
Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, ҚР Су ресурстары және ирригация, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің, сондай-ақ «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ, «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ, Kazakhstan Invetsment Development Fund, «KazakhInvest ҰК» АҚ өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел отырысын ҚДБ басшысы Марат Елібаев жүргізді.
Араб үйлестіру тобының атынан Ислам даму банкі тобының президенті Мұхаммед Сүлейман әл-Джассер, ОПЕК халықаралық Даму Қорының, Кувейт араб экономикалық даму қорының, Сауд Даму Қоры мен Абу-Даби Даму қорының басшылары болды.
Іс-шара шеңберінде қатысушылар сумен жабдықтау, ирригация, денсаулық сақтау, көлік және Қазақстан үшін маңыздылығы зор басқа да әлеуметтік жобалар саласындағы стратегиялық маңызды инвестициялық жобаларды қаржыландыру аясындағы ынтымақтастық жоспарлары мен мүмкіндіктерді талқылады.

«Қазақстанның Даму Банкі Араб қаржы институттарымен ұзақ мерзімді әріптестікті нығайтуға мүдделі. Бұл өз кезегінде еліміздің экономикасына қомақты инвестициялар тартуға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен бірге банк алдына қойылған стратегиялық міндеттерді іске асыруға ықпал етеді», – деп атап өтті ҚДБ басшысы Марат Елібаев.
Қазақстанның Даму Банкінің аталған іс-шараға қатысуы оның халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстанның тұрақты экономикалық өсуі үшін инвестициялар тартуға ынталы екендігінің айғағы.
Анықтамалық ақпарат
Араб Үйлестіру тобы – дамуды қаржыландыру барысында үйлестірілген жұмысты қамтамасыз ететін стратегиялық альянс. Топтың ұжымдық күш-жігері инфрақұрылымнан денсаулық сақтау саласына дейінгі әртүрлі салада бүкіл әлем бойынша қауымдастықтардың тұрақты дамуына ықпал етеді. Он шақты Даму қорынан тұратын Үйлестіру тобы әлемдегі қаржы даму институттары арасында екінші үлкен топ болып саналады.