ШЫҰ Банкаралық бірлестігінің халықаралық кеңесі өтті
Шанхай ынтымақтастық ұйымы Астана саммиті қарсаңында ұйымның Банкаралық бірлестігінің халықаралық кеңесі өтті, деп хабарлайды 24kz.
Сегіз елдің өкілдері бас қосқан алқалы жиында экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару саласындағы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында ұйым мүшелері ынтымақтастық көкжиегін кеңейтуді көздеп отыр. Яғни, бірлескен жобаларды жүзеге асырып, өзара тәжірибе алмасуға мүдделі.
Биыл Қазақстан төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымында Экология жылы болып жарияланды. Сондықтан қоршаған орта қауіпсіздігін сақтап, экологиялық сын-қатерлерді еңсеру маңызды. Осы ретте «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Қазақстанның даму банкі» бірқатар жобаны қолға алған.
Марат Елібаев, «Қазақстан даму банкі» АҚ басқарма төрағасы:
- Біз қаржы секторы тұрақты экономикаға көшуде шешуші рөл атқаратынын түсінеміз және ҚДБ қоршаған ортаны қорғау мен әлеуметтік дамуға бағытталған жобаларды белсенді қолдауға дайын. Қазіргі кезде ҚДБ жалпы қуаты 560 мегаватт болатын жел, күн және су энергиясын қоса алғанда жаңартылатын энергия көздерінің 9 жобасын қаржыландырды. Бұл саладағы мақұлданған және қаржыландырылған жобалардың жалпы көлемі шамамен 633 млн долларды құрайды. Ал, екі жоба банк алдындағы міндеттемелерін өтеп үлгерді.
Қазақстанның ESG бағытындағы бастамаларын ұйым мүшелері жоғары бағалап отыр. Тіпті кейбірі ЕSG қаржыландыру тетіктерін үйренуге ұсыныс білдірді.
Ұланбек Ноғаев, «Элдик банк» ААҚ басқарма төрағасы (Қырғызстан):
- «Қазақстанның даму банкімен» біз де ынтымақтастық аясында жұмыс істеуге келістік. Біз үшін бұл жаңа тәжірибе болады. Бізде «Қазақстанның даму банкі» сияқты ЕSG-рейтингін алғымыз келеді. Қазір осы бағыттағы жұмыстарды пысықтап жатырмыз.
Жиында Шанхай ынтымақтастық ұйымы Банкаралық бірлестігінің келесі төрағасы да белгілі болды. Енді төрағалық қызмет Қытайдың даму банкіне жүктеліп отыр. Сондай-ақ кеңес барысында серіктес банктер екіжақты кездесулер өткізіп, бірқатар өзекті мәселені талқылады.
Дереккөз: 24.kz
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15
Z05T3E2
Астана
+7 (7172) 79 26 79