«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚДБ, Банк) Басқарма Төрағасы Марат Елібаев «Digital Bridge 2025» халықаралық форумында сөз сөйледі.
Марат Елібаев «Жасанды интеллект және инновациялар өмірлік циклі: Қазақстанның даму институттарының синергиясы» атты панельдік сессияда жасаған баяндамасында Банктің ел экономикасын цифрлық трансформациялаудағы рөліне тоқталып, негізгі жетістіктерімен бөлісті.
Форум қатысушыларына бірқатар табысты жобалар ұсынылды. Атап айтқанда, несие беру үдерістерін оңтайландыруға арналған DBK Product Space цифрлық платформасы, жобаларды талдау үшін жасанды интеллект негізіндегі DWH корпоративтік деректер қоймасы, сондай-ақ тұтынушыға бағдарланған өнімдік тәсілдің енгізілуі көпшілік назарына ұсынылды.
Сонымен бірге, Банк ұлттық технологиялық инфрақұрылымды дамытуға да үлес қосып келеді. Мәселен, телекоммуникациялар және деректер орталықтары бағытындағы ауқымды жобаларды қаржыландыру арқылы елдегі цифрландыру ісіне қолдау көрсетуде.
Соның нәтижесінде бүгінде 1 200-ден астам ауылдық елді мекен кеңжолақты интернетке қосылды. Жалпы алғанда, 2024 жылы ҚДБ 1,5 трлн теңгеден астам сомаға жобаларды қаржыландырды. Бұл жаңа технологияларды енгізуге жол ашып, өңдеуші сектордың дамуына серпін берді.
– Қазақстанның Даму Банкі цифрландыру саласындағы ұлттық басымдықтарды толық қолдайды. Біз үшін цифрлық трансформация – ішкі үдерістерді жаңғыртумен қатар, жаңа мүмкіндіктерге ашық әрі болашақ сын-қатерлерге дайын бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға қосқан үлесіміз, – деді Марат Елібаев.
Сессия барысында ҚДБ деректер саласында ішкі сараптаманы және кадрлық әлеуетті дамытуға баса назар аударып отырғаны да айтылды. Оның бір айғағы – 400-ден астам жас маманды қамтыған Data Challenge дататоны.
Форум аясында ғылым, цифрландыру және өнеркәсіп салаларында даму институттарының стратегиялық серіктестігі туралы Меморандумға қол қойылды.
Құжатқа ҚДБ-мен бірге «QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі, Ғылым қоры, «QazPatent» ұлттық зияткерлік меншік институты, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы және Qazaqstan Investment Corporation қол қойды.
Меморандумның негізгі мақсаты – ғылым, цифрландыру және өнеркәсіп салаларындағы жобаларды қолдаудың бірыңғай инновациялық циклі мен тиімді экожүйесін қалыптастыру. Бұл өз кезегінде Қазақстанның технологиялық дамуын жеделдетіп, өнеркәсіптік серпіліс жасауға бағытталған.
Пікірталас барысында сарапшылар кез келген мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты факторлар – адами капитал мен технологияларға салынатын инвестициялар екенін атап өтті. Қазақстанда білікті мамандар мен даму институттарының кең желісі бар. Дегенмен, функциялардың қайталануын болдырмау және «инновациялық паспорт» тетігін енгізу арқылы синергияны күшейту қажеттігі де сөз болды.
Digital Bridge форумы сондай-ақ халықаралық даму институттары және технологиялық компаниялармен серіктестікті талқылаудың тиімді алаңына айналды. ҚДБ big data, green tech және финтех бағыттарындағы бірлескен бастамаларға дайын екенін мәлімдеп, еліміздің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін цифрландыру стратегиясына адалдығын тағы бір мәрте растады.