• kz

ҚДБ Қытайдың капитал нарығындағы позициясын нығайтып, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстандық делегацияның Шанхайға ресми сапары аясында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі - ҚДБ, Банк)   Басқарма төрағасы Марат Елібаев Қытай Халық Республикасының жоғары технологиялық компанияларымен өткен дөңгелек үстелге қатысты. Іс-шаралар қорытындысы бойынша ҚДБ қытайлық серіктестермен ынтымақтастықты дамытуға, Қазақстандағы инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қаржыландыру тартуға және Банктің Қытай капитал нарығына қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған бес құжатқа қол қойды.


Негізгі нәтижелердің бірі – «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ мен China Central Depository & Clearing Co., Ltd. (CCDC) арасында еркін сауда аймағының офшорлық облигациялары эмитенттеріне қызмет көрсету туралы келісімнің жасалуы. Бұл келісім Банкке анағұрлым икемді реттеу режимі және инвесторлардың кеңейтілген базасы жағдайында Қытай капитал нарығының қосымша өтімділігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ әлемдегі ең ірі капитал нарықтарының бірінде ҚДБ-ның ұзақ мерзімді қатысуын нығайтуға жағдай жасайды.

Сонымен қатар, ҚДБ, «Qarmet» АҚ және ACRE компаниясы № 8 және № 9 кокс батареялары кешенін, сондай-ақ кокс газын тазарту жүйесін салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру бойынша ұзақ мерзімді стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат Qarmet металлургиялық комбинатының өндірістік қуаттарын жаңғыртуға бағытталған.

ҚДБ мен Қытай Мемлекеттік даму банкі (China Development Bank, CDB) Бас кредиттік келісім аясында субкредиттік келісім жасасты. Тартылған қаражат «Kazakhmys Energy» ЖШС-нің Жезқазған қаласында қуаты 75 МВт бу-газ қондырғысын салу жобасын қаржыландыруға бағытталады.

Бұдан бөлек, ҚДБ мен «Turan Wind Energy» ЖШС Қостанай облысында энергия жинақтау жүйесін интеграциялай отырып, қуаты 1000 МВт жел электр станциясын салу жобасын қаржыландыру шарттары туралы меморандумға қол қойды. Құжат жобаны қаржыландырудың негізгі жоспарлы параметрлерін айқындайды.

Тағы бір нәтиже – ҚДБ мен Dalian Hesheng Holdings Company Ltd компаниясы арасында «Азия Алтын Дән» ЖШС инвестициялық жобасын бірлесіп іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы. Жоба Ақмола облысында жылына 1 млн тонна астықты терең өңдейтін зауыт салуды көздейді.

ҚДБ басшысының Шанхайдағы іскерлік бағдарламасы Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференция (WAIC 2026) іс-шараларына қатысуды, сондай-ақ Bank of Communications (BoCom) және China Central Depository & Clearing Co., Ltd. (CCDC) басшылығымен жұмыс кездесулерін қамтыды. Кездесулер барысында ұзақ мерзімді әріптестік қатынастарды орнату және дамыту, ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79
chat-bgov

Кеңес ал!