«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚДБ, Банк) еліміздің өңдеуші өнеркәсіп саласындағы ірі кәсіпорындардың бірі – RG Brands Kazakhstan компаниясына БАҚ өкілдері мен Қарасай ауданы депутаттарының қатысуымен баспасөз-турын ұйымдастырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына, өңдеуші өнеркәсіпті өркендету, шикізаттық тәуелділіктен арылу, өңделген өнім экспортын ұлғайту және «жасыл» технологияларды енгізу сияқты стратегиялық бағыттарға басымдық берілгені белгілі.

Осы орайда, RG Brands Kazakhstan – Президент айқындаған міндеттердің нақты жүзеге асқан үлгісі. 1994 жылы құрылған компания бүгінде шырындар, су, газдалған сусындар, шай және сүт өнімдерін шығару бойынша Қазақстандағы көшбасшы. Сондай-ақ, кәсіпорын экспорттық бағытта белсенді жұмыс жүргізіп, өнімінің шамамен 20 пайызын Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай және Тәжікстан нарығына жеткізеді.
Компанияның өндірістік құрылымына Алматы облысындағы заманауи кешен, Алматы мен Қостанай қалаларындағы кәсіпорындар және Қазақстандағы алғашқы ұзақ сақталатын ультрапастерленген сүт өндіретін зауыт кіреді. Өткен жылы RG Brands Kazakhstan ҚДБ қолдауымен тағы бір ірі жоба – «Ақсеңгір-2» зауытын іске қосты. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 33 миллион АҚШ долларынан асты.
– Экспорттық әлеуетті дамыту тұрғысынан алғанда, біз үшін ең тиімді серіктес – Даму Банкі екенін білдік. Банк тарапынан біз тек қаржылай ғана емес, сонымен бірге әдістемелік және жүйелі қолдау алдық. Сол себепті жоба сәтті жүзеге асты, – дейді RG Brands компаниясының Басқарма төрағасы Тимур Қалтаев.

Зауыт іске қосылғаннан кейін 600 тұрақты жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, жоба аясында консервантсыз өнім шығаруға мүмкіндік беретін жаңа ыстық құю желісі енгізілді. Бұл технология өнім сапасы мен сақтау мерзімін арттырумен қатар, пластикалық бөтелке салмағын азайтып, экологиялық әсерді төмендетеді.
Баспасөз-турына қатысушылар зауытты аралап, компания мен ҚДБ өкілдерінен жобаның іске асырылу барысы және екі тарап арасындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық туралы мағлұмат алды.
«RG Brands» бүгінде өндіріс процесін цифрландыруға айрықша мән береді. Кәсіпорын жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген, оның бір бөлігі ҚДБ-ның синдикатталған қаржыландыруы арқылы сатып алынған. Өндірісте экологиялық жауапкершілік те басты назарда – пластикті азайту, су тұтынуды қысқарту және энергия тиімділігін арттыру бағытында нақты шешімдер жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар ел Президенті ұсынған тұрақты даму бағытымен үндес
ҚДБ мен RG Brands Kazakhstan арасындағы серіктестік 2008 жылы басталған болатын. Сол жылы Банк компанияға сусын шығаратын жаңа зауыт салу үшін инвестициялық несие берді. 2016 жылы кәсіпорынға шикізат пен қаптама сатып алуға арналған алдын ала экспорттық қаржыландыру ұсынылды. 2024 жылы өндірісті кеңейту және экспорт көлемін ұлғайту мақсатында синдикатталған қарыз шартына қол қойылды.

ҚДБ қолдауының арқасында компания жоғары технологиялық жабдықтарға инвестиция салып, өндіріс көлемін арттырып, өз позициясын ел ішінде де, шетелдік нарықтарда да нығайта алды.
– RG Brands Kazakhstan компаниясымен ынтымақтастық Банктің негізгі стратегиялық бағыттарына – өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға, шикізаттық емес экспортты ынталандыруға және өңірлердің экономикасын өркендетуге толық сәйкес келеді. ҚДБ қолдауының арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, салық түсімдері артып, өндірістік база жаңғыртылып, елдің азық-түлік қауіпсіздігі нығайып келеді, – деді ҚДБ, Клиенттермен жұмыс дирекциясының аға банкирі Әсел Шитенова.
Айта кетейік, өткен жылы RG Brands Kazakhstan жобасын қаржыландыру мақсатында ҚДБ, «Нұрбанк» және «Банк ЦентрКредит» арасында Қазақстандағы алғашқы синдикаттық келісімге қол қойылды. Жобаны іске асыру компанияға өндірістік қуатын арттыруға және экспорттық әлеуетін кеңейтуге жол ашты.

Жалпы қаржыландыру көлемі 26,5 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 12,5 млрд теңге – өндірістік қуатты арттыруға, ал 14 млрд теңге – алдын ала экспорттық қаржыландыруға бағытталды. Бұл қаражаттың есебінен компания жаңа жоғары технологиялық желілер орнатып, өндіріс цехтарын кеңейтті және экспорт көлемін ұлғайтты.
ҚДБ мен RG Brands Kazakhstan арасындағы ынтымақтастық – мемлекет пен бизнестің тиімді серіктестігі, нақты қаржылық құралдардың экономикаға шынайы әсерін көрсететін үлгілі тәжірибе. Бұл серіктестік компанияның ғана емес, тұтас ел экономикасының дамуына оң серпін беріп отыр.