• kz

ҚДБ-да Өнеркәсіпті дамыту қорының қызмет қорытындылары талқыланды

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚДБ, Банк) базасында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қызмет нәтижелері мен жаңа бастамаларына арналған стратегиялық сессия өтті.

Іс-шара «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшиннің жетекшілігімен өтті. Басқосуға ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаев, ӨДҚ Басқарма төрағасы Ринат Гаппаров, сондай-ақ ҚДБ мен ӨДҚ Директорлар кеңесінің мүшелері, тәуелсіз директорлары – Әнуар Сайденов, Асқар Елемесов, Айгүл Жайлаубекова, Ерқанат Мақанов және Дәурен Тұрысбеков қатысты.

Өткен жылдан бері жалпы құны 8 триллион теңгені құрайтын кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы іске асырылып келеді. Сонымен қатар, субсидиялау тетігі жалғасуда, даму резервтерінің көздері айқындалды. Бұл – тұрақсыз экономикалық кезеңдерде айрықша маңызды шара. Сондай-ақ, кепілдік қорларын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілді. Келесі кезеңнің басым бағыты – инвестициялық бюроны дамыту. Бұл құрылым инвестициялық жобаларға кешенді қолдау көрсетуді қамтамасыз ететін болады, – деді «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин, әсіресе қарыз алу мен инвестиция тарту саясаты ұқыпты, ойластырылған және теңгерімді болуы тиіс екенін ерекше атап өтті.

Сессия барысында ӨДҚ Басқарма төрағасы Ринат Гаппаров қордың 2025 жылдың 9 айындағы қызмет нәтижелерін таныстырды. Оның мәліметінше, қор активтері 3 003,8 млрд теңгеге жетіп, жыл басынан бері 21 пайызға артқан. Жобалар портфелі 22 пайызға ұлғайып, 2 447 млрд теңгені құрады. 2025 жылдың тоғыз айындағы таза табыс көлемі 45,7 млрд теңгені көрсетті.

2025 жылдың 23 қазанындағы жағдай бойынша қаржыландыру көлемі 627 млрд теңгені құрады. Оның 563,4 млрд теңгесі – лизингтік қаржыландыруға, 63,6 млрд теңгесі – қарыз беру бағыттарына бөлінген. Қор қаржыландырған кәсіпорындарда бүгінде 113 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Сонымен қатар, өзге де қаржылық көрсеткіштер бойынша өсім байқалады: өткен жылы Moody’s агенттігі қордың несиелік рейтингін Bа1-ден Baa3 деңгейіне көтерсе, Sustainable Fitch ESG-рейтингін 63-тен 66 ұпайға дейін арттырған.

Қатысушыларға қордың қазіргі қызмет бағыттары мен отандық өндірісті қолдау нәтижелері де таныстырылды. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінде 136 жоба қаржыландырылып, материалдық-техникалық базаны жаңарту бағдарламасы аясында 6 237 автобус, 18 408 жүк вагоны, 3 260 арнайы техника, сондай-ақ 5 ұшақ пен 9 тікұшақ жаңартылған. Жеткізілген көліктің 91,9 пайызы – отандық өндірістің үлесі.

Қазақстан Республикасының «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заңына сәйкес, Өнеркәсіпті дамыту қорының қызметі негізінен машина жасау саласына бағытталуы тиіс. Жалпы алғанда, Қордың жұмысы ірі жобалармен ғана шектелмей, шағын және орта кәсіпкерлікті, соның ішінде лизингтік компаниялар мен банктерді кеңінен тартуға баса назар аударуы қажет. Бұл бағытта лизингтік компаниялар мен екінші деңгейлі банктерді тарту маңызды. Негізгі мақсатымыз – бизнеске қатысуға жағдай жасап, икемді қаржыландыру құралдарын дамыту, – деді ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаев.

Сессияда шағын және орта бизнесті қолдау, цифрландыру және жаңа бизнес-модельдерді дамытуға бағытталған бірқатар жаңа бастамалар талқыланды. Олардың қатарында:

  • өңдеу өнеркәсібі мен көлік инфрақұрылымы жобаларын, сондай-ақ ШОБ жобаларын 12,6% бірыңғай мөлшерлемемен 20 жылға дейінгі мерзімге қаржыландыру;
  • тұтынушының жеке кабинеті арқылы скоринг жүйесін енгізу және бизнес-процестерді цифрландыру;
  • Ислам даму банкінен сыртқы қаражат тарту арқылы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын дамыту;
  • тікелей шетелдік инвестициялар мен валюталық қаржыландыруды кеңейту;
  • ШОБ-ты қолдау мақсатында ЖШС облигацияларын сатып алу арқылы қор нарығын дамытуға ықпал ету.

ӨДҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор Айгүл Жайлаубекова цифрландыру мен автоматтандыру деңгейін арттыру үшін сыртқы платформалармен серіктестік орнатудың маңызын атап өтті.

Бұл бастамалар барлық ШОБ секторына емес, банктермен өзара іс-қимыл тиімді болатын бағыттарға қатысты. Екінші деңгейлі банктер өңірлерде кеңінен қамтылған, сондықтан шағын және орта бизнестің ерекшелігін жақсы біледі. Олар қосымша табыс көздерін ескеріп, жобаларды рейтингтеу мүмкіндігіне ие. Біз, өз мандатымызға сай, мұндай тәсілді тікелей қолдана алмаймыз. Сол себепті банктермен ынтымақтастық – өзара тиімді шешім. Әсіресе скоринг құралдарын енгізу тұрғысынан бұл клиенттерді жедел тартуға мүмкіндік береді, – деді Айгүл Жайлаубекова.

ҚДБ Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор Асқар Елемесов өз сөзінде Қор командасының кәсіби деңгейіне жоғары баға берді.

Менің тәжірибемде кез келген даму институтының табысы ең алдымен командаға байланысты. Әрине, есептік жүйелер мен скоринг құралдары маңызды, алайда басты фактор – адами капитал. Ұжымның құзыреттілігі, тұрақтылығы және үйлесімді жұмысы – табыстың кепілі. Менің байқауымша, ӨДҚ мамандарының салалық сараптамалық деңгейі көптеген екінші деңгейлі банктерден жоғары, – деді Асқар Елемесов.

Сессия қорытындысында қатысушылар ӨДҚ-ның жоспарлы міндеттерін табысты орындап отырғанын атап өтіп, отандық өнеркәсіпті дамытуға бағытталған басым бағыттарды белгіледі.

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79
chat-bgov

Кеңес ал!