• kz

"Бәйтерек" холдингі жыл басынан бері өңдеуші өнеркәсіптің 30-дан астам жобасын қаржыландырды

"Бәйтерек" холдингі экономиканың түрлі саласын, соның ішінде өңдеуші өнеркәсіптегі бизнесті қолдайды. Басқарма төрағасының міндетін атқарушының айтуынша, мемлекеттен өңдеуші өнеркәсіп жобаларын қолдау аясында "Бәйтерек" компаниялар тобы 2023 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша 34 жобаны жалпы 468,4 млрд теңге сомамен қаржыландырды. Олар: машина жасау, құрылыс, химия, тамақ, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп салалары.

"Холдингтің еншілес ұйымдары, оның ішінде "Қазақстанның Даму банкі" 358 млрд теңгемен 17 жобаны және Өнеркәсіпті дамыту қоры 109,4 млрд теңгемен 16 жобаны қаржыландырды. Сонымен қатар Аграрлық несие корпорациясы (АНК) өз қаражатынан 97 млн теңгемен бір жобаға қаржы бөлді. Qazaqstan Investment Corporation бөлінген қаражатты игеріп жатыр", - деді Нұрболат Айдапкелов.
Оның айтуынша, холдинг биыл мемлекеттен қолдау ретінде 621,5 млрд теңге алған. Атап айтқанда, Қазақстанның Даму банкі арқылы 103,8 млрд теңге, Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 482,2 млрд теңге және Qazaqstan Investment Corporation арқылы 35 млрд теңге.

Ол мемлекет басшысы "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты жолдауында негізгі назарды өңдеуші саланы дамытуға аударуды тапсырғанын еске салды. Осы ретте холдинг еншілес компанияларымен бірлесіп, өңдеуші өнеркәсіп жобаларын қаржыландыруды жалғастырады.

"Сонымен қазір Қазақстанның Даму банкі 476 млрд теңгемен 20 жобаны, Өнеркәсіпті дамыту қоры 160,9 млрд теңгемен 14 жобаны, Аграрлық несие корпорациясы 2,7 млрд теңгемен 2 жобаны және Qazaqstan Investment Corporation 8 млрд теңгемен 3 жобаны қаржыландыруды мақұлдады", - деді "Бәйтерек" холдингі басқарма төрағасының міндетін атқарушы.
Бұл жобалардың ішінде мысалы, Алматыдағы "Astana Motors Manufacturing Kazakhstan" ЖШС-нің автокөлік өндірісіне 91 млрд теңге, "Talas Investment Company" ЖШС-нің натрий цианиді өндірісіне 17 млрд теңге, "Green Works" ЖШС-нің сүт өнімдерін өңдеу жобасына 2,5 млрд теңге және Қарағанды облысы Сарандағы "Қазақстанның ыстық мырыштау зауыты" ЖШС-ге 4,9 млрд теңге қаржы бөлінді.

Сонымен қатар холдингтің еншілес компанияларының әрқайсысы ондаған жобаны қарастырып жатыр. Қазақстанның Даму банкі жалпы сомасы 1,5 триллион теңге қаржымен 42 жобаны, Өнеркәсіпті дамыту қоры жалпы сомасы 266,2 миллиард теңгемен 37 жобаны, Qazaqstan Investment Corporation жалпы сомасы 41,4 миллиард теңгемен 16 жобаны қаржыландырады.

"Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатын ескерсек, холдингтің алдында өсудің жаңа бағыттары бойынша жобаларды жүзеге асыратын белсенді қаржы операторы болу міндеті тұр", - деді "Бәйтерек" холдингі басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нұрболат Айдапкелов.
Бұл ретте Өнеркәсіпті дамыту қорын қаржымен толық қамту мақсатында қазір оның өкілдігін төрт облыста – Атырау, Шымкент, Семей және Қостанай қалаларында ашу үшін жұмыс істеліп жатыр.

Дереккөз: zakon.kz
АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79