«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы) «Нұрбанк» АҚ және «ЦентрКредит Банкі» АҚ бірлесіп синдикатталған қарыз шартына қол қойды. Бұл қаражат ірі сусын өндірушісі «RG Brands Kazakhstan» ЖШС-не өндіріс қуатын кеңейту және Өзбекстан нарығына өнім экспортын ұлғайту үшін беріледі. Айта кетейік, бұл ҚДБ-ның қазақстандық екінші деңгейлі банктерімен серіктестігіндегі алғашқы синдикатталған қарыз шарты. «ЦентрКредит Банкі» АҚ синдикат аясында транш беруді жүзеге асырған және синдикаттың барлық кредиторларының мүдделерін білдіретін және синдикатталған қарыздар аясында кредиттік әкімшілендіру бойынша қызметтер көрсететін Банк-агент рөлін қабылдаған Қазақстанның алғашқы банкі болды.
«Синдикатталған қарыздар бізге бірден екі мақсатқа жетуге мүмкіндік береді. Бір жағынан, біз өңдеу өнеркәсібіндегі қарыз алушыларымызға қолжетімді шарттармен ұзақ мерзімді қаржыландыру базасын кеңейтеміз, ал екінші жағынан экономиканың нақты секторындағы ірі жобаларды кредиттеуге жеке қаржы институттарын көбірек тартамыз», – деп түсіндірді ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаев.
«Банктің басым бағыттарының бірі – экономиканың нақты секторын қолдау. Сондықтан біз осы бастамаға қатысуға шешім қабылдадық. ЦКБ командасы Қазақстанда алғаш рет синдикатталған қаржыландыру аясында әкімшілендіру қызметтерін көрсетуге мүмкіндік беретін өнім әзірледі. Біз дамудамыз, өз мүмкіндіктерімізді кеңейтудеміз және осындай мәмілелерде банк-агент қызметтерін көрсетуге дайынбыз», - деп атап өтті «ЦентрКредит Банкі» АҚ вице-президенті Нұрлан Шегебаев.
«Нұрбанк бизнес, өнеркәсіп өкілдеріне, демек, мемлекеттің бүкіл экономикасына арналған синдикатталған қарыз тетігінің оң әсері мен маңыздылығын жоғары бағалайды. Мұндай қаржылық ынтымақтастық экономиканың нақты секторын несиелендіру көлемін арттырып қана қоймай, клиенттерге ең қолайлы жағдайларды ұсынуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, біз синдикатталған қаржыландыру бағдарламаларын іске асыру аясында ҚДБ және Центр Кредит Банкімен бірлескен ынтымақтастық мүмкіндігін жоғары бағалаймыз», - деді Нұрбанктің Басқарма төрайымы Гүлнар Мұсатаева.
«Синдикатталған қарыз барлық қатысушылардың нақты және үйлесімді жұмысының арқасында сәтті жүзеге асырылды. «RG Brands», «ЦентрКредит Банкі», «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ және «Нұрбанк» АҚ командаларының бірлескен жұмысы қазір Қазақстанның барлық бизнес-қоғамдастығына қолжетімді қаржыландырудың жаңа құралына қолжетімділікті ашты. Синдикат бизнесті және жалпыұлттық экономиканы дамытуға қосымша мүмкіндіктер береді. Бұл жобаны іске асыру «RG Brands» компаниясына Қазақстандағы өндірістік қуаттарды кеңейтуге және Компания өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру инвестициялау бағдарламасын жалғастыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті RG Brands қаржы директоры Тимур Жанғожанов.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың желтоқсанында Даму Банкі, «Нұрбанк» және «Центркредит Банкі» арасында бірлескен кредит беру жөніндегі ниеттер туралы келісімге қол қойылды. Бөлінген қаражатты қарыз алушы жаңа жоғары технологиялық өндірістік желілерді сатып алуға, өндірістік цехты кеңейтуге және Өзбекстан Республикасының нарығына өнім экспортын ұлғайтуға пайдаланатын болады.
Қаржыландырудың жалпы көлемі 26,5 млрд теңгені құрайды, оның 12,5 млрд өндірістік қуаттылықты кеңейтуге және 14 млрд экспорт алдындағы қаржыландыруға арналған. Өндірістік қуаттылықтардың кеңеюі нәтижесінде, кезең-кезеңімен, олар пайдалануға берілген сайын, құрамында шырыны бар сусын, шай, сондай-ақ газдалған және газдалмаған сусындардың көлемі екі есеге жуық артады. Бұл, өз кезегінде, сусындардың ішкі өндірісі мен экспортын ұлғайтып қана қоймай, кәсіпорында қазақстандық мамандарға жаңа жұмыс орындарын құруға қолдау көрсетеді.