Халықаралық Sustainable Fitch рейтингтік агенттігінің жаңартылған ESG бағалауы нәтижесінде «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚДБ, Банк) елдегі орнықты даму бағытындағы көшбасшы қаржы институттарының біріне айналды.
Агенттік Банктің ESG-рейтингін 64 баллдан 68 баллға дейін арттырып, оны «2» деңгейіне теңестірді. Бұл көрсеткіш Қазақстанның Даму Банкінің ESG қағидаттарын қызметіне жүйелі түрде енгізіп, тұрақты қаржыландыруды дамыту жолындағы ұзақ мерзімді әрі нәтижелі жұмысының айқын көрінісі.
Банктің 2024–2033 жылдарға арналған ұзақмерзімді стратегиясына сәйкес, ұлттық экономикаға қосатын үлесті арттыруға, активтерді тиімді басқаруға және орнықты дамуға басымдық берілген. ESG-рейтингтің жыл сайын жоғарылауы Банктің орнықты даму қағидаттарына адалдығын, басқарудағы ашықтық пен әлеуметтік жауапкершілікті басты назарда ұстайтынын көрсетеді.
Sustainable Fitch агенттігінің мәліметінше, Банктің несиелік және лизингтік портфелінде «жасыл» және әлеуметтік жобалардың үлесі айтарлықтай, бұл өз кезегінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етіп отыр.
– ESG-рейтингтің өсуіне Банктің Жасыл климат қорының тікелей қол жеткізу ұйымы мәртебесін алуы елеулі ықпал етті. Бұл жаңартылатын энергия көздері мен инфрақұрылым саласындағы ел үшін басым жобаларды әзірлеуге және іске асыруға, сондай-ақ климаттың өзгеруін бәсеңдету мен оған бейімделу шараларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деді Қазақстанның Даму Банкінің басқарма төрағасы Марат Елібаев.
Сонымен қатар агенттік Банктің орнықты даму саласындағы қаржылық емес ақпаратты ашу және верификациялау бағытындағы ілгерілеуін, оның ішінде жылдық есептің халықаралық стандарттарға сай әзірленуін жоғары бағалады.
Банктің корпоративтік басқару жүйесі де оң бағаланып, басқару үдерістерінің ашықтығы мен тиімділігі, директорлар кеңесіндегі тәуелсіз директорлардың болуы, сондай-ақ аудит комитеті мен ішкі аудит қызметінің жүйелі жұмысы атап өтілді.
Бұдан бөлек, Sustainable Fitch Банктің әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше назар аударып, адам құқықтарын сақтау, еңбек стандарттарының жоғары деңгейі, гендерлік инклюзивтілік және еңбекақыдағы гендерлік алшақтықтың төмендігін атап өтті.