға қалай көмек­теседі?

– 2025 жылы Банктің көптеген қаржылық көрсеткіші жақсарды. Несие портфелі 3,5 трлн теңгеге, лизинг портфелі 2,4 трлн теңгеге жетті. Инвесторлардың ҚДБ-ға жоғары сенімі, ең алдымен, инвестициялық деңгейдегі кредиттік рейтингтермен байланыс­ты. Fitch агенттігінің BBB/тұрақты және Moody’s агенттігінің Baa1/тұрақты рейтингтері sovereign деңгеймен шамалас және Банктің қаржылық орнықтылығы мен қызметінің ашықтығын растайды. Тамыз айында Standard & Poor’s халықаралық рейтинг агенттігі Банктің кредиттік рейтингтері бо­йынша болжамды «Тұрақтыдан» «Позитивтіге» көтерді.

Желтоқсанда Банктің ор­нықты даму саласындағы бел­сенді жұмысы Sustainable Fitch халықаралық рейтинг агенттігі тарапынан жоғары бағаланды. Бүгінде бұл – аталған агенттік бағалайтын қаржы институттары арасындағы ең жоғары ESG рейтинг.

Жылдың маңызды оқиғала­ры­ның бірі – Банктің Жасыл климат қорынан тікелей қол жеткізе алатын ұлттық ұйым ретінде аккредитация алуы.

– Әлемдік сауда жолдары қай­та құрылып жатқан жағдайда ҚДБ 2025–2026 жылдары отандық өндірушілерге экспорттық операцияларды кепілдендіру және сақтандыру бойынша қандай жаңа құралдар ұсынды?

– Банк 2024–2029 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылымды дамытуға шамамен 19,7 трлн теңге бағыттауды көздеп отыр. Бұл ретте біз ел экономикасына барынша жоғары мультипликативтік әсер беретін жобаларға басымдық береміз. Осы мақсаттарға жету үшін Банк әртүрлі құралдарды пайдаланады. Олардың қатарында орта және ұзақмерзімді кредиттеу, синди­кат­талған қаржыландыру, лизинг және кепілдік беру бар.

Тәуекелді бөлісу құралдарын, соның ішінде кепілдендіруді дамыту маңызды бағытқа айналып келеді. Бұл бизнеске түсетін салмақты азайтып, экс­порт­қа бағдарланған жобалар үшін қаржыландырудың қолже­тім­ділігін арттырады.

ҚДБ мен «Бәйтерек» холдингі биз­неске қолайлырақ қолдау жүйе­сін қалыптастырып жатыр. 2025 жылғы маусымда Банк бірың­ғай қаржыландыру шарттарын жариялады. Ал «Даму» қоры жанындағы жаңа кепілдік қоры жоба құнының 30%-ына дейін жаба алады. Бұл кредиторлар үшін тәуекелді тікелей төмендетіп, компаниялардың ұзақмерзімді қаржыға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді.

Шын мәнінде, «Бәйтерек» холдингінің инвестициялық инс­титут ретінде қайта жаңаруы топ ішіндегі қолдау тізбегін толық қа­лып­тастыруға мүмкіндік берді. Бас компания дең­гейін­де инвестициялық басқару моде­ліне көшу субсидия, кепілдік, ҚДБ-ның ірі қарыз капиталы қатар қажет болатын күрделі мәмілелерді құрылымдауды едәуір жеңілдетті. Бұл өңдеу өнеркәсібі жобалары бойынша шешім қабылдау жыл­дам­дығын арттырып, елімізді институционалдық инвес­тор­лар үшін әлдеқайда тартымды етеді.

Сондай-ақ 2025 жылы ҚДБ жалпы сомасы шамамен 2,48 млрд долларына тең 5 жергілікті облигация шығарылымын, 5 еурооблигация шығарылымын орналастырды. Негізгі мәмілелердің қата­рында Орталық Азиядағы юань­мен шығарылған алғашқы еурооблигация бар. Бұл Банктің жоба­ларды қаржыландырып қана қой­май, экономика үшін ұзақмер­зімді әрі әртараптандырылған қор­ландырудың орнықты негізін қалып­тастырып отырғанын көрсе­теді.

Бұдан бөлек, ҚДБ мемлекет­тік-жекешелік әріптестік форма­тын­дағы жобаларды іске асыру үшін ха­лықаралық қаржы институт­­та­рын тартуда маңызды рөл атқа­рады. Президент тапсыр­ма­сы­на сәйкес шетелдік әріптес­тер­дің қатысуымен толық қар­жылан­дырылатын, сүйе­мел­­­денетін бас­тамалар портфелі қалып­тас­тырылып, іске асырылып жатыр.

Өткен жылғы маңызды жетіс­тік­тердің бірі – Қытайдың қаржы институттарымен ынтымақ­тас­тық­тың белсенді дамуы. Қытайдың Мемлекеттік даму банкі мен Экспорт-импорт банкін­де әрқайсысы 1 млрд долларын құ­райтын, АҚШ долларымен және қытай юані арқылы игеруге болатын екі кредиттік желі ашылды. Сонымен қатар Банк Bank of China-дан 1 млрд юані және Alatau City Bank АҚ-дан 50 млрд теңге көлемінде қарыз қаражатын тартты.

Жалпы, соңғы жылдары ҚДБ шикі­заттық емес сектор мен инфра­­құрылым үшін 8 трлн тең­геден астам қарыз ресурсын тартты. Олардың қатарында J.P. Morgan, JBIC, BNP Paribas, China Development Bank, Sinosure сияқты жетекші халықаралық қаржы инс­титуттары бар.

– Мемлекет басшысы 2028 жылға қарай «цифрлық ұлт» қалып­­тастыру және фискал­дық орнық­­тылыққа қол жет­кізу мақ­­­­са­тын қойды. Үш жылдан кейінгі ҚДБ-ны қалай елес­тетесіз? Банк Қазақ­станның Орталық Азия­да­ғы көшбас­шылығын бекемдеуге кепіл болуға дайын ба?

– Біріншіден, ҚДБ заманауи инфрақұрылымды – энергетика, логистика, көлік, цифр­лық ше­шімдер жүйесін қалып­тас­ты­­ру­да шешуші рөл атқаруға тиіс. Бұл отандық өнер­кәсіптің тиімді жұмыс істеуіне қажетті негіз болады. Сонымен қатар халықаралық компаниялар үшін елімізді бизнес пен өнді­­­ріс жүргізуге тартымды ел ретінде танытады.

Екіншіден, біз отандық өнеркә­сіп­тің серпінді дамуын қамтамасыз етуге міндеттіміз. Компанияларға тек өнім өндіруге емес, жаһандық нарықта бәсекеге түсуге, экспортты ұлғайтуға, жаңа технологиялар мен жұмыс орындарын құруға көмектесуіміз керек.

Ең бастысы, мұның бәрі әрбір тұрғынға сезілуге тиіс. Жайлы қалалар, сенімді жолдар, энергияға және сапалы қызмет­тер­ге қол­жетімділік – біздің жұмы­сы­мыз­дың түпкі нәтижесі осы.

Дереккөз: egemen.kz

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79
chat-bgov

Кеңес ал!