• kz

«ERG Green» қалдықты кәдеге жаратудың амалын тапты

Таяуда Ақтөбеге, одан әрі Хромтауға сапарлап, өңірдің экологиялық түйткілін тарқатуға қабілетті «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатындағы «ERG Green» шлам қалдықтарын байыту фабрикасының жұмысымен танысудың сәті түсті. Әсілі, хром кенін өндірумен айналысатын Дөң тау-кен байыту комбинатының аты көпшілікке мәшһүр, деп жазады Egemen.kz.


5296421092832960730.jpg


Мұндағы хром кенін ашық әдіспен өндіретін  карьерлердің бірін мысалға алатын болсақ,  тереңдігі 320 метрге таяйтын «Южный» карьерінен 1967 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін хром кені өндіріліп келеді.  Бірақ осынау алып өндірісте қордаланған  шлам қалдықтарың жиналғандығы рас. Былтыр «Eurasian Resources Group» (ERG) қоршаған ортаға экологиялық  әсерін төмендету  үшін жоғарыда айтып отырған фабриканы салды.

Фабриканы іске қосу нәтижесінде осыған дейін өндірістен шығып, қордаланып жатқан 14,5 млн тонна қалдық қайта өңделіп, кәдеге жаратылады. Жаңа кәсіпорында 400-ден аса жұмыс орны құрылған. Фабрика жыл сайын 1,7 млн тонна шлам қалдықтарын өңдеуді жоспарлап отыр. Негізгі шикізат – осыған дейін қордаланған және кен өндірісінен шығатын шлам.


5296421092832960740.jpg


Фабриканың басы-қасында жүрген мамандардың сөзінше, мұндай байыту фабрикасының әлемде теңдесі жоқ, әрі өндіріс үдерісін жүргізу технологиясы да заманауи соңғы үлгімен жабдықталған. Мұнда шлам гравитациялық тәсілмен байытылады және одан құрамында 48,5 пайызы хром оксиді бар өнім алынады. Бұған дейін әлемде хром оксидін алуда бұл әдіс қолданылып көрмепті. Фабрика бірден бірнеше екі түйткілді мәселені шешеді дейді мамандар: біріншіден, қордаланған шлам көлемін азайтып, аймақтың экологиялық ахуалын жақсартса, екіншіден, «ERG»-дің ферроқорытпа зауыттарын концентрантпен қамтамасыз етеді.


5296421092832960739.jpg


Шламдарды қайта өңдеудің арқасында 200 мың тонна жоғары көміртекті феррохром шығаруға мүмкіндік туындайды. Бұған дейінгі ақпараттарда көрсетілгендей, бұл өз кезегінде қазынаға жыл сайын 10 млрд теңге салық төлеуге де жол ашады. «ERG» директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимовтың айтуынша, басты мақсат – кәсіпорындардың экологиялық тиімділігін арттыру.

«Мамандар «Жасыл металлургия» жаһандық бағдарламасы аясында Экологиялық стратегияны әзірлеп шықты. 2030 жылға дейін 228 млрд теңге инвестиция тартуды көздеп отырмыз», дейді ол.

Жаңа технологиялық кәсіпорындар тек экология мен экономикалық тиімділікті жақсартумен ғана шектелмейді, сонымен қатар үлкен инвестицияларды да қамтиды. ERG Green жобасының құрылысы Қазақстанның Даму Банкінің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны – 97,6 млн долларды құрайды, оның ішінде 20,1 млн доллар «Қазхром» компаниясының өз қаражаты және қалған қаражатты БРК ұсынған. Фабрикада қарыз қаражаты нарықтық шарттармен берілгендігін атап өтті.


5296421092832960738.jpg


«ESG күн тәртібі біз және Даму Банкі үшін өзекті. ҚДБ – біздің ұзақ мерзімді серіктесіміз, көптеген жобаларды бірге іске асырдық, қарыздардың басым бөлігі уақытынан бұрын қайтарылып жатыр», дейді бас кен байытушы Лаура Кенжебаева.

