Шығыс Қазақстан облысы – Қазақстанның маңызды экономикалық өңірлерінің бірі, мұнда металлургия, энергетика, ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі салаларында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Қазақстанның Даму Банкі бұл процесте маңызды рөл атқарады, өңірдің өнеркәсіптік және энергетикалық әлеуетін ғана қолдап қоймай, қазақстандық өнімнің экспортын дамытуға да ықпал етеді. 2008-2024 жылдар аралығында ҚДБ 560,9 млрд теңгеге Шығыс Қазақстан облысындағы жобаларды қолдап, ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосты.
«Қазмырыш» ЖШС ҚДБ қолдауымен бірнеше жобаны іске асырды. 2016 жылы компания шикізат сатып алу, мырыш пен күміс құймаларын өндіру және экспорттауға 17 млрд теңге көлемінде экспорталдындағы қаржыландыру алды. 2019 жылы ҚДБ компанияға мыс пен қорғасын өнімдерін өндіруге арналған шикізат пен материалдарды өңдеу шығындарын қаржыландыру үшін тағы 17 млрд теңге бөлді. 2020 жылы ҚДБ кәсіпорынға мырыш өнімдерін өндіру бойынша істеп тұрған қуаттарды жаңғырту және реконструкциялауға қаражат бөлді. ҚДБ қарыз көлемі 10 млрд теңгені құрады. Қолданыстағы қуаттарды қолдау және өндірістік бағдарламаны кеңейту мақсатында қаржыландыру 50-60 жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан өндірістік объектілерді жаңғыртуға бағытталды.
2024 жылдың 9 айындағы қаржы есебіне сәйкес, Қазмырыш экспорттық кірісі 628,7 млрд теңгені құрады. Негізгі нарықтар – Ресей, Швейцария, Бельгия, Қытай және Гонконг.
Бүгінде «Қазмырыш» ЖШС 21 түрлі металл өндіреді. 2020 жылы мемлекеттік бюджетке салық төлемі бойынша Қазақстанның барлық кәсіпорындары арасында үшінші орынды иеленді.
«Тұрғысын-1» СЭС құрылысы – ҚДБ-мен табысты серіктестіктің тағы бір айқын мысалы. 2017 жылы жобаны қаржыландыруға 10,3 млрд теңге бөлінді. Станция Шығыс Қазақстан облысында өсіп келе жатқан электр энергиясына сұранысты ішінара қамтамасыз етіп, өңірдің басқа аймақтарға энергетикалық тәуелділігін азайтуға көмектеседі.
СЭС жыл сайын 63 млн кВт/сағ электр энергиясын өндіреді және көмірқышқыл газының атмосфераға шығарылуын жылына 680 тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді, бұл жобаның экологиялық бағытын айқындайды. СЭС құрылысы кезінде 500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды. Жоба жастардың инженерлік мамандықтарға деген қызығушылығын арттырды.
2018 жылы «Сей-Нар» Өндірістік кешені» ЖШС шикізат сатып алу және рапс майын экспортқа өндіру үшін ҚДБ-дан 2 млрд теңге көлемінде қаржыландыру алды. Зауыттың жылдық қайта өңдеу қуаты 26 мың тоннаны құрайды, ал өндірістік қуаттың орташа жүктемесі 80%-ға жетеді.
2024 жылдың 9 айында компания 9,1 млрд теңге көлемінде өнім экспорттады. Негізгі сату нарығы – Қытай.
ҚДБ қолдау көрсеткен келесі жоба – «Altyn Shyghys» ЖШС. 2022 жылы компанияға күнбағысты сатып алу мен қайта өңдеу үшін, кейіннен өнімді экспортқа шығару мақсатында 15 млрд теңге көлемінде қаржыландыру бөлінді.
Қазіргі таңда кәсіпорын тәулігіне 1200 тонна күнбағыс өңдейді. Өнім Өзбекстан, Қытай, БАӘ, Тәжікстан, Балтық елдері және Әзербайжанға экспортталады. 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша экспорттық түсім 38,7 млрд теңгені құрады.
Жоба өнімнің өзіндік құнын төмендетіп қана қоймай, экономикалық әсерін де көрсетті – бюджетке қосымша салықтар түсті. Құрылыс кезеңінде 350 жұмыс орны, ал өндіріс барысында 120 жоғары ақы төленетін жұмыс орны ашылды.
2023 жылы Қазақстанның Даму Банкі «Востокмашзавод» АҚ-ның экспорталды операциясын 6,6 млрд теңгеге қаржыландырды. Зауыт машина жасау және құйма өнімдерін, бұрғылау құралдарын, вакуумдық және байыту жабдықтарын, сондай-ақ мамандандырылған және стандартты емес жабдықтар өндіреді. 2024 жылдың 9 айының қаржылық есебіне сәйкес, зауыттың экспорттық түсімі 5,1 млрд теңгені құрады. Өнімнің негізгі сату нарықтары – Өзбекстан мен Ресей. Қазіргі уақытта зауытта 330 қызметкер жұмыс істейді.
Шығыс Қазақстан облысындағы жобалар ҚДБ мен бизнестің тиімді серіктестігінің жарқын үлгісі болып табылады. Бұл ынтымақтастық экономикалық өсімге ғана емес, сондай-ақ өңірлердің экологиялық дамуына да ықпал етеді.
Қазақстанның Даму Банкінің қызметі туралы толығырақ ақпаратты www.kdb.kz сайтынан таба аласыздар.