• kz

2019 жылдың бірінші жартыжылдығында Қарағандыда ҚДБ қаржыландыруымен ферроқорыту зауытын салу жоспарлануда

Жобаның жалпы құны 34 млрд 150 млн теңге, қарыз алушының Жобаны қаржыландыруға өзінің қатысуы үлесі – 10 млрд 30 млн теңге. ҚДБ қарыз қаражатын ҚР индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде ұлттық валютамен береді.

Банк берген қаржыландыру ғимараттар мен құрылыстар (қоймалар, цехтар, корпустар, жылу алмастырғыштар, газ тазарту қондырғысы, бөлу камерасы, өрт қауіпсіздігі бассейні, зертхана және басқа да объектілер) салуды қоса алғанда, құрылыс-монтаж жұмыстарына, сондай-ақ жабдықтар сатып алуға, беруге және оларды монтаждауға жұмсалатын болады.

Өндірістік қуаты жылына 96 000 тонна болатын зауыттың бірінші кезегін 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосу жоспарланып отыр.

Шығарылатын өнім ферросилиций – болаттың әр алуан түрлерін балқыту үшін пайдаланылатын темір мен кремнийдің қорытпасы. Кәсіпорында өндірілетін ферросилицийдің негізгі көлемі экспортқа жіберіледі. Қазіргі кезде осы қорытпаны негізгі импорттаушы елдер Жапония, Оңтүстік Корея, Еуроодақ және АҚШ болып табылады.

«Зауыт өндірісінің жоспарланып отырған жылдық көлемі Қазақстанды әлемдік ферросилиций өндірушілердің ТОП-9 шығарады. Халықаралық агенттіктердің болжамдары бойынша болаттың, яғни, ферросилицийдің де бағасы көтерілетін болады. Сарапшылар өз тұжырымдарының дәлелі ретінде темір жол, автомобиль, газ құбыры магистральдарын салудың және электркарларын жасаудың әлемдік қарқынының ұлғаюын, сондай-ақ индустриялық жобалар санының өсуін және бірқатар басқа да факторларды негізге алады», - деп атап өтті «YDD Corporation» ЖШС қатысушыларының бірі Ерлан Нығматулин.

Зауыттың құрылысы Қарағанды ЖЭО-3 жақын жерде жүзеге асырылады, бұл электр энергиясына жұмсалатын шығындарды азайтуға мүмкіндік береді, ал оның ферросилиций өндірісінің өзіндік құнының құрылымындағы үлесі 50% жетеді. Болашақ зауыттың ферросилиций өндіру үшін қажетті шикізаты кварцит, әктас, көмір және тотқақ болып табылады, олардың қорлары бар кен орындары Жобаны іске асыру өңірі – Қарағанды облысында орналасқан.

«Жобаның экономикасы инвестиция үшін тартымды. Ферросилиций өндіруге арналған негізгі шикізат болашақ зауытқа ұзақ уақыт бойына тиянақты баға бойынша жеткізілетін болады. Дайын өнімді өткізу бойынша да келісімшарттар бар. Өндіру үшін қажетті ресурстар біздің елімізде орналасқан. Жобадағы қазақстандық үлес 90% асады. Әлеуметтік тиімділігі зауыттың құрылысын салу кезеңінде 1500 дейін жұмыс орны, ал ол пайдалануға енгізілгеннен кейін қызметкерлердің шамамен 550 адамдық штат саны жасақталатындығында», - деп атап өтті ҚДБ Клиенттермен жұмыс жасау дирекциясының аға банкирі Бақытжан Омаров.

Зауытты салу кезінде өндірістік циклдың әлемдік аса жаңа технологиялық әзірленімдері, атап айтқанда, ауаны өндірістік шаңнан тазартып, оны одан әрі құрылыс индустриясында жоғары маркалы цементтер өндіру үшін пайдаланылатын микрокремнеземге қайта өңдей отырып, ауаны тазартудың жоғары дәрежесін қамтамасыз ететін газ тазарту жүйесі қолданылатын болады.


АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79