• kz

ҚДБ Чехия қаржы институттарымен келісімдерге қол қойды

2023 жылғы 24 сәуірде «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚДБ, Банк) осы күндері Астанада өтіп жатқан Қазақстан-Чехия бизнес-форумына қатысу аясында Чехияның екі қаржы институтымен ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қойды.

Екіжақты кездесулердің қорытындысы бойынша Чехияның мемлекеттік экспорттық-сақтандыру компаниясы – Export Guarantee and Insurance Corporation (EGAP) ұйымымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат екі компанияның Чехия мен Қазақстан Республикасы арасындағы сауда және инвестициялық ағындарды ілгерілету жөніндегі өзара іс-қимылын күшейтуге бағытталған. ҚДБ елдер арасындағы мәмілелерде қарыз алушы немесе кепілгер ретінде әрекет етуге ниетті. EGAP сақтандыруы бойынша мәмілелердің жалпы көлемі 150 миллион еуроға дейін жетуі мүмкін.

Сонымен қатар ҚДБ Чехия экспорттық банкімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды (Česká exportní banka, a.s.). Тараптар өз бағдарламалары мен қолжетімді қаржы құралдарын ұсына отырып, екі ел, кәсіпорындар мен кәсіпкерлер арасындағы сауданы және экономикалық ынтымақтастықтың басқа да нысандарын қолдауға дайын екендіктерін білдірді.

«Чехия мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы соңғы жылдары тұрақты өсуде. ҚДБ мемлекеттік даму институты ретінде біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі оң серпінге ие болуы үшін барлық күш-жігерін жұмсайды және бұл үшін жан-жақты қолдау көрсетеді», - деп атап өтті ҚДБ Басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров.

Қазақстан-Чехия форумы екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды кеңейтуге, қазақстандық және чех кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстар мен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Іс-шараға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, ұлттық және квазимемлекеттік компаниялардың басшылары, салалық және өңірлік бизнес-қауымдастықтардың өкілдері, сондай-ақ жетекші чех компанияларының басшылары қатысуда.

Анықтама үшін:

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, Қазақстан аумағындағы ауқымды инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік объектілерді қаржыландыруға және дамытуға маманданған ұлттық даму институты. Банктің негізгі мақсаттары – мемлекеттік инвестициялық қызметтің тиімділігін жетілдіру және арттыру; өндірістік инфрақұрылымды және өңдеу өнеркәсібін дамыту; ел экономикасына сыртқы және ішкі инвестицияларды тартуға жәрдемдесу.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Қоғаммен байланыс қызметі:

Телефон: 8 (7172) 79 26 08

Сайт: www.kdb.kz

E-mail: pressa@kdb.kz

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79