
Бизнесті қолдаудың негізгі институттары – «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі - ҚДБ, Банк), «Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ және «Атамекен» ҰКП өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бүгінде ҚДБ портфелінде экономиканың түрлі секторларындағы жобалар бар. 2025 жылы Банк тікелей кредиттеу аясында машина жасау, металлургия, химия және тамақ өнеркәсібі, сондай-ақ құрылыс материалдарын өндіру салаларында жалпы сомасы 1 239 млрд теңгеге 36 экспорт алдындағы операцияны қаржыландырды.
– Төрт ұйымның күш біріктіруі экспорттаушылар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін қолдау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – бизнеске қаржыландыру ұсынумен ғана шектелмей, оның шетелдік нарықтарға табысты шығуы үшін қажетті талдамалық және сервистік қолдауды толық қамтамасыз ету, – деді ҚДБ Басқарма төрағасының орынбасары Владимир Ли.
Құжат қазақстандық өнімді сыртқы нарықтарға ілгерілету үшін бірыңғай үйлестіру жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Ынтымақтастық аясында тұрақты ақпарат алмасу, өңірлерде кәсіпкерлермен кездесулер өткізу, сондай-ақ экспорттаушыларға қаржылық және қаржылық емес қолдау көрсетудің тиімді тетіктерін әзірлеу көзделген.
Меморандумды іске асыру аясында тараптар бірлескен көшпелі іс-шаралар кестесін қалыптастыруды жоспарлап отыр. Мұндай кездесулерде бизнес өкілдері тікелей және саудалық қаржыландыру, экспорттық келісімшарттарды сақтандыру, жаңа өткізу нарықтарын іздеу және экспорттық әлеуетті іске асыруға қолдау алу мәселелері бойынша тікелей консультация ала алады.
Қол қойылған келісім Банктің шикізаттық емес секторды қолдау жөніндегі стратегиясының заңды жалғасы болды. ҚДБ, ЭКА, QazTrade және «Атамекен» ҰКП құзыреттерін біріктіру Қазақстанда экспортқа бағдарланған өндірістерді дамытуға жаңа серпін береді.
Экспортты дамыту Қазақстанның негізгі ұлттық мақсаттарының бірі болып қала береді. Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі сауда саясаты тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға қарай шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспортын 52 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту жоспарланған.
Өз кезегінде 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспортын 37,9 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу, ал агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін арттыру көзделген. Осы тұрғыда экспорт алдындағы қаржыландыру мен экспорттық келісімшарттарды сақтандыру қазақстандық компанияларға жеткізілім көлемін ұлғайтып, жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін негізгі құралдардың біріне айналып отыр.
Сондықтан Банк қызметінде сыртқы нарықтарға бағдарланған жобаларды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Ұзақ мерзімді кредиттеу және экспорт алдындағы қаржыландыру құралдары арқылы ҚДБ отандық өндірістердің сапалы ауқымдануына және қазақстандық өндірушілердің шетелдік нарықтарда ілгерілеуіне берік негіз қалыптастырады.
Экспортты қолдаудың ішкі экожүйесін қалыптастыру ҚДБ-ның жаһандық қаржы күн тәртібіне белсенді қатысуымен толықтырылып отыр. Осы күндері Банктің сараптамалық әлеуеті Астанада өтіп жатқан Берн одағының отырысында таныстырылады. Берн одағы – әлемдік сауданың 10%-ын қолдайтын негізгі халықаралық бірлестіктердің бірі. ҚДБ басшылығының Одақ аясындағы тәуекелдер мен цифрландыру мәселелеріне арналған талқылауларға қатысуы Банктің қазақстандық өндірушілер мүддесі үшін озық халықаралық стандарттарды қолданатынын көрсетеді.