ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасеновтің Қытайға жұмыс сапары барысында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары («Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымы) Ботагөз Әбішева Қытайдың жетекші қаржы және инвестициялық институттарымен бірқатар кездесу өткізіп, олардың барысында инфрақұрылым және өнеркәсіп саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру кезіндегі ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Кездесулердің негізгі қатысушыларының қатарында Қытайдың мемлекеттік даму банкі, Жібек Жолы Қоры, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі, Қытай-Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық қоры және Қытай Sinosure корпорациясы, Гонконгтың валюта басқармасы, сонымен бірге HSBC, Hang Seng Bank, Standard Chartered Bank, Bank of China Hong Kong, UBS Hong Kong, China International Capital Corporation және басқа да қаржы институттары болды.
Кездесулердің қорытындысы бойынша ҚДБ мен Қытайдың Мемлекеттік Даму Банкі 2 млрд юань мөлшерінде кредиттік желі беруге қатысты келісімге қол қойды. ҚДБ-мен юаньмен жасалған алғашқы кредиттік келісім Қазақстанның Даму Банкі үшін баламалы валюталық мүмкіндіктер ашып, экономиканың шикізаттық емес секторларына қосымша инвестициялар әкеледі деп күтілуде.
«Қытайдың мемлекеттік даму банкімен келісімге қол қою және Қытайдың негізгі қаржы институттарымен жүргізілген келіссөздер халықаралық әріптестікті кеңейту әрі Қазақстан экономикасының негізгі секторларында бірлескен жобаларды іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті Ботагөз Әбішева.
Сапар барысында ҚДБ өкілдері Гонконгтағы «Бір белдеу – бір жол» саммитіне қатысты. Саммитте тұрақты инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру, көлік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ бастама шеңберінде инновацияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Басқарушы директор Дина Жанәділ «Стратегиялық тұрақты инфрақұрылымдық жобаларды дамыту» панельдік сессиясында баяндама жасап, Қазақстанның Даму Банкінің «жасыл жобалар» мен тұрақты қаржыландыруға қосқан үлесін атап өтті.
Жұмыс сапары мен саммит нәтижелері Қытайдың негізгі қаржы институттарымен және Гонконг Арнайы Әкімшілік ауданымен ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, сондай-ақ Жаһандық бастамалар шеңберінде Қазақстанның тұрақты дамуына ықпал етеді.