«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі - ҚДБ, Банк) Басқарма төрағасы Марат Елібаев Майндағы Франкфурт қаласында өткен Kazakhstan Investment Day форумына қатысты.
Іс-шара жаһандық экономикалық өзгерістер кезеңінде стратегиялық әріптестікті тереңдету мақсатында Герман экономикасының Шығыс комитеті, KfW банктік тобы және Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшілігі бірлесіп ұйымдастырды.
ҚДБ басшысы өнеркәсіп, стратегиялық шикізат және логистика мәселелері талқыланған алғашқы панельдік пікірталаста спикер ретінде сөз сөйлеп, Қазақстанның Даму Банкін ұзақмерзімді инвестициялық ынтымақтастыққа сенімді әріптес ретінде таныстырды.
Форумда Қазақстанның стратегиялық шикізат пен сирек жер металдары бағытындағы әлеуетіне айрықша мән берілді. 2020 жылдан бері бұл өнімдердің экспорты 4,6 есеге артқан. Саланы кешенді дамыту жоспары аясында ҚДБ жобаларды қаржыландыруға шамамен 1 млрд АҚШ долларын бағыттауды көздейді. Банк 10 млн АҚШ долларынан басталатын, 20 жылға дейін өтеу мерзімі бар несие ұсынбақ.
Басқарма төрағасы Банктің неміс бизнесімен өзара жұмыста нәтижелі тәжірибесі барын атап өтті. Атап айтқанда, DERA GmbH және Glatt Engineering GmbH компанияларымен бірлескен жобалар іске асқан. Сонымен бірге Deutsche Bank, KfW Group, Euler Hermes, Helaba Bank, Commerzbank AG сынды қаржы институттарымен жүйелі әріптестік жолға қойылған.
– Инвестициялық бастамаларға қолдауды күшейту үшін біз үш басым бағытқа ден қоямыз: бірлесіп қаржыландыру мен тәуекелді бөлісу тетіктерін кеңейту, жобаларды басталуынан толық іске асуына дейін жан-жақты сүйемелдеу, сондай-ақ жаһандық энергетикалық ауысым жағдайында орнықты даму жобаларын ілгерілету, – деді Марат Елібаев.
ҚДБ басшысы экспорттық-кредиттік агенттіктермен және коммерциялық банктермен бірлесе отырып, инвестицияның тиімділігін арттыратын әрі ортақ жобалардың ұзақ мерзімді орнықтылығын нығайтатын қаржылық шешімдер әзірлеуге дайын екенін жеткізді.
Форумда құттықтау сөзді KfW басқарушы директорлар кеңесінің мүшесі, KfW IPEX-Bank GmbH Бақылау кеңесінің төрағасы Кристиане Лайбах және Қазақстанның Германиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов айтты. Негізгі баяндамаларды Германияның Федералдық экономика және энергетика министрлігінің мемлекеттік хатшысы доктор Томас Штеффен және Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жасады.
Форум аясында ҚДБ басшылығы жетекші халықаралық қаржы институттарының өкілдерімен, соның ішінде KfW Group, Deutsche Bank, Helaba және Société Générale ұйымдарымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Келіссөздерде Қазақстандағы инвестициялық жобаларды, әсіресе химия өнеркәсібін қаржыландыру бағытындағы әріптестік перспективалары, ұзақмерзімді қаржы тарту мүмкіндіктері, халықаралық банктердің қатысуымен жобаларды құрылымдау және бірлесіп қаржыландыру тетіктері талқыланды.
Форум барысында неміс қаржы институттарының өкілдері Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктеріне айрықша қызығушылық танытты. Өнеркәсіп, стратегиялық шикізат, энергетика және инфрақұрылым салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру бастамаларына ерекше назар аударылды. Қатысушылар қазақстан-герман инвестициялық ықпалдастығын кеңейту әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, қаржы тарту, технологиялық әріптестік және тұрақты өндірістік тізбектерді дамыту бағыттарындағы мүмкіндіктерді бөле көрсетті.