• kz

ҚДБ: «Қазфосфат» сары фосфор мен минералдық тыңайтқыштардың экспорты көлемін арттырды

Кәсіпорын шетелдік нарықтарға өнім шығару көлемін ұлғайтуға Қазақстанның Даму банкінің («Бәйтерек» холдингінің еншілесі) көмегінің арқасында қол жеткізді. Даму институты зауытқа «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде экспорттық қаржыландыру берген болатын.

«Қазақстанның даму банкі» «Қазфосфат» компаниясына бес жыл мерзімге 7 млрд теңге мөлшерінде қарыз берді. Бұл қаражат экспорттық операцияларды іске асыру үшін шикізат, материалдар және көрсетілетін қызметтер сатып алуға жұмсалды. Бүгінде кәсіпорынның өнімі шетелдік нарықтарда қызығушылық тудыруда. Негізінен қазақстандық сары фосфорды Еуроодақ елдері және алыс шет елдер сатып алады», - деп түсіндірді Қазақстан Даму банкінің Клиенттермен жұмыс жөніндегі дирекциясының аға банкирі Владимир Ли.

Өңдеу өнеркәсібіндегі ірі кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру шеңберінде «Қазфосфаттың» ЭФК-1 технологиялық жүйесін реконструкциялауға Тараз филиалынанда 5 млрд теңге көлемінде қарзы алғанын атап айту қажет. Нәтижесінде «Минералдық тыңайтқыштар» зауыты минералдық тыңайтқыштар шығару және сату көлемін жылына 140 мың тоннадан 300 мың тоннаға дейін ұлғайтты. Ағымдағы жылғы маусымда «Қазфосфат» минералдық тыңайтқыштар зауытын жаңғыртуға тағы 8 млрд теңге салу ниеті туралы мәлімдеді.

«Кәсіпорын 2020 жылға қарай аммофос беру көлемін 500 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұдан басқа, осы өнімнің жеткізілімдерін 1 млн тоннаға дейін ұлғайту мақсатында біздің кәсіпорын ағымдағы жылдың соңында минералдық тыңайтқыштар зауытында аммофостың жаңа өндірісін жобалауға кірісуді жоспарлауда», - деді «Қазфосфат» ЖШС Бас директоры Мұқаш Іскендіров.

Сонымен бірге, ағымдағы жылғы қаңтар – тамыз аралығында «Қазфосфат» аммофостың экспорттық жеткізілімдері 88 мың тоннадан асты. Қазақстандық кәсіпорынның өнімдерін АҚШ, Қытай, Ауғанстан, Ресей, Украина, Тәжікстан және Өзбекстан қажетсінеді. Өткен жылы «Қазфосфат» тыңайтқышты Аргентинаға экспорттауды бастады. Румынияның, Чехияның, Болгарияның, Иранның нарықтарын игеру бойынша жұмыс жүргізілуде.

«2018 жылдың сегіз айы ішінде 114,6 мың тонна аммофос өндірілді, бұл 2017 жылдың осындай кезеңіндегі 108,4 мың тоннамен салыстырғанда 5,7% артық», - деді кәсіпорын өкілі.

Минералдық тыңайтқыштар зауыты аммофос, кәдімгі суперфосфат, сульфоаммофос, азықтық трикальций­фосфат, техникалық күкірт қышқылын және т.б. өндірумен айналысады.

«Қазфосфат» ЖШС қызметінің негізгі түрлері геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, фосфорит рудасын өндіру және қайта өңдеу, сары фосфор мен оның туындыларын, фосфорлы минералдық тыңайтқыштар мен азықтық фосфаттар өндіру және сату, минералдық шикізаттың негізінде өнеркәсіптік өнім шығару болып табылады. Компания 1999 жылы құрылды.

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79