• kz

ҚДБ қолдауымен Жамбыл облысында химия зауытының құрылысы басталды

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚДБ, Банк) Жамбыл облысындағы «Химпарк Тараз» арнайы экономикалық аймағында натрий цианидін өндіретін зауыт құрылысына қаржы бөлді.

Химия және қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған инвестициялық жобаны «Altynalmas Reagents» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Кәсіпорын жылына 25 мың тонна натрий цианидін өндіруді жоспарлап отыр.

ҚДБ мен жобаны іске асырушы компания арасында несиелік желі туралы келісімге 2024 жылдың қыркүйек айында қол қойылған. Осы жылдың мамыр айында жоба аясындағы алғашқы қаржыландыру ашылды.

Банк бөлген қаржы көлемі 98,8 млн еуроны немесе жобаның жалпы құнының 75 пайызын құрайды. Қаражат жобалау-сметалық жұмыстарын жүргізуге, негізгі жабдық пен материалдар сатып алуға, құрылыс-монтаж және іске қосу-реттеу жұмыстарына жұмсалады.

Жоба ішкі нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз етумен қатар, өнімнің бір бөлігін экспортқа шығару көзделіп отыр. Атап айтқанда, Қазақстанмен шекаралас Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Моңғолия елдері негізгі нарықтардың қатарында. Сонымен қатар жоба отандық қайта өңдеу және химия өнеркәсібіне де серпін береді: ішкі нарықтағы аммиак пен каустикалық содаға деген сұраныс шамамен 50%-ға ұлғаяды.

Кәсіпорын 108 тұрақты және 200-ге жуық уақытша жұмыс орнын ашпақ. Ал болжам бойынша жыл сайын республикалық бюджетке 500 млн теңге көлемінде салық түседі.

«Altynalmas Reagents» зауытының құрылысына қаржы бөлу – жекелеген кәсіпорынға қолдау көрсетуден бөлек, елдің химия өнеркәсібі мен тау-кен металлургия кешеніндегі қосылған құн тізбегін нығайтуға арналған маңызды қадам. Ел ішінде аса қажетті өнімдерді өндіру көлемін арттыру – импортты алмастыру және шикізаттық емес экспортты ұлғайту жөніндегі біздің стратегиялық міндетімізбен толық үйлеседі, – деді «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Марат Елібаев.

Зауыттың құрылысы жақында басталды. Қазіргі жоспар бойынша, оны 2027 жылдың наурыз айында іске қосу көзделіп отыр.

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79
chat-bgov

Кеңес ал!