«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымы) Жоғары аудиторлық палата шығарған баспасөз хабарламасына байланысты келесіні түсіндіреді.
ҚДБ тарапынан бағдарламалар аясында ұсынылатын мөлшерлемелер уәкілетті мемлекеттік органдар бекіткен қаржылық-экономикалық негіздемелердің параметрлеріне қатаң сәйкес келеді.
Бағдарламалар әкімшілері – салалық министрліктер сыйақының шекті ең жоғары мөлшерлемелерін белгілейді. Бюджеттік өтінімді қалыптастыру кезінде сыйақының шекті ең жоғары мөлшерлемелерін есептеу тартылатын нарықтық және бюджеттік қарыз қаражаттарының үлесі мен орташа өлшенген кредиттік рейтинг негізінде жүзеге асырылады.
Анықтама: сыйақы мөлшерлемесін айқындау үшін ҚДБ тәуекелдерді басқарудың халықаралық тәсілдерін, оның ішінде Standard & Poor 's, Moody' s және Fitch сияқты жетекші әлемдік агенттіктердің жүйелеріне сәйкес келетін кредиттік рейтингтер шкаласын қолданады.
Осыған байланысты сыйақы мөлшерлемелерінің мемлекеттік бағдарламалардың шарттарына сәйкессіздігі бөлігінде Банкке қатысты бұзушылықтар Жоғарғы аудиторлық палата тарапынан анықталған жоқ.
Банк мемлекеттік бағдарламалардың операторы ретінде бюджеттен әрбір 1 теңгеге (0,15%) бюджеттен тыс көздерден – ішкі немесе халықаралық капитал нарықтарынан (16%-дан астам) кемінде 1 теңге тартады. Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл пропорция айтарлықтай артты: бюджет қаражатының әрбір 1 теңгесіне нарықтан тартылған 3 теңге сәйкес келді. Тиісінше, бұл бағдарламалар бойынша Банктің орташа қорландыру құны бюджеттен тартылатын қаражат мөлшерінен (5-6%) едәуір жоғары.
Бұл ретте Банк мемлекеттік даму институты ретінде пайда табуды мақсат етпейді. Оның қызметі қайтарымдылық, жеделдік және қамтамасыз етушілік принциптеріне негізделген. Бұл дегеніміз – қарыз алушыға берілген әрбір теңге белгіленген мерзімде, тартылған қаражат пен операциялық шығындарды жабуға жеткілікті ең төменгі сыйақы мөлшерлемесімен қайтарылуы тиіс. Бұдан бөлек, Банк жыл сайын таза пайдасын дивидендтер мен салықтар түрінде республикалық бюджетке аударады.
Сонымен қатар, Жоғарғы аудиторлық палата жүргізген аудиттің нәтижелері бойынша, Банк сыйақы мөлшерлемелерін біріздендіру мақсатында ішкі құжаттарына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізді.
Банк өз қызметінің ашықтығы мен транспаренттілігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты тұрақты негізде жалғастырады және мемлекеттік органдармен, БАҚ-пен және қоғаммен сындарлы диалог үшін ашық.