Қаржыландыру «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ («Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымы, бұдан әрі – «KazakhExport») сақтандыруымен «Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде ашылды.
ҚДБ тарапынан қаржыландыру «Молпродукт» компаниясына өз өнімдерін перспективалық Ресей нарығына жеткізу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Зауыт өнімін жеткізу күтілетін РФ өңірлеріндегі (Свердлов, Түмен, Челябі, Новосібір, Кемерова, Орынбор, Қорған, Иркутск облыстары, Саха Республикасы) сүт тұтынудың жалпы көлемі жылына шамамен 1,3 млн. тоннаны құрайды.
«ҚДБ қолдауымен кәсіпорынның экспорттық түсімінің 97% артуы күтілуде. Күтілетін оң тиімділік Даму банкі агенттерінің бірі болып табылатын шикізаттық емес қазақстандық экспортты дамыту жөніндегі «Нұрлы жол» бағдарламасының мақсаттарына сәйкес келеді» - деп атап өтті ҚДБ Дирекциясының клиенттермен жұмыс жөніндегі аға банкирі Владимир Ли.
«Біздің экспорттық мүмкіндіктеріміз ҚДБ қаржылық қолдауы арқасында арта түседі, өйткені сату географиясын кеңейту үшін шикізат сатып алуға және басқа да өндірістік шығындарды жабуға қосымша ресурстар қажет. Біз перспективада экспорт үшін мүмкіндік туысымен Қытайға да сүт өнімдерін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Аспан асты елінің сатып алушыларында біздің өнімге деген қызығушылық бар» - деді «Агропродукт» компаниялар тобының қаржы директоры Баян Әшімбаева.
Өз кезегінде, «KazakhExport» басқарушы директоры Руслан Төлегенов 2016 жылдың маусымынан бастап «Молпродукт» ЖШС-не «KazakhExport» компаниясында қызмет көрсетілетініне назар аударды. «Сол кезде алғашқы жоба – инновациялық орамдар дайындауға арналған жабдық сатып алуға компанияның инвестициялық қарызын сақтандыру іске асырылған болатын. Бұл қарызды Қазақстан даму банкінің жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде екінші деңгейдегі банк берді. Біздің екінші бірлескен жобамызда «KazakhExport» сақтандыруымен экспорттық қызметті кеңейтуге арналған айналым қаражатын толықтыру көзделеді. Бұл құрал, бір жағынан, Қазақстан даму банкін қарыз алушының дефолты тәуекелінен қорғауға мүмкіндік береді, екінші жағынан – экспортқа өндірілетін тауардың бүкіл циклын тиімді жағдайларда қаржыландыруды қамтамасыз етеді, сондай-ақ сыртқы контрагенттер тарапынан қаржы міндеттемелерін орындамау қаупін азайтады» - деп атап өтті «KazakhExport» өкілі.
«Молпродукт» жыл сайын 90 000 тонна өнім өндіреді, оның көлемінің 2,5 млрд теңгені құрайтын 15% жуығын (13 000 тонна) Ресейге экспорттайды. ҚДБ тарапынан қаржыландыру есебінен компания 2018 жылдан бастап өнімнің жыл сайынғы экспортының көлемін 26 800 тоннаға дейін ұлғайтып, оның жыл сайынғы түсімін 4,3 млрд теңгеге дейін жеткізуді көздеп отыр. Осылайша, кәсіпорын шығаратын өнімнің экспорттық үлесі 30%-ға дейін артады деп күтілуде.