Жыл соңына дейін «ERG Green» тағы үш бастаманы жүзеге асырмақ. Олар – қалдықтарды флотациялық байыту учаскесінің құрылысы, кенді байыту және орау фабрикасының қалдықтарын байыту және ұсақ дисперсті шикізатты брикеттеу учаскесінің құрылысы.


Шламды қалдықтарды байыту учаскесінің уақытша басшысы қызметін атқарушы Нұрлан Жанайдаровтың айтуынша, байыту үдерісі үш кезеңнен тұрады.


«Байыту үдерісі екіге бөлінеді, соның бірі – гравитациялық байыту. Ол үш кезеңнен тұрады. Біріншісі – даярлау бөлігі. Құрамындағы қажет емес тас мөлшерін алып тастап, қажетті тас мөлшері байытуға жіберіледі. Байыту үдерісі негізгі екі қондырғыда жүргізіледі. Олар – винтті бөлгіштер және концентрациялау үстелдері. Бұл – екінші кезең. Үшіншісі – тұндыру және сусыздандыру. Жылына 1,7 млн тонна шлам қалдықтарын өңдей отырып, өнімімен ферроқорытпа зауыттарын қосымша 500 мың тоннадан астам концентрат қамтамасыз ету мақсат етіледі», дейді маман.

«ERG» құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ – әлемдік деңгейдегі заманауи вертикалды интегралданған компания. Дүниежүзіндегі тау-кен-металлургия саласы бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі саналады. Жер қойнауын барлаудан бастап, пайдалы қазбаларды өндіру және байыту, жоғарғы қосымша құнмен өнім шығаратын металлургиялық өндірістен тұратын тау-кен-металлургиялық кластерінің толық циклын қалыптастырып отыр. Компания жылына 5,2 млн тонна хром кенін және 1,7 млн тонна ферроқорытпа өндіреді. «Қазхром» ТҰК» АҚ төрт құрылымдық бөлімше-филиалдарды біріктіреді: Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Қазмарганец» кен басқармасы, Ақсу және Ақтөбе ферроқорытпа зауыттары.


Біз сөз еткен Дөң тау-кен байыту комбинаты 1938 жылы Оңтүстік Кемпірсай хромит кен орнының негізінде құрылды. 1938-1977 жылдар аралығында Дөң хромит кен басқармасы болды. Бұл – дәлелденген қоры бойынша әлемдегі екінші хром кен орны. Дөң комбинатында өндірілетін және қайта өңделетін хром кенінің әлемде сапасы жағынан теңдесі жоқ. Құрамында жоғары оксидті хромы бар кендер (Cr2O3 62%-ға дейін) металлургияда ферроқорытпаларды балқыту үшін, отқа төзімді бұйым жасау үшін және химия өнеркәсібінде хром қосылыстарының өндірісі үшін қолданылады.


5296421092832960736.jpg


Дөң тау-кен байыту комбинатында өндірілетін кен Ақтөбе және Ақсу ферроқорытпа зауыттарына жеткізіледі. Негізгі өнім – хром кенін өндіру жерасты әдісімен (кәсіпорында екі шахта бар: Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы және «Молодежная» шахталары), сондай-ақ ашық әдіспен (кеніш арқылы) өндіріледі. Кен өндірудің негізгі тәсілі – жерасты әдісі.

Дөң ТКБК-ның құрамында 27 құрылымдық бөлімше бар, қызметкерлер саны 8 мыңнан асады.

Айта кетейік, «ERG» – табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу, энергетика, логистика және маркетинг салаларында толық біріктірілген, әлемдегі ең ірі әртараптандырылған компаниялардың бірі. Топтың құрылғанына биыл – 30 жыл. Бүгінде төрт құрлықта орналасқан ERG-дің кәсіпорындары өз саласы бойынша ең ірі жұмыс берушілердің бірі. Бүгінде ERG жоғарыкөміртекті феррохром құрамындағы хром үлесі бойынша Еуразия кеңістігіндегі көшбасшы әрі темір кенін жеткізуші ірі компанияға айналды. «ERG» еліміздің тау-кен, металлургия саласының үштен бірін құрайды. Сонымен қатар ERG – Орталық Азиядағы электр қуатын негізгі жеткізушілердің бірі және ірі теміржол операторы.


Дереккөз: egemen.kz
АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79