Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы мен экономиканың барлық салаларының цифрлық трансформациясы дәуірінде тәжірибе алмасу ШЫҰ БАБ өкілдері отырысының басты мақсатына айналды. Бұдан бөлек, конференция аясында тұрақты дамуға, жауапты қаржыландыру стандарттарын енгізуге және ESG тәуекелдерін төмендетуге арналған цифрлық шешімдерге ерекше назар аударылды.
Іс-шараға Қазақстан Даму Банкінің топ-менеджменті және «Даму» КДҚ» АҚ, «KazakhExport» ЭСК» АҚ, сондай-ақ ШЫҰ БАБ қатысушыларының даму институттарының және бірлестіктің негізгі қаржы ұйымдарының өкілдері, атап айтқанда Үнді инфрақұрылымдық қаржы компаниясы, Қытайдың Мемлекеттік даму банкі, РСК Банкі, «ВЭБ.РФ» мемлекеттік даму корпорациясы, Өзбекстан Республикасының Сыртқы экономикалық қызметінің Ұлттық Банкі, Тәжікстан Республикасының «Амонатбонк» мемлекеттік жинақ банкі, Хабиб банк лимитед, «АСБ Беларусбанк» ААҚ, Еуразиялық Даму Банкі, Моңғолия Даму Банкі қатысты.
«Тиісті экожүйесіз цифрлық экономиканы дамыту мүмкін емес. Біз өз клиенттерімізбен және серіктестерімізбен бірге осындай экожүйенің қалыптасуына негіз қалайтынымызды мақтан тұтамыз. Конференция тәжірибелік тұрғыда ШЫҰ БАБ мүшелері үшін өзара тиімді ынтымақтастық келешегін айқындағанына сенімдімін», - деп атап өтті ҚДБ Басқарма төрағасы Абай Сарқұлов.
Тараптар электрондық технологияларға негізделген өзекті әзірлемелерімен, IT стратегияларын іске асыру және бизнес-үдерістерді оңтайландыру нәтижелерімен бөлісті, сондай-ақ инновациялық цифрлық шешімдер қаржы ұйымдары мен институттарына қаржылық қызметті жүргізу үшін жағдайларын жақсартып, экономикалық өсуді ынталандыруға және бірлестікке мүше мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қалай көмектесетіні туралы айтып берді. Осылайша, ҚДБ өкілдері «Қазақстан Республикасының сыртқы саудасына шолу» талдамалық порталының әзірлемесін таныстырды, ал «ВЭБ.РФ» мемлекеттік даму корпорациясындағы әріптестер бизнеске арналған «Развивай.РФ» платформасы туралы айтып берді.
ҚДБ Басқарма төрағасының орынбасары Сандуғаш Кенжебаеваның айтуынша, компанияда тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесі жетілдірілді. Банк қызметкерлерінің біліктілік талаптары мен сыйақыларын бағалау жүйесі қайта қаралды. Оның пікірінше, трансформацияны тек сыртқы сарапшылардың күшімен жүзеге асыру мүмкін емес, оған барлық қызметкерлер, тіпті олардың серіктестері де қатысуы керек.
«Бағдарламаларды іске асыру кезінде ұйым жақтаушылар мен қарсыластарға, сондай-ақ сыртқы бақылаушыларға бөлінетін болады. Біз мұны өмір шындығы деп қабылдаймыз, өйткені әр адамның өзгерістерге бейімделу жылдамдығы жеке. Дегенмен, басты рөл - бұл өзгерістерді бастауға және команданы ынталандыруға тиісті ұйым жетекшілерінің рөлі. Табыс деген не? Бұл Құндылықтар. Стратегия. Адамдар. Процестер. Содан кейін технология. Дәл осындай реттілікте біз табысты өзгерістердің факторларын анықтаймыз», - деп қосты Сандуғаш Кенжебаева.
Цифрлық трансформация дәуірінде әлеуметтік жауапты бизнесті жүргізу конференцияның тағы бір маңызды тақырыбына айналды. Кездесуге қатысушылардың айтуынша, бүгінде жасыл инвестицияларға деген қызығушылық қарқынды өсіп, технологиялар қолжетімді бола түсуде. Нәтижесінде, 2018-2020 жылдары тұрақты дамуға салынған инвестициялар көлемі 2 жыл ішінде 15% өсімді көрсетіп, 35,3 трлн $ құрады.
«ESG тұжырымдамасына сәйкес біз 3 бағыт бойынша табысты жұмыс істейміз: біз қаржыландыратын жобалардың қоршаған ортаға әсерін бағалауды қоса алғанда, экологиялық аспектілер; «таза технологиялар» мен біздің Банкте қабылданған «Жасыл кеңсе» форматын пайдаланатын жобаларды қолдау; әлеуметтік аспектілер – біздің жобаларымыздың әлеуметтік-экономикалық әсерін бағалау және Банкте қолайлы ішкі ортаны қалыптастыру; директорлар кеңесі мен менеджмент жұмысын, тәуекелдерді басқаруды, ішкі бақылауды, қаржылық және қаржылық емес ақпаратты ашуды қоса алғанда, корпоративтік басқару. Бүгінгі таңда біз қазірдің өзінде нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз: БҰҰ жіктемесіне сәйкес, біздің қызметіміз 17 Тұрақты даму мақсатының 12-іне қол жеткізуге ықпал етеді деп айтуға болады. Сонымен қатар, климаттың өзгеруінің физикалық және транзиттік болжамды теріс салдарларын ескеретін болсақ, бізді әлі де үлкен жұмыстар күтіп тұр, сондай-ақ жауапты инвестициялаумен байланысты бірқатар мүмкіндіктер де ашылуда», - деп бөлісті ҚДБ Басқарма төрағасының кеңесшісі Асылхан Айтжанов.
Бүгінгі таңда Банк қаржыландырылатын жобаларды олардың әлеуметтік-экономикалық әсер ету деңгейі бойынша жіктеуге мүмкіндік беретін даму индексін енгізді және соны қолданып отыр, осы жылдың соңына дейін жасыл бондтардың эмиссиясын жасауды жоспарлап отыр.
ESG-күн тәртібі туралы айта отырып, «ВЭБ.РФ» мемлекеттік даму корпорациясының өкілдері өз баяндамасында осы мәселедегі ұлттық даму институттарының рөлі артып келе жатқанын атап өтті, өйткені олар болашақта энергияға көшудің ірі жобаларын қаржыландыру процесін бастауға қабілетті ресурс бола алады. Олардың айтуынша, қазір «ВЭБ.РФ» клиенттерге қойылатын ESG талаптарын әзірлеу және тұрақты дамудың қаржы құралдарын шығару сияқты бірден 9 ірі процесті іске қосады.
«Көптарапты даму ұйымдарына аса үлкен көңіл бөлінеді және ұлттық даму банктері назардан тыс қалуда. Қызмет ауқымы жағынан ұлттық даму банктері алда. 2020 жылғы есеп бойынша ұлттық даму институттары жобаларды 2,2 трлн долларға қаржыландырды, ал көпжақты ұйымдар - 300 млрд. доллар шамасында. 2019-2020 жылдары қосымша 8 жаңа ұлттық даму институты құрылды, атап айтқанда экономикасы дамыған елдерде. Біз сіздермен бір трендті ұстанудамыз. Энергетикалық көшу, климаттық күн тәртібі үлкен ресурстарды қажет етеді. Бұл ресурстарды ұлттық даму институттары арқылы тиімді бағыттауға болады», - деп атап өтті «ВЭБ.РФ» аға банкирі Сергей Сторчак.
Конференцияны қорытындылай отырып, Сергей Сторчак «Екі жылдан аз уақыт ішінде ҚДБ персоналды жалдаудан бастап клиенттерге қызмет көрсету бойынша өз бизнес процестерін сандық технологияларға ауыстыру саласында үлкен серпіліс жасады» деген әсерімен бөлісті.
Айта кетейік, Қазақстанның Даму Банкі ұйымдастырған бүгінгі конференция биыл Қазақстанда өтіп жатқан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары (премьер-Министрлер) Кеңесінің кезекті отырысы қарсаңында өтті.
«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) – 2001 жылы құрылған, Қазақстан экономикасының шикізаттық емес және инфрақұрылымдық секторларын жаңғырту және дамыту жөніндегі ұлттық даму институты. Қызметінің негізгі бағыттары: өндірістік инфрақұрылымды және өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, ел экономикасына жәрдемдесу, сыртқы және ішкі инвестицияларды тарту. (www.kdb.kz, facebook.com/kdb.kz).
ШЫҰ Банкаралық бірлестігі – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері қолдаған инвестициялық жобаларды қаржыландыру және оларға банктік қызмет көрсету тетігін ұйымдастыру мақсатында құрылған.
Мәскеу қаласында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Қытайдың мемлекеттік даму банкі» АҚ, «Даму және сыртқы экономикалық қызмет банкі (Сыртқыэкономбанк)» мемлекеттік корпорациясы (Ресей), «Амонатбонк» мемлекеттік жинақ банкі (Тәжікстан), Сыртқы экономикалық қызметтің Ұлттық Банкі (Өзбекстан) өкілдерінің 2005 жылғы 26 қазанда ШЫҰ шеңберінде Банкаралық ынтымақтастық (бірлестік) туралы келісімге қол қоюы ШЫҰ-ның қоғамдық алаңы ретінде ШЫҰ-ның Банкаралық бірлестігін қалыптастырудың негізіне айналды. 2006 жылғы 14 маусымда келісімге «РСК Банк» (Қырғызстан) қосылса, 2018 жылғы маусымда Хабиб Банк Лимитед (Пәкістан, 2015 жылдан бастап серіктес банк мәртебесіне ие болды), 2019 жылғы маусымда Үнді инфрақұрылымдық қаржы компаниясы (IIFCL) қосылды.
Еуразиялық Даму Банкі (2008 ж.), «Беларусбанк» жинақ банкі» (2012 ж.), «Моңғолияның Даму Банкі» (2016 ж.) ШЫҰ БАБ-тың серіктес банктері болып табылады.
ШЫҰ-да төрағалық ететін елде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы қарсаңында өткізілетін ШЫҰ БАБ Кеңесінің отырысы ШЫҰ БАБ-тың жоғары органы болып табылады.
«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Қоғаммен байланыс қызметі 8 (7172) 79 26 08, pressa@kdb.kz (www.kdb.kz, facebook.com/kdb.kz, Twitter@KDBkz).