• kz

ҚДБ ESG қағидаларын енгізу бойынша жол картасын бекітті

Жол картасы тұрақты даму қағидаттарын енгізу бойынша үздік халықаралық тәжірибелер негізінде Азия Даму Банкінің гранттық қолдауымен әзірленді. Құжатта ESG принциптерін енгізудің нақты қадамдары бар, мысалы, барлық белгіленген міндеттерді орындау үшін арнайы жұмыс тобын құру және ESG критерийлеріне сәйкес жобалар портфолиосын дайындау қарастырылған. Бұдан басқа, кадрлық әлеуетті нығайту үшін Банк қызметкерлерінің ESG бойынша оқыту іс-шаралары мен форумдарға қатысуы жоспарлануда.

«Қазіргі таңда компаниялар өз қызметінде тұрақты дамуға баса назар аударуда. ESG күн тәртібі – заман талабы ғана емес, ол ұзақ мерзімді перспективада компаниялар алдында жаңа мүмкіндіктер ашады», - деп түсіндірді ҚДБ Басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров.

Айта кетейік, климатқа байланысты қаржылық ақпаратты ашу жөніндегі жұмыс тобының (немесе TCFD) ұсынымдарына сәйкес Банк арнайы есептілік дайындайтын болады. Бұл барлық мүдделі тараптар үшін ҚДБ ашықтығын одан әрі арттырады.

Қазіргі уақытта Банк «жасыл» қаржыландыру, гендерлік теңдік пен инклюзивтілікті ілгерілету арқылы тұрақты даму қағидаттарына ерекше назар аударады.

Мәселен, 29 наурызда Қазақстан қор биржасында (KASE) Қазақстан Даму Банкінің «жасыл» облигацияларының бірінші шығарылымын орналастыру бойынша сауда-саттық өтті. Орналастыру көлемі 10 млрд теңгені құрады және тартылған қаражат KEGOC компаниясының «жасыл» облигацияларын сатып алуға бағытталды. Олар өз кезегінде Қазақстанның бірыңғай энергожүйесін жаңғырту үшін пайдаланылады.

Банк тоғыз ЖЭК жобасын қаржыландыру арқылы жаңартылатын энергетика секторын дамытуға елеулі үлес қосты. Сонымен қатар 2019 жылы Банк тұрақты даму саясатын бекітті. Осы саясатқа сәйкес ҚДБ қоршаған ортаға ұқыпты және ұтымды қарау қағидаттарын ұстанады. Банк қоршаған ортаны қорғау және қаржыландырылатын жобалардың әлеуметтік ықпалы саласында озық халықаралық тәжірибелерді қолдануға ынталануда.

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79