«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚДБ, Банк) бүгін Астанада өткен Қазақстан-Германия үкіметаралық Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының 15-ші отырысына қатысты.
Жиынға жұмыс тобының қазақстандық және германиялық тараптарының мүшелері, сондай-ақ екі елдің министрліктері мен ведомстволарының, мемлекеттік басқару органдарының және шаруашылық жүргізуші субъектілерінің жауапты өкілдері қатысты.
Қазақстан тарапынан жұмыс тобының отырысына ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев төрағалық етті. Германия тарапынан төраға ретінде Германияның Федералдық экономика және энергетика министрлігінің сыртқы экономика жөніндегі директоры Ральф Бёме қатысты.
ҚДБ үшін отырыс аясындағы маңызды оқиға – немістің AKA банкімен экспорттық-кредиттік агенттіктердің (ЭКА) сақтандыру кепілдігі аясында қаржыландыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюы болды.
Құжатқа «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Марат Елібаев, AKA Bank Бас атқарушы директоры Марк Венгрзик және AKA Bank Вице-президенті, экспорттық және агенттік қаржыландыру бағытының жетекшісі Елена Сидорская қол қойды.
– Бұл келісімге қол қойылуы Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың жаңа кезеңін білдіреді. ЭКА-құралдарын пайдалану қазақстандық кәсіпорындарға маңызды инвестициялық жобаларды іске асыру үшін ұзақ мерзімді ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Марат Елібаев.
Құжатқа сәйкес, ҚДБ жалпы сомасы 200 миллион еуроға дейінгі жобаларды қаржыландыруды ұйымдастыру үшін AKA Bank-ті әлеуетті серіктес ретінде қарастыруға ниетті.
Келісім 2030 жылдың желтоқсанына дейін жасалып, ол Қазақстандағы инвестициялық жобаларды ЭКА кепілдігі аясында ұзақ мерзімді қаржыландыруды қамтамасыз етуге бағытталған ҚДБ мен AKA Bank ынтымақтастығының негізгі қағидаттарын айқындайды.