Парламент Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік жөніндегі комитеті «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚДБ, Банк) қызметінің нәтижелері мен алдағы жоспарларымен танысты.
Отырысқа «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ және Өнеркәсіпті дамыту қорының басшылығы қатысты.
– Мемлекет басшысының биылғы жылдың 8 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында өңдеуші өнеркәсіпті қолдау шаралары әртүрлі институттар арқылы, түрлі тәсілдер мен шарттар бойынша іске асырылып жатқаны атап өтілді. Президент бұл жұмысты жүйелеу және оның үйлесімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету міндетін қойды, – деді отырысты аша отырып, Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік жөніндегі комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашев.
Ол сондай-ақ халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыруға бағытталған кәсіпкерлікті қолдау мәселелері Сенат пен комитеттің ерекше назарында екенін атап өтті. Әсіресе, шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты мақсаттарға қол жеткізу мәселелері талқыланды.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ерсайын Хамитов өз сөзінде Холдинг тобының мемлекеттік қолдау шараларын іске асырушы екенін, ал Қазақстанның Даму Банкі – негізгі даму институты екенін атап өтті. Өйткені, дәл осы Банк нарықтан қаражат тартып, оны экономиканы қолдауға бағыттайды.
Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Марат Елібаевтың баяндамасын тыңдады. Ол Банктің ұлттық қаржы институты ретіндегі қызметінің негізгі бағыттарын қамтыған жан-жақты таныстырылым жасап, елдің орнықты дамуын қамтамасыз етуге қосып отырған үлесін атап өтті.
Сенаторларға Банктің қолдауымен қаржыландырылып жатқан және іске асырылуы жоспарланған жобалар таныстырылды. Онда металлургия, тыңайтқыштар мен ферроқорытпа өндірісі, машина жасау, инфрақұрылым және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы кәсіпорындар туралы айтылды.
Талқылау барысында Сенат комитетінің мүшелері одан әрі пысықтауды қажет ететін бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, басым жобаларды іріктеу критерийлері, қаражаттың қайтарымдылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ өңірлік бөлініс пен импортты алмастыру тиімділігі сөз болды.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар ортақ жоспарларды белгіледі және қойылған міндеттерді орындау аясында бірлесіп жұмыс істеуге келісті